ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЕРЛІК

Жайықтың мұзы жартылай сетінеп, қаһарлы қыстың көктемге «кезегін беруге» асықпай тұрған өліара шағы еді. Көктемнің суық желі онсыз да қары-бойыңды әбден билеп алған сәтте, суға түсу былай тұрсын, тұла бойыңның қалшылдап сала беруіне өзеннің жанында аз ғана аялдаудың өзі жетіп жататын. Иін тірескен халық қала мен ауылды байланыстырып тұрған жалғыз көлік – паромға келіп жиналып жатты. Адаммен бірге, жүк көлігін қоса тиеген паром енді қозғала берген кезде бір әйелдің жанұшыра айғайлаған дауысы шықты. «Адам суға құлады!» деп жатты жолаушылар. Көзді ашып-жұмғанша, орта жастағы жігіт ағасы суға қойып кетті. «Не болар екен?» деп іштен тынған халықтың көзі асау ағыспен арпалысқан адамда... Осыдан он бес жыл бұрын болған бұл оқиғаны индерліктер әлі күнге аңыз қылып айтып жүр.

Сын сағатта

Әйдік-әйдік мұз cынықтарының өзен бетінде қалықтап, жынданған бураша жөңкілген сеңнің жануарлардың серейіп қатқан денесін қатты екпінмен жағаға лақтырып, асау ағыстың тұңғиыққа тартып бара жатқанына қарамастан, суға кеткен адамды құтқаруға жан-дәрмен ұмтылған Индер ауылының қарапайым ғана тұрғыны Талғат Молдашев еді. Құдай сақтап, абайсызда суға түсіп кеткен балаң жігіт аман қалыпты. Оқиғаның анық-қанығын білу үшін біз кейіпкерімізді Индерге арнайы іздеп бардық.

Шаруамызды естіген жігіт ағасы алғашқыда аздап қобалжып қалды. «Жолдың тайғақтығына, қыстың суықтығына қарамай, жолға шығып жүрген сіздер де жүрек жұтқан екенсіздер» деп күліп алған кейіпкерімізден болған оқиға жайында сұрай бастадық.

«Ол кезде мен «Тадини» деп аталатын итальяндық фирмада көлік жүргізуші болып жұмыс істейтінмін. Паром арқылы екі ортаға су тасып жүрдім. «КамАЗ» көлігімен соңғы паромға әрең үлгеріп жеткенім сол еді, қатты екпінмен қозғалған кезде болса керек, шетте тұрған жас жігіт суға құлап кетіпті. Мен ол кезде көліктің ішінде отырған едім, жанұшыра айғайлаған әйелдің, «обал болды-ау» деп абыр-сабыр болған адамдардың дауысынан көлігімнен секіріп түстім. Ол кезде паромның капитаны Тастан деген азамат еді. Не істерін білмей, сасқалақтап тұр екен. Арнайы құтқару формасы сыймаған соң, құтқару дөңгелегін алып, суға қойып кеттім.

Ағыстың қаттылығы өз алдына, көктем кезінде су адамды алға жылжытпай, кері итере береді екен. Жүзе алмай келемін. Оның үстіне сең жүріп жатқан кез, балаға жете алмай біраз жүздім. Бала көз алдымда алысқа ұзап бара жатты. Айналаңнан мұз қыспаққа алып жатқанда, әлгі құтқару дөңгелегімен суда жүзу де оңай емес екен. Осылай жандәрменмен жүзіп келе жатқанымда, бала да суға батты, мен де оған жетіп үлгердім. Аталарым «суға кетіп бара жатқан адамның шашынан тарту керек» дегенді жиі айтып отырушы еді, мен де жалма-жан баланың шашына жабыстым. Сөйтіп, оны әлгі дөңгелекке салып алып, енді жағаға жете алсамшы. Өзеннің екпінімен жағаға жете алмай, бір шақырымдай тағы ұзап кеттік. Қазір ойлаймын, өзеннің Самар бетіне баланы ептіліктің арқасында ғана аман алып шыққан сияқтымын. Қазақ «көретін жарығы бар екен» деп жатады ғой, ол балаға Алла екінші өмір сыйлады» – дейді Талғат Молдашев.

«Адамдығың қайсы?»

Одан кейінгісі белгілі. Дәрігерлер, құтқарушылар келіп, суға кете жаздаған жігітке табан астында алғашқы ем-дом көрсетеді. «Қайта қазір Жайық өзенінің үстінен көпір салынып, көзіміз ашылды ғой. Күніміз паромға қарап тұрған кезде жағдай өте қиын еді. Кім бірінші келіп, паромға тұмсығын тықса, соған ғана орын табылатын. Паром қозғалып бара жатқан уақытта мініп үлгереміз деп, секіріп, суға кеткендер де болды. Көбіне жастар жағы құрбан болып жатты. Ал, дауылды күндері тіптен қиын еді. Ондайда паром жүрмей қоятын. Орнына қайық шығады. Ал, шаруаң бітпей, ауылға түнделетіп келетін болсаң, көлікті өзеннің жағасына қалдырып, қайық шақыртып, соған мініп кететінбіз. Жайық өзенінен өлген сиырмен қоса адам денесі шығып жатқан талай оқиғалардың куәсі болдық. Сол күндер қазір ертегідей көрінгенімен, мұның барлығы халықтың басынан өткен қиын заман еді ғой» деді кейіпкеріміз.

Төбе құйқаңды шымырлатарлық картина туралы көңілсіз әңгіме ауанын бұруға тырысқан біз «Баланы құтқарамын деп жүріп, өзіңіздің де суға кетуіңіз мүмкін еді ғой» деп қалдық. Мұнымызға кейіпкер күле жауап берді. «Ондайда өзің туралы ойлап жататын да уақыт болмайды ғой. Иә, менің де балаларым, жолдасым бар. Отбасымды мен де ойлаймын. Бірақ, мынадай қиын жағдайда бір-бірімізге көмектеспесек, біздің адамшылығымыз қайсы?» дейді ол.

Бір қызығы, сол оқиғадан кейін кейіпкеріміз өзі құтқарған жігітті бірде-бір рет көрмепті. «Бірақ, үйленді, отбасын құрды деп естимін. Анасы Гүлнәр Мусина қайта-қайта алғысын жаудырумен жүреді. Сол оқиғадан кейін аудандық «Дендер» газетінде бірнеше қайтара мақалалар басылды, суретім қоса шығып отырды. Шыны керек, кәдімгідей ыңғайсызданатын болдым. Менің орнымда кез-келген қазақ солай істейтін еді. Абайдың өзі «біріңді, қазақ, біріңді дос көрмесең, істің бәрі бос» демей ме? Сондықтан, өзімді айтарлықтай ерлік жасадым деп ойламаймын» дейді кейіпкеріміз.

Батыр тұлғалы жігіт ағасы сөйлеп тұрған, ақжарқын азамат екен. Шағын ғана кәсібін дөңгелентіп отырған ол кейде Алматыдан, кейде көршілес Ресейден кеңсе тауарларын әкеліп сатады. «Қыркүйек айларында халық Талғаттың дүкеніне қарай ағылады. Біреулер «сезон» деп заттарын удай қылып қойса, Талғат керісінше, тауарлардың бағасын кәдімгідей түсіріп сатады. Ауыл адамдарының арасында жағдайы төмен отбасылары бар ғой. Кейде солардың балаларына оқу құралдарын тегін таратып беріп жатады. Біреуге болсын дейтін, бір ізгі ниетті адам» дейді біздің кейіпкеріміз туралы оның ауылдастары.

Кейіпкердің көңілі

Қоштасарда кейіпкеріміз өзін толғандыратын жайлар жөнінде де бөлісті. «Бәрі бірдей емес, бірақ жастарымыздың арасында қазақылықтан ажырап бара жатқандары көп. Кейде, тіпті үлкенге амандаспайтындары бар. Қарға тамырлы қазақ емеспіз бе? Баланы танымасақ та, әйтеуір, оның әкесін, иә анасын білетін болып шығамыз. Сондықтан, бала тәрбиесінде қазақылыққа мән берген дұрыс-ау. Жастарымыз ұлттық тәрбиемізбен сусындап, қазақы болмыс қайта түлейтін болса, қоғамды аздырып жатқан түрлі жат қылықтар да өздігінен ауыздықталар еді» дейді ол.

Расымен де, жаны бар сөз. Бірге туған бауырдың өзі жат болып бара жатқан қазіргі заманда ізгілік, адамгершілік, имандылық секілді адами қасиеттердің жетіспей жататыны өкінішті. Сын сағатта өз басын қатерге тігіп, өзгенің өмірін құтқаруға асыққан Талғат Молдашевтай азаматтарымыздан бүгінгі буын үлгі алса екен…

P.S. Әр халықтың орақ тілді шешені, от ауызды көсемі, дауға бермес данасы, әлемнің бар қазынасына айырбастамас батыры, кеудесіне маң даланың дүбірі мен күмбірін сыйдырған арда ақыны, құдіретті күйшісі болары хақ. Өзгермейтін ақиқат сол – жаңа қаһармандар заманына қарай жасала беретіндігі. Демек, сын сағатта нағыз ер азаматқа тән ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Талғат Молдашев та сондай қаһармандардың қатарынан аталуы тиіс. Жұбайы Алмамен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген оның есімі бір кездері Индер аудандық «Дендер» газетінің «Құрмет кітабына» да енгізіліпті. Бірақ, біздің түсінігімізде мұндай жүрекжұтқан жандардың ерлігі аудан көлемінде ұлықталуымен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Тым болмаса, осындай ізгі ниетті жандар облыс көлемінде марапатталып, ел алдында тиісті деңгейде дәріптелсе екен…

БаянЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау – Индер – Атырау.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз