Ғалым Шахман Нағымов бас қаланың атауының өзгеруіне байланысты пікірін айтты

astana 1 Жаңалықтар

Atr.kz/23 наурыз, 2019 жыл. Белгілі ғалым, бірнеше ғылыми еңбектердің авторы Шахман Нағымов Елорданың атауын өзгерту туралы Президент Жарлығына өз пікірін білдірді.

«Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елі үшін жасаған игі істерінің барлығына бүкіл халық куә. Ізгі де игі, өршіл де өміршең жобалар жүзеге асты. Халық үшін жасалған қызметтердің қай-қайсысы да Елбасының ерік-жігерін, шынайы отансүйгіштігін, даналығы мен кемелдігін танытты.

Бір ғана 1995 жылғы Конституцияны қабылдау жағдайын алайық. Бұл кезде елдің әлеуметтік, экономикалық ахуалы қиын болған еді. Осындай күрделі кезеңде Конституцияны қабылдау жұмысына өзім де тікелей араластым. Сол кездегі күрделі ахуал көз алдымызда өзгерді, жақсарды. Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу процесіне тікелей қатысқан адам ретінде Елбасының еңбегін оң бағалаймын. Тұңғыш Президент – бірлікті бәрінен жоғары қойған қазақ елдіндегі тыныштық пен татулықтың тұрақты кепілі. Қысылтаяң шақта да, қиын жағдайларда да батыл шешім қабылдады. Өз кезегінде олардың барлығы да өзін-өзі ақтап, еліміздің өркендеуіне соны серпін берді. Нұрсұлтан Назарбаев өз күш-қуаты мен мүмкіндігін пайдалана отырып, алға қойған мақсатты жоспарларды жүзеге асырды.

NagimanovSh
Шахман Нағымов

Ата-бабаларымыздан мұра болған бейбітшілік пен келісімді сақтай білді. Ол – тарихта қалатын тұлға. Ол – халықтар бірлігі мен берекесінің, ұлттар татулығының, ел тыныштығының кепілі болар тұлға. Қазақ халқы ұшін парқы биік бұл құндылықтар – Елбасы жүргізген сарабдал саясаттың жемісі. Ол – тәуелсіздіктің таңсәрі шағынан бастап, бүгінгі күні кемел елге айналған Қазақ мемлекетінің көш басында, құзар шыңында тұрған дара тұлға. Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігі жолында талай қиындықтарды бастан кешірсе де, елдің сағын сындырмай, ертеңгі жарқын күнге үміттендіріп қана қоймай, көздерін жеткізді. Тыныш та бейбіт өмірдің кепілі бола білді. Ел экономикасы мен әлеуетін көтеруде Елбасы барлық күш-қайратын сарп етті. Бүгінде әлемдік деңгейде айтарлықтай жетістіктерге жетіп, ғаламдық дағдарыстарға мойымаған Қазақстан биік белестерді бағындырып, еңселі елге айналды. Кешегі КСРО тарап, құлдырау кезеңі бастау алған шақта, жас мемлекеттің тізгінін тайсалмастан мығым ұстап, тұралаған экономика, тоқтаған даму тенденциясын бүгінгідей биікке көтеру – Нұрсұлтан Назарбаевтың жанқиярлық күресінің жемісі. Бүгінгі жас буынның тыныш та бейбіт аспан аясында білім алып, қалаған мамандыққа қол жеткізу мақсатын көздеген Елбасы еңбегі еш кетпеді. Әрине, уақыт талабы, заман талабына болары хақ. Біз оны терең түсінеміз. Сол себепті лауазымынан өз еркімен бас тартуы да оның өте ақылды әрі сұңғыла саясаткер екенін тағы бір мәрте паш етті.

Ұлт Көшбасшысы әлі де атынан түспейтіні, қазақ елімен бірге екендігі, Тәуелсіз қазақ елін тұғырлы ету жолында бұрынғысынан да жігерлі еңбек ете беретіндігі – көңілдерге медеу. Еселі еңбектің қайтарымы болуы тиіс. Елорда атауын Елбасы атымен атау бүкіл қазақ халқының алғысы болмақ. Ал, әр облыс орталықтарының көшелеріне Тұңғыш Президент есімін беру – ұрпақтар сабақтастығын сақтап, біртұтас ұлтымыздың адал перзентіне деген ерекше құрметіміздің шынайы белгісі болмақ» деді спикер.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз