ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Атырауда  Ауған  соғысы  ардагерлеріне  арналған 
салтанатты  шара  өтті

Он жылға ұласқан Ауған соғысы – адамзат тарихындағы ерлік парақтарының бірі. Кеңестік қызыл жасақтың қатарына қазақтың қыран жігіттері де қатыстырылған еді.  Қайғы мен қасіреттің қара түнегіне 22 мыңнан астам қазақстандық жауынгер аттанып, соның 761-і қаза тапқан. Майдан даласынан аман оралғандардың үш мыңға жуығы мүгедектер қатарында екен. Талай жастың өмірін қиып, талай ананың көз жасын төккен сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 25 жыл толды. 

 Ерлердің есімі бар ескерткіште

Бұл күн бейбітшіл еліміз үшін әманда қуаныш, қашанда мереке болып келеді. Аталмыш күнге орай Атыраудағы салтанатты шара Жеңіс саябағындағы Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Соғыс сағатында қаза болған жауынгерлерді еске алу шарасына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысты. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Атырау гарнизоны жауынгерлері, мектеп оқушылары, Ауғанстанда қаза тапқан боздақтардың ата-аналары мен туған-туыстары да жиналды.

Атыраулықтар үшін облыс әкімдігінің қолдауымен соғыстан оралмаған боздақтарды еске алу игі дәстүрге айналған. 

– Отан алдында борышын өтеген біздің жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді еске алу шараны кіріспе сөзбен ашқан Ғұмар  Дүйсембаев. – Олар ата-бабаларымыздың ерлік дәстүрін жалғап, өздерінің парызын адал атқарды.

 Жиналғандарға Ғұмар Ислямұлы Ауған ардагерлері мен соғыстан оралмаған боздақтардың отбасына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан біраз игі істер барын атап айтты. Соның бірі  2013 жылы облыс әкімі мен облыстағы жұмыс беруші компаниялар арасында Ауған соғысы ардагерлерінің жесірлеріне әлеуметтік көмек көрсету туралы меморандумға қол қоюы еді. Меморандум аясында қайтыс болған Ауған соғысы ардагерлерінің алты отбасы қаржылай және азық-түлік көмегімен қамтылған.

Компаниялар арқылы жұмыссыз жүрген отбасылардың балалары да жұмысқа орналастырылды. Жоғары және күндізгі бөлімде оқитын студенттердің оқу ақысы төленіп, кейбірінің үйлеріне жөндеу жүргізуге қаржылай көмек көрсетілген. Ауған соғысына қатысушыларға жергілікті уәкілетті органдардың шешімдерімен коммуналдық қызметтер үшін ай сайын өтемақы төленіп келеді. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап, облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен бұрын 3158 теңге мөлшерінде төленіп келген өтемақы мөлшері 10000 теңгеге өсірілді. Өткен жылы 464 адамға 22 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілсе, аталған көмектер ағымдағы жылы да жалғасын таппақ. Сонымен қатар, әлеуметтік көмекпен қоса бірнеше ардагерге санаторияда тегін демалуға жолдама берілген. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары  Ауғанстанда  интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіштің жобасын жасақтауға да қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіле бастағанын айтты. 

Облыстық Ауған ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылтек Есбосынов майданда қаза тапқан қандыкөйлек жолдастарын жиі еске алып тұратынын айтты.

Бір минут үнсіздіктен кейін, бүгінде қатарымызда жоқ жауынгерлердің рухына бағышталып, ескерткішке гүл толы себет қойылды. Ауған ардагерлерінің ерен ерліктерін ұлығылауға арналған шара кейін Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасты.    

Ардагерлер ардақталды

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев Ауған ардагерлерінің ерліктері Ұлы Отан соғысы жылдарында нағыз батырлықтың үлгісін көрсеткен аға-апаларымыздың ерлігімен пара-пар екеніне тоқталды. 

– Жиырма бес жылдан бері майдан даласында жас өмірлерін қиған азаматтардың есімдері ел есінде келеді. Олар барлық құрметке лайық. Облыс әкімдігі тарапынан ұлдары қаза тапқан ата-аналарға, отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бүгінде интернационалист-жауынгерлер өңірдің барлық салаларында жұмыс жасауда. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласуда. Жаңа қазақстандық буынға, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде олардың қосып отырған үлесі зор, – деді аймақ басшысының орынбасары.             

Сондай-ақ, Сәлімжан Жұмашұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жас ұрпақ бойында  патриотизмді қалыптастыру қажеттілігіне өз Жолдауында ерекше тоқталғанын да атап айтты. «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі басымдығы – адам өмірінің мағыналы, мәнді болуына, адам бойындағы жақсы қасиеттер мен талантын ашуға арналған. Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – біздің әрқайсысымызға байланысты. Біз  соған қашанда атсалысуымыз керек. Сіздердің иықтарыңызға түскен сол бір жылдардағы сын енді бейбіт өмірде қайталанбағай. Керісінше, ерліктеріңіз, отансүйгіш сезімдеріңіз жастарға үлгі болсын. Отбасыларыңызға бақ-береке, денсаулық тілеймін», –  деген ол интернационалдық борышын өтеу жолында жанын пида еткен үш жауынгердің отбасына  облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. 

Сондай-ақ, «Батыс» өңірлік әскери қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы, полковник Ризат Қолпашев пен Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Ардақ Кукатов ТМД-ға қатысты елдердің  Қорғаныс министрлері кеңесінің шешімімен «Ауған соғысы аяқталғанына 25 жыл толуына арналған ескерткіш медалін» облыстағы он бір Ауған соғысының ардагеріне табыс етті.       

От кешкен жылдарда даңққа бөленбей, Отан алдында берген антына адал болып, майдан даласында қаза тапқан, із-түзсіз жоғалып кеткен боздақтарға арналып экраннан бейнесюжет көрсетілді.  Қазақ халқының қайсарлығы мен батырлығын, бауырмалдығы мен батылдығын  дәлелдеген Ауған ардагерлерінің ерліктеріне арналған салтанатты шара соңы өнерпаздар концертіне ұласты.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суреттерді түсірген ӘНУАР ӘБІЛҒАЗИЕВ, Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз