Газет оқырманымен ғана ғұмырлы

ГАЗЕТ ОҚЫРМАНЫМЕН ҒАНА ҒҰМЫРЛЫ 2 "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

«Атырау» басылымының Жылыой ауданындағы күндерінен

Жуырда облыста бір отбасы иіс тиіп, газдан уланып қалды. Ол туралы ақпарат құралдарының барлығы жарыса жазды. Ал, «Оқиғаның себебі неде, оны қайталамаудың амалы қайсы?» деген сауалдарға «Атырау» ғана жауап берді. «Жедел сөз» айдарының ауқымында жергілікті төтенше жағдайлар департаменті  басшысының түсініктемесі  жарияланды. Облыстың байырғы басылымының өзгелерден өзгешелігі де осында – хабарды шынайы, толыққанды жеткізуінде.

Бейсенбі күні Жылыой ауданындағы оқырмандармен кездесуде газет жұмысындағы осындай мысалдар көптеп айтылды.

%d0%b3%d0%b0%d0%b7%d0%b5%d1%82-%d0%be%d2%9b%d1%8b%d1%80%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d2%93%d0%b0%d0%bd%d0%b0-%d2%93%d2%b1%d0%bc%d1%8b%d1%80%d0%bb%d1%8b-2

Еркін пікір алмасу. Ашық-жарқын кездесу

«Атырау» газетінің Жылыой ауданындағы күні аудан әкімі Мақсым Ізбасовтың қабылдауынан басталды. Ол «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалының ғимаратындағы басқосуға ұласты. Еркін пікір алмасу, ашық-жарқын жағдайда өткен жүздесуді аудан басшысы өзі ашып, жүргізіп отырды. Шараға мемлекеттік мекемелердің басшылары, округ әкімдері, аудан тұрғындары, газет жанашырлары қатынасты.

– Жылыой – облыстың ғана емес, республика экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған аудан. Мұнда еліміздегі мұнайдың – 38, газдың 33 пайызы өндіріледі. Аймақта ірі компаниялар қызмет жасауда. Өңірдің халқы да жыл санап өсіп келеді. Осындай зор мүмкіндікке ие ауданның тыныс-тіршілігі, бүгінгі өмірі ақпарат құралдарында кеңінен көрінгені маңызды.

«Атырау» – елдің газеті. Оның өкілдері әр ауданда оқырмандарымен кездесіп, жұртшылықтың пікірін тыңдауды мақсат етіпті. Қоғамдық, елдік мәселелер, түйінді тұстар, осының бәрін ортаға салмақ ниеті бар, – деген Жылыой ауданының әкімі қоғамдағы баспасөздің рөліне айрықша  тоқталды.

– Газет – қашан да оқырманымен ғұмырлы. Оқырманы жоқ басылым – қанаты жоқ құспен тең. Осы тұрғыдан келгенде «Атырау» халықтың арасына барып, олардың ой-пікірлерін тыңдауды жөн көреді. Қандай мәселе қамтылмауда, нендей тұсқа маңыз беру қажет, осындай сұрақтарға бірлесіп жауап іздеуді қалаймыз. Қазір күнкөріс мәселесі алға шыққан, басылымның бағасы қалтаға салмақ түсірген кезең. Соған қарамастан, оқырман өзінің «Атырауынан» қол үзбейді деген үміттеміз. Ғасырға жуық тарихы бар басылым өз өмірінде қиын шақтарды бастан өткерді. Алайда, ел басына күн туған кезеңде де, тапшылық кеудеден қысып, қара сабынға зар болған уақытта да халық сүйікті газетінен айныған жоқ, –  деді облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы Исатай Балмағамбетов.

%d0%b3%d0%b0%d0%b7%d0%b5%d1%82-%d0%be%d2%9b%d1%8b%d1%80%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d2%93%d0%b0%d0%bd%d0%b0-%d2%93%d2%b1%d0%bc%d1%8b%d1%80%d0%bb%d1%8b-3

Тегін заңдық кеңес беріледі

Басылымның құқық қорғау және экология бөлімінің меңгерушісі Азамат Базарбаев ақпарат беру көзі көбейген кезеңдегі «Атыраудың» ерекшелігіне тоқталды.

– Қазір газетте жаңа айдарлар ашылып, тың бастамалар қолға алынуда. Газет ішінде газет секілді қосымшалар көбейді. Соның бірі – «Әділет әлемі» қосымшасы. Қазір телеарнаны қоссаңыз, оқыс оқиғалар, қайғылы жағдайлар үздіксіз көрсетіліп жатады. Көрерменге ол да керек шығар, алайда, оның өскелең ұрпаққа кері әсері бар деп ойлаймын. Журналистер өмірдің көлеңкелі жағымен қатар, күнгей тұсын да жазғаны дұрыс. Осы тұрғыдан келгенде, «Әділет әлемі» халыққа құқық жағынан көмек көрсетуге, жаңа заңдарды түсіндіруге, қоғамда жиі кездесетін келеңсіздіктерден сақтандыруға бағыт ұстауда. «Заңгер бұрышы» айдарында тұрғындарға тәжірибелі заңгер Рысты Қалиева кеңес береді. Соған байланысты редакцияға хабарласушылардың қатары көп болып тұр. Сонымен бірге, облыстың құқық қорғау органдарының басшыларымен тұрақты түрде сұхбат ұйымдастырылуда.  Оның ерекшелігі, оқырмандарды толғандырған мәселе, арыз-шағым, түрлі сауалдар құзырлы орган жетекшілерінің назарына ұсынылады, тиісті жауаптар алынады, – деді ол.

– Қазақы қанды, қазақы жанды басылымдардың қайсысы да өзінің оқырмандарымен мықты. 90-шы жылдары ел қиналып қалған кезде де жұртшылық өзінің сүйікті газеттерін алдырып тұрды. Осыған орай «Ана тілін» мысал ретінде айтуға болады. Оның ел мүддесін, тіл тағдырын орынды қозғауының әсері шығар, басылымға жазылушылардың қатары республиканың басты басылымдарының өзінен асып кетті. Бұл оқырман көкейіндегісін дөп басқандығының көрінісі. Облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттері өздеріне артылған міндетті қоғамның қай кезеңінде де абыроймен атқарып келеді деп білемін, – деді облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Қаршыға Көшеков.

 

Бала үшін ата-анасы мамандық таңдайды

 Кездесуде оқырмандар өз ойларын еркін білдіруіне мүмкіндік алды. Облыстық телеарнада Жылыой ауданының тыныс-тіршілігі көбірек көрсетілмейтіндігі де айтылды.

– Облыстың байырғы басылымына жақсы-жақсы мақалалар шығады, оны бас алмай оқимыз. Қазіргі күні газетте үлкен өзгерістер болып жатыр. Осы бағыттағы айтатын ұсынысым, қойнауы құтты өңіріміз туралы көбірек хабар, материалдар берілсе, – деді Жаңа Қаратон ауылындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразбай Молдашев.

Жылыой аудандық мәслихатының хатшысы Мұхтар Кенғанов «Атырау» газетін ұзақ жылдардан бері жанына серік етіп келеді екен. Ол кісінің спорт тақырыбында, оның ішінде футбол туралы айтқан пікірлері де атап айтарлық.

– Мамандық таңдауда бүгінгі жастар қиналып қалып жатады. Олар мектеп бітіргенде қай саланың өкілі болатынын білмейді. Осы себептен, ұрпағы үшін ата-анасы шешіп қоятын сәт өмірде жиі кездеседі. Газетте аталған мәселеге байланысты «Кім боламын?» деген айдар ашылса деймін. Қазір қоғамда, жасыратыны жоқ, заңгер, экономист мамандықтары бойынша оқығандар көбейіп кетті. Керісінше, автоэлектрик, геодезист, жүк тиеу техникасын жүргізуші, құрылысшыларды таба алмайсыз, оған деген сұраныс өте жоғары. Өзі қаламаған салаға оқытқанша, әке-шеше баланың қабілет-қарымына сай кәсіпке баулығаны әлдеқайда дұрыс болады. Біз осы жағынан кемшін түсіп жатырмыз. Сонымен қатар, басылымда «Депутат айдарының» қайтадан ашылғанын қалаймыз, – деді мәслихат хатшысы.

«Нұр Отан» партиясының Жылыой аудандық  филиалы төрағасының  бірінші орынбасары Үмбетқали Жақашев басылымның экологиялық проблемаларды көтеруін ұсынды. «Бүгінгі күннің» мәселесін жазудай-ақ жазып жатырсыздар. Дұрыс, оқып отырамыз. Енді осы тақырыпты назарларыңыздан түсірмесеңіздер деген тілегім бар» деді ол.

Ардагер аға Меңдібай Хайруллин ұзақ жыл теміржол саласында еңбек етіпті.

–  Теміржол торабында ірілі-ұсақты бес-алты мекеме бар. Олардың арасында Құлсары стансасы, байланыс жүйесі, вагондарды жөндейтін орын, тағы басқа құрылымдар жұмыс жасайды. Жергілікті жерде еңбек етсе де олардың басшылары баспасөзге селқос  қарайды деп ойлаймын. Аудандық, облыстық газеттерге жазылмайды. Әрине, ол әркімнің өз шаруасы ғой, дегенмен, елдің сөзін сөйлейтін, мүддесін көздейтін басылымдарды алдырмау дұрыс емес. Өзім «Атыраудың» ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырманымын. Мұнда жарияланған хабар, мақалаларды ой сүзгісінен өткізіп, талқылап отырамын. Осы туындыларды оқи отырып, адамның ой-өрісі кеңейеді, жан сарайы ашылады.

Жалпы, облыстық газеттің бетінде іргелі өзгерістер көп. Жаңа айдарлар ашылуда. Жылыой ауданы туралы материалдарды алдымен іздейміз. Түсіне білген адамға баспасөздің қоғамда ерекше орны бар. Оны кезінде біз қосымша көмекші құрал ретінде пайдаланатын едік. Қазір Елбасының Жолдауын көпшілік арасында насихаттау кезінде, мекеме-кәсіпорын ұжымдармен кездесулерде осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?!

Газет ұжымына да айтар пікірім бар. Бұрынғы заманда басылымда өткір-өткір сындар шығатын. Ол жебе секілді кемшілікті түйреп, олқылықтарды осып түсетін. Ұсынысым – осы мәселе  қайтадан қолға алынса, – деді ардагер.

 

Тың ұсыныс қолдау тапты

Жергілікті ақын, зейнеткер Сабыр Домбаевтың ұсынысы көпшілікке қызықты көрінді.

– «Қазіргі балалар газет оқымайды» деп жатамыз, бұл қате пікір секілді. Оны күнделікті өмірден байқадым. Бірінде «Атырау» газетін үйдегі кішкентай балалардың аттарына жазғанмын. Сондағы олардың поштаға барып, «менің газетім, мен оқимын, мен оқимын» деп шулағанын көрсеңіз. Өзім осы көріністі бағдарлай отырып, қайран қалғаным бар. Айтайын дегенім, газетке жазылғанда ересектер өзіне емес, балаларының атына жазылуы керек екен. Бұл кейінгі ұрпақтың баспасөзге деген ынта-ықыласын оятуға да себепші болады, – деген ардагер аға соңғы кездері «Атырауда» жариялана бастаған Қойшығұл Жылқышиевтің аудармаларын ерекше атап айтты.

Ал, Жылыой ауданы орталығында орналасқан, мұнайшы мамандар даярлайтын  колледждің директоры Марат Ибраев ақылы материалдың жайын қозғады. «Редакцияға колледжіміздің қызметіне қатысты мақала берсем, ол ақылы екен. Мұны  білім ордасының жағдайы көтермейді. Шәкірт тәрбиелеп отырған оқу орындарына көмек жасалмай ма?» деді.

– Өзге облыстардың газеттері – 8, әрі кеткенде 16 беттен шығып отыр. Ал, «Атырау» аптасына екі рет басылғанымен, оның бетінің көлемі аптасына 48-ді құрайды, – деп жауап берді газеттің Бас редакторы Исатай Балмағамбетов. – Бүгінде ағымдағы мәселелер ғана емес, әдеби-танымдық материалдарға газет бетінде  кеңінен орын берілуде.

Сонымен қатар, басшы басылымдағы «Атыраудан түлеген ақиықтар» деген жаңа айдар туралы түсінік берді. Мәселен, әлемге әйгілі режиссер Тимур Бекмағамбетовтің Атыраудың тумасы екендігін екінің бірі білмейді. Алматы, Астанада тұратын өзіміздің белгілі жерлестеріміз, атақты адамдар туралы да осыны айтуға болады. «Газетте сын мақалалар да шығады. Мысалы, «Жедел жәрдемдегі бір күн» деген туынды көпшілік арасында кеңінен талқылануда. Материал  облыстық денсаулық сақтау департаментіне жолданды» деген Бас редактор ақылы мақалалар жөнінде баяндады. Жеке адам, кәсіпорын-мекемелерді дәріптеген, жарнамалық сипаты бар материалдар бұл санатқа жатады. Алайда, білім ошақтарының тәрбиелік маңызы бар шаралары, тың бастамалары хақындағы материалдарға ешқандай ақы сұралмайтындығы айтылды.

 

Жастар неге газет оқымайды?

Аудан тұрғыны Мүбарак Бектенбаевтың ұсыныс-пікірі елең еткізерлік.

– Қазір ұрпақ ауысып жатырған кезең. Біздің қатарларымыз, ересектер жағы басылымды тұрақты түрде жаздырып аламыз, ал, бүгінгі жастар газет оқи бермейді. Оның себебі неде? Осы сауал бәрімізді ойландырса керек. Бұрын жас буын туралы мақалалар жиі басылатын, олардың әдебиетке құштарлығы, өлеңдері, хабарлары көбірек берілетін. Қазір осы үрдісті жоғалтып алған секілдіміз. Айтпағым, жастар жөнінде көбірек жазсаңыздар. Ол үшін мектептермен байланысты күшейту қажет. Кішкене кезінен басылымға жақын болған ұрпақ ертең одан байланысын үзбейді. Жұртшылық арасында жүргенде осындай жағдайларды байқаймыз, – деді ол.

Аудан әкімі Мақсым Ізбасов баспасөздің қоғамдағы орны жөніндегі пікірін «газет оқырманын көбейту үшін оның  сұранысын зерттеу қажет» деп бастады.

– Мәселенің бірі – пәтер иелерінің кооперативі. Қазір Құлсарыда көп қабатты үйлер тұр. Оны жөндейік десек, тұрғындар бірігіп, аталған құрылымды құра алмауда. Қала әкімінің үйді жөндеуге құқығы жоқ, себебі ол жекеменшік иелікте. Кейбіреулер бұрынғы кездегідей «қонысжайларды мемлекет жөндеп береді» деп ойлайтын секілді. Ал, қазіргі қоғам басқа ғой. Соңғы кездері бір үйдің екінші-үшінші қабатында тұратындар төбесіндегі шатырды жөндеу туралы айтқанда, «маған қатысты емес» дейтін жағдай жиі кездеседі немесе жоғарыға жылу жібергісі келмейді. Осы жөн бе?

Басылым маңыз беретін келесі мәселе – кәсіпкерлік жайы. Бұл – болашағы зор сала. Өркениетті елдер оны дамытып, елеулі жетістіктерге жетіп отыр. Біздің мемлекет шағын және орта бизнестің дамуына үлкен қолдау көрсетуде. Соған орай бір мысал, өзбек елінде тұрған адам жуырда мынадай пікір айтты, бұл республикада «кәсіп ашамын» дегендерге ешқандай қамқорлық көрсетілмейді екен. Әркім өз күнін өзі көреді. Біздегі жағдай өзгеше. Арнайы бағдарламалар жасалып, айтарлықтай қаражат бөлініп, барлық мүмкіндік қарастырылуда. Тек жұмыс жасау ғана қалды. Жылыой ауданының орталығының өзінде кәсіпкерлер үйі бар. Мұнда қажетті жағдай ойластырылған, жан-жақты көмек көрсетіледі. Оны неге пайдаланбасқа?!  Газеттердің жұртшылық арасында социологиялық зерттеу, талдаулар жүргізгені де артық етпейді. Сонда олар «жергілікті халықты не толғандырады, қандай мәселелерге маңыз беру қажет?» деген сауалдарға жауап табар еді, – деді аудан әкімі Мақсым Шафихұлы.

Көңілден шыққан сыр-сұхбат

Мұнайшы зейнеткер Мұстахима Малашқызы «Атыраудың» соңғы нөмірлерінің бірінде жарияланған Әбіш аға туралы мақаланы тіліне тиек етті. «Біз Әбішті білеміз деп ойлаушы едік, білмейтініміз көп екен.                                                                                                                                        Ол кісінің зайыбымен ұйымдастырылған сұхбат өте сәтті шыққан деп ойлаймын» деді ол.

Ал, «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Айкен Аманшина басылымда мектепке дейінгі мекемелердің қызметі, тәрбие тақырыбындағы мақалалардың жиі жарияланып тұруын қалайтындығына тоқталды. «Тәрбиелік маңызы зор шараларды ұдайы ұйымдастырып тұрамыз. Соларға газет бетінде орын берілгені жөн болар еді» деді балабақша меңгерушісі.

Басқосуда құттықтау, еске алу, кәдеге шақырулардың қайтадан беріле бастағаны жөнінде де әңгіме болды. Соған орай Бас редактор Исатай Құндызбайұлы түсінік берді.

– Халықтың сұранысына байланысты бұл хабарландыруларды жариялай бастадық. Алайда, бір қызығы, тек қана Жылыой ауданынан осы мәселеге орай арыз-шағымдар түседі. Орталыққа дейін шығып, «Мемлекеттік газетке мұндай жазбаны беру дұрыс емес» деп шағымданады. Ол арыздың артында өз мүддесін көздеген кейбір жеке басылымдар өкілдері  тұрғанын біліп отырмыз. Ақиқатында, «Атырау» – қоғамдық-саяси газет, оқырманның төл басылымы. Оның жұртшылықтың бір қажетіне жараса, несі айып?! Мұның үстіне біз еске алу, шақыруларды бергенде көлемін шектеп, шағын дау етіп қана оқырман назарына ұсынып отырмыз, – деді ол.

«Атырау» газетінің Жылыой ауданындағы күнінде оқырмандардан өзге де құнды пікір, ұсыныс-тілектер айтылды. Оның бәрі алдағы күндері газет жұмысында міндетті түрде ескерілетін болады.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз