Еліміздегі ең үлкен жылыжай Атырауда салынады

Жуырда аймақтық коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басшысы Абат Тасымовтың  баспасөз мәслихаты өтті.

Корпорация басшысы журналистерді алдымен өздерінің еңбек ұжымымен таныстырып өтті. Айтқандай, «Атырау» ӘКК ұжымында орташа жасы 35-ті құрайтын, штат кестесіне сай, 36 қызметкер еңбек етеді екен. Мұнан әрі Абат Сапарғалиұлы корпорация атқарып отырған қызмет түріне – инвестициялық саясат, шетел инвестицияларын тарту мәселесіне тоқталды. Ежелден мал шаруашылығына бейім аты- раулықтарға ет, сүт, жүн өндіру жәйі жат емес. Мысалы, «Бірінші мамыр» ұжымының өнімдері қазіргі күнде де  үлкен сұранысқа ие. Облыста мүйізді ірі қара өсіру, сондай-ақ, уақ жандықтан ешкі өсіру қолға алынуда. Қуанарлығы, шаруашылық иелері енді бөдене өсіруде. Жоба құны 160 млн. теңгені құрайтын фирмада айына 220 мың дана жұмыртқа өндіру көзделген.

Ата-бабамыз ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысып келе жатқандықтан, қай малдың еті дәмді, қайсысының сүті жұғымды – бәрін зерттеп білген. Ең кішісі, қойдың жүнінен гөрі түйе жүнінің сапалы болатыны, оны түрлі қажеттілікке жаратуды іс жүзінде дәлелдеген де қазақ. Қазіргі күнде осы өңделген түйе жүніне шетелдерден де көптеген тапсырыс түсуде. Алдағы уақытта Италия, Франция елдеріне үш тонна өңделген түйе жүнін экспорттау жоспарлануда. Сондай-ақ, құс фабрикасы мен фармацевтикалық цех салу қолға алынуда. Жалпы 24 жобаның 12-сі жүзеге асу үстінде. Ал, барлық жоба құны 27,7 млрд. теңгені құрайды. Баяндамашы, бұларға қоса, тұрақтандыру қоры, басқа да инвестициялық жобалар туралы әңгімеледі.

– Аумағы 20 га болатын жылыжай салынады деп жоспарлап отырмыз. Бұл еліміздегі ең үлкен жылыжай болмақ. Мұндай көлемдегі жылыжай еліміздің ешбір облысында жоқ. Жылыжай құрылысы мамыр айында қолға алынбақшы. Онда қияр, қызанақ, болгар бұрышы өсірілетін болады, – деді.

«Атырау» ӘКК басшысы Абат Тасымов журналистердің басқа да көптеген сауалдарына жауап берді.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз