ЕЛЕНГЕН ЕҢБЕК

Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағын иеленді. Жоғары деңгейдегі марапатты облыс басшысына Ақ Жайық өңірінен арнайы келген делегация табыстады. Сайлау қарсаңындағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы осылайша ерекше жағдайда есте қалды.

Көршілес өңірдің сәлемін жеткізген Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өмір жолы кейінгі буынға үлгі екендігін атап өтті. «Бақтықожа Салахатдинұлы Батыс Қазақстан облысын басқарып тұрған кезде Ақ Жайық өңірінде көптеген өзгерістер болды. Мың шақырымнан астам газ құбыры жүргізіліп, Сырым, Қаратөбе, Бөкей ордасы аудандарына  көгілдір отын тартылды» деді ол. Сонымен қатар, Арман Өтеғұлов Орал өңірі суға кеткен апатты оқиғадан кейін де сол кездегі облыс басшысының бастамасымен жергілікті кәсіпкерлер, мемлекеттік кәсіпорындар, өзге де демеушілер есебінен Тасқала, Зеленов аудандарына қала типті ауылдар салынғандығына тоқталды. Үлкен марапатқа ие болған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов көршілес өңір басшылығына зор ризашылығын жеткізді.

Бірнеше мәселе талқыланған облыстық мәслихат сессиясында депутаттар еңбек ардагері, биология ғылымдарының кандидаты, белгілі қайраткер Жанай Берқалиевке Атырау облысының Құрметті азаматы атағын беру ұсынысын құптады. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған Жанай Берқалиев ферма зоотехнигі, кеңшар директоры, Исатай ауданының әкімі сынды түрлі жауапты лауазымдарды абыроймен атқарған.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз