ЕРТЕГІЛЕР ЕЛІНЕ САЯХАТ

«Сказка» мәдени орталығында өткен қызықты жаңажылдық ертеңгілікке Атырау қаласындағы көп балалы және аз қамтылған отбасыларының балалары қатысты.    

«Мұндай әлеуметтік мәні зор іс-шарадан  балалар  тек көңіл-күйлерін көтеріп қана қоймайды,  қатарларымен тығыз-қарым қатынас жасау арқылы  үлкен  әсер алады», – деген Атырау қалалық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Жұмазия Жолмұханова жаңажылдық қойылымды барлығы 30-ға жуық бүлдіршін тамашалап отырғанын да айтты.  

Ал, жаңажылдық қойылым балаларды ертегілер әлеміне қызықты саяхатқа жетеледі. Аталмыш мәдени орталық қызметкерлері  мультфильм   кейіпкерлерінің кейпінде  түрлі  ойындар өткізіп,  балаларды  шаттыққа  бөледі.

Дәстүр бойынша ертеңгілікке  Аяз ата  мен  Қаршақыз да келді. Аяз атаға жету жолында балалар түрлі кедергілерден өтулері керек болды. Ол үшін Ақшақар тапсырған – жоғарыдан төменге сырғанау, қардан аққала соғу, түрлі түсті қағаздардан  шыршаның ойыншықтарын жасау секілді тапсырмалар орындады, жұмбақтар шешіп кештің сәнін кіргізді. Балақайлар, тіпті, азулы қасқырдан да тайсалмай, оның да тапсырмаларын орындаудан бас тартпады. Осылайша, бүлдіршіндер сиқырлы пеш арқылы Аяз атаға да жетіп, шыршаның шамын жақты.  Аяз ата мен Қаршақыз түрлі сыйлықтар үлестірді. 

Балалар айналасы екі-үш сағаттың ішінде әлем ертегілерінің кейіпкерлерімен бірге әлемді шарлап қайтқандай болды. Ақшақардың тапқырлығының арқасында бірнеше кедергіден өтіп, сиқырлы сандықтағы мол олжаға қол жеткізген балалардың қуанышында шек болған жоқ. Атырау қалалық білім бөлімі ұсынған тәтті сыйлықтар да бүлдіршіндердің қуаныштарын еселей түсті.

«Қуантсаң, баланы қуант» демекші, бүлдіршіндердің шын қуанып, шын көңілмен шаттанғандарынан артық қуаныш бола қоймас, сірә.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз