ГЕОЛОГИЯҒА АРНАЛҒАН ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

Эдгард Славомирович Воцалевский. Бұл есім атыраулықтарға ғана емес, барша қазақстандықтарға да етене таныс. Өйткені, оның сексен жылға жуық ғұмырының саналы бөлшегі осында өтті. Ол Ресей Федерациясының Грозный қаласындағы мұнай институтын бітіргеннен кейін геолог дипломымен Қазақстанға келді.

Еңбек жолын еліміздің батыс өңіріндегі мұнай кен алаңдарын игеру жұмыстарынан бастады. Өзен, Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Жаңажол, Қарашығанақ, Кеңқияқ, Кенбай, Забурын, Имашев және басқа көптеген «қара алтынды» кен алаңдарын ашуға қатысты. Көптеген жауапты да лауазымды қызметтерді атқарды. Ғылыммен шұғылданып, жоғары оқу орындарында ұстаздық етті. Ондаған ғылыми еңбектердің авторы. Тұтастай алғанда, еліміздің геологиялық барлау саласының өркендеп, дамуына өлшеусіз үлесін қосты. Сол үшін де КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанып, өзге де жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Геология-минералогия ғылымдарының докторы. Жоталы жетпісінің төріне озып, сеңгірлі сексеніне аяқ басар тұста дүниеден өтті. Әрине, мұндай тамаша адамның, өресі биік, тұлғасы асқақ біртуар азамат есімінің елінің есінде сақталуы заңды құбылыс.

1935 жылғы қараша айының 21-інде дүниеге келген ол ортамызда болса бүгіндері 80 жасқа толар еді. Осыған орай, Атырау қаласындағы «Ренессанс» қонақ үйінде еске алу кеші өткізілді. Оған Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев қатысты. «Геологияға арналған ғибратты ғұмыр» атты тағылымды шараны ұйымдастырушы «Мұнайшы-геологтардың қазақстандық қоғамы» қоғамдық қорының президенті Балтабек Қуандықов кіріспе сөзбен ашып, әріптесі хақында әсерлі әңгімеледі.

Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Ислямұлы өткізіліп отырған шараға байланысты аймақ басшысының жылы лебізін жеткізіп, оның атынан жазылған Тілек-хатты отбасына табыстады. Сонсоң, алыс-жақыннан жиылған кеш қонақтарына қош келдіңізін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын арнады. Лебіз білдірушілер легін белгілі геологпен студенттік жастық шақты бірге өткізген, әр жылдары қызметтес, отбасы, ортасымен аралас-құралас болған дос-жолдастары, әріптестері, ізбасарлары жалғастырды. Барлығы да жадыларында сақталып қалған тартымды, сырлы әңгімелермен өрілген естеліктерімен бөлісті.

Бір ауық ғалым-геологтың өмір, еңбек жылнамаларынан сыр шертетін бейнефильм көрсетіліп, кеш тақырыбымен үндес жарық көрген ғұмырбаяндық естелік-кітаптың таныстырылымы болып, тұсауы кесілді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз