Геннадий ГОЛОВКИН: «Біз жоғары деңгейге жеттік»

 Атырауға келген орта салмақтағы WBA, IBO, WBS және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, аты аңызға айналған босшы Геннадий Головкинды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылдады. Әйгілі боксшы Атырауға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының арнайы шақыртуымен келген. Кездесу барысында облыс басшысы спортшыға «қош келдіңізін» білдіріп, оның жетістіктеріне көптен бері тәнті болып жүргенін жеткізді.

– Сенің жекпе-жектерің тәуліктің қай уақытында да өтсе де қалдырмай тамашалаймын. Сенің жеңістерің қазақстандық спорттың үлкен жетістіктері, сондықтан, аға ұрпақ Геннадий Головкинды мақтан тұтса, кішкентай өрендеріміз сендей болуға ұмтылады. Сенің жетістіктерің — алдына мақсат қоя білген жан үшін алынбайтын қамал жоқ екендігінің нақты айғағы. Сен Қазақстан Туын аспандатып, үстіне шапан киіп, ринг төріне шыққанда — миллиондаған қазақстандықтардың жүрегін мақтаныш сезімі кернейді. Ақпарат құралдарын қарап отырсам, сенің ендігі қарсыласың кіші Крис Юбенк белбеулеріңді иелену үшін барын салатынын жазған екен. Бірақ, біз Геннадий Головкин оған кімнің кім екенін рингте айқын көрсететініне сенеміз, – деді облыс әкімі. Ал, кәсіби спортшы өз тарапынан қазақстандық бокс мектебінің дамуына барын салатынын жеткізіп, атыраулықтардың қонақжайлылығына ерекше алғысын білдірді. – Кішкентай кезімде американдық боксшылар Мұхаммед Әли, Майк Тайсон сынды біртуар спортшылардың жекпе-жектерін көргенде , олардың жетістіктерін қайталау мүмкін емес деп ойлайтынмын, – деп мойындады ол. – Енді бұл деңгейге біз де жетіп, шеберлікті өскелең ұрпақтың бойына дарытпақпыз. Әсіресе, балалар боксы үшін көрсетіп жатқан қолдауларыңыз үшін рахмет. Мен мұндай серпілісті көріп, қуанып тұрмын.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз