Еңбек ардагерлері мен қарияларға құрмет көрсетілді

DSC 0695 Жаңалықтар

Atr.kz/14 маусым, 2019 жыл.  «Қарттарға құрмет». Атырау облыстық филармонияның еңбек ардагерлері мен қарияларға арналған концерті осылай аталды.

Ежелден жасы үлкенге төр ұсынып, ата-әжелерге құрмет көрсеткен текті елдің дәстүрімен Н. Жантөрин атындағы облыстық филармония ұжымы Рамазан айында Қарттар үйіндегі үлкендер мен филармония ардагерлеріне арнап мерекелік шара ұйымдастырды.   

           Баяғының аруларын еске салып, мың бұралып «Інжу-Маржан» би тобы шыққанда бастарын ақ қырау шалған абыз аталар мен кейуаналар бір серпіліп қалғаны рас. Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Бекжігіт Сердәлінің «Ауыл жатыр той жасап» әнін шырқаған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ханзада Сақыповаға да дүркірете қошемет білдірді. Ж. Ғайсағалиевтің «Анаға сый» әні Тілепберген Сағындықұлының орындауында тыңдаған жанды тебіренте түсті. Асхат Әмірғалиев, Жаннат Ермағамбетова сынды әншілердің жастық шақ, махаббат тақырыбын көтерген әндері де жүректерге қозғау салды. Киелі сахна төріне қасиетті қара домбырасын алып шыққан дәулескер күйші Құттыгерей Дүйсеевтің өнері ақсақалдар мен әжелерді тебірентіп, жаулық ұшын көздеріне жиі апарғызды.

«Махамбет» би тобы орындаған «Жез киік» биі, вальс каролі Шәмшінің «Кешікпей келем деп ең» әнін нақышына келтіре төгілткен Бақтоты Какимованың сыңғырлаған дауысы, «Ара-Атырау» сатира театрының өнері, Азамат Ізниев әуелеткен «Как молоды мы были», Артур Борисенко шырқаған Мүслім Магомаевтың «Чертово колесо» әндері де қариялардың көз алдына жастық дәуренін елестеткендей, тебіренте түсті. Кеңес Дүйсекеевтің «Домбыра туралы балладасымен» тыңдарман жүрегіне жол тапқан Ақмарал Кәдірбаева, «Королева красоты» әнін әуелеткен Айбар Ғаниұлы, «А он мне нравиться» деп елтіген Алиса Құрмет, «Бұлбұлымды» сыңғырлатқан Самал Темірәлиева, «Кермаралдай» аруды армандаған Бақытбек Ерсін, «Сезім қайда» деп мұңданған Мәрия Нұғмарова, «Сен маған ұнадың» деп қиылған Миржан Қабдоловтар да көрерменнің есінде шынайы өнерімен, асқақ дауыстарымен сақталатыны сөзсіз. Концерт Әсел Аманқұлованың орындауындағы «Қазақстаным» әнімен аяқталды.

            Филармония ұжымы қарттар үйіндегі қарияларға тәттілерден тұратын сый-сияпатын ұсынды. Бұл шара – өнер ұжымының имандылық жолында жасаған қадамдарының бірі ғана. 

DSC 0673
DSC 0700
DSC 0621
DSC 0710
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз