«Ерді намыс өлтіреді» десек те…

mqdefault Жаңалықтар

Баспана тапшылығы… Осынау әлеуметтік дерт қай кезде де болған, бола да береді. Өйткені, күніге ондаған сәби өмірге келеді. Жылына оның саны мыңдаған нәрестеге жетеді. Жиырма-жиырма бес жылда солардың бәріне баспана қажет. Ал, еліміз, не облыс пен қаламыз сонша адамды үймен қамти алмайды. Содан келіп жас отбасыларының жан күйзелісі басталады…

mqdefault

Біздің редакциямыздың хат бөліміне келіп, өзінің мұң-мұқтажымен бөліскен жиырма бес жастағы Данияр да солардың қатарынан. Үш жасар ұлы бар. Өзінен екі жас кіші келіншегі бір-екі айда декреттік демалысқа  кетпекші. Өз ата-анасының үйіндегі бес баланың бас көтергені болғандықтан пәтер тарлық етіп, бөлек шығыпты. Екі жылдан бері әркімнің сарайын жалдап жүр. «Отыз-қырық мың теңге – біз үшін аз ақша емес», дейді ол.

Сұрастырып көрсем, үйдің кезегіне де тұрмапты. Оның себебін «Жас отауға» тұру үшін тұрақты жұмысың болу керек. Ал менде ол жоқ. Сосын арыз бере алмадым,» – деп түсіндірді. Данияр: «Ата-енемнің ауласында  сарайлары бар.  Олар бізді шақырып отыр. Бірақ, өз әке-шешем «енді күшік күйеу болуың қалып еді?!» деп, барғанымды құптамауда. Енді не істеймін?» – деді шарасыз кейіппен.

Аталарымыздың «Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді» дегені рас. Қандай намыс? Бар гәп – сонда. Егер «мен – азаматпын, намысқа тырысамын, өлсем де күшік күйеу болмаймын!» деп, сүттей ұйып отырған отбасынан ажырап кетсе, сөйтіп, жас шаңырақ опырылып, ортасына түсетін болса, ондай намыстың қажеті қанша?! Осыны Даниярға барынша түсіндірген болдық.

– Не істерімді білмей, басым қатып жүр еді. Үйдегілермен тағы да сөйлесіп  көрейін, – деп шығып кетті.

Кеше Данияр телефон шалды.  Ата-анасымен ашық сөйлесіпті. Олар  өз рұқсаттарын берген  екен…

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз