Ертегімен де емдеуге болады

hello html m2ea8d176 Жаңалықтар

Бала тәрбиесінде ұрсу, жекіру, соғу, тіпті құр ақыл айту тәрізді әрекеттер «ескірді». Есі кірмеген сәбиді құрбыңдай, өз теңіңдей көру, тілі шығып та үлгермеген нәрестемен сырласу, оң мен солды сөзбен емес, ісіңмен көрсету – жаһандануға қадам басқан жаңа қоғамның тәрбие әдістері – осы.

hello_html_m2ea8d176

Біз ертегіге сеніп өскен ұрпақпыз. Шым-шытырық оқиғалармен өрбіген қиял-ғажайып әңгімелер бізге таңсық емес. Еуропа ғалымдары «ертегі терапиясы» деген жаңа термин енгізгенде де таң қала қоймадық. Ертегідегі таңғажайып немесе қорқынышты оқиғаларға әсерленген баланың санасында келешекте болуы ықтимал кедергілер мен келеңсіздіктерден қиналмай өтуге мүмкіндік беретін ішкі дайындық қалыптаса бастайды екен. Ертегі терапиясы екі бағытта жүргізіледі: ауызша нұсқасын баяндау және қойылым арқылы көрсету.   Әдетте балаға ертегіні әжесі не анасы айтады. Ал, барлық отбасы мүшелері жиналып, қойылым жасаса, мұның әсері тіпті бөлек болар еді. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет еткен Злиха Отарбаева ертегі тыңдау арқылы баланың ой-санасы жетіліп, тіл байлығы жақсарады, айналаны тануы, өзіндік көзқарасы қалыптасады, шығармашылық қабілеті артады дейді.

Дүние жүзі ғалымдары ертегі терапиясының емдік қасиетін дәлелдеп сан түрлі ғылыми еңбектер жазуда. Біздің еліміздегі балабақшаларда да осы әдіс енгізіле бастады. Психологтар ертегі тыңдап өскен бала болашағына дұрыс бағдарлама қалыптастырып үйренетінін айтады. Әр халықтың ертегісінде ұлттық психология көрініс табады. Қазақ ертегілері мейірімді болуға, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуге, Отанын ардақтауға, батырлық рухқа үндейді. Күнделікті күйбең тірлік деп жүріп бір сәт баламыздың жанарына қарауды, оның рухани сұранысын қанағаттандыруды ұмытып жүргеніміз рас. Ең соңғы рет сәбиіңізбен қашан сөйлескеніңізді, оның арман-мақсаттарын тыңдағаныңызды, ертегі айтып бергеніңізді есіңізге түсіріңізші. Осы ретте облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма жақсы үрдіс қалыптастыра бастады: жыл сайын ертегі айтатын жас аналардың байқауы өткізіліп келеді.  Біз қанша жаһандану деп жар салсақ та, о бастағы түп-тамырымыздан, ұлттық құндылықтарымыздан ажырамауға тиіспіз. Белгілі журналист (Атыраудың келіні деп айта кетейік) Гүлжазира Берікқызының «Гүлжазираның ертегілері» деген кітабын оқырман қауым жылы қабылдады. Жаңа заманның балаларын тәрбиелеуге лайық жаңа ертегілерден құралған кітап бүгінгі балалар әдебиетіне қосылған зор үлес болды. «Қазір балалар дұрыс тамақтанбайды, компьютер, ұялы телефон деген дүниелерге телмірумен балалық шақтарын өткізіп жатыр. Табиғат таңғажайыптарына көңіл бөле бермейді. Халық ауыз әдебиетіндегі және заманауи мультфильмдердегі кейіпкерлерді қолдану арқылы балаларды ізгілікке үйрететін, жақсылық жасауға шақыратын ертегілер жаздым», – дейді Гүлжазира Берікқызы. Сол кітаптан бір ертегіні «Атыраудың» кішкентай оқырмандарына арнап жариялап отырмыз. Еліктегіш еркелерімізге ертегі айтып беруді ертеңге қалдырмайық.

Бақытгүл Бабаш

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз