Электронды декларациялау: оның тиімділігі неде?

Брифинг Жаңалықтар

Еуразиялық экономикалық одағының Кеден кодексі еркін тауар айналымына жол ашады. Оның мүмкіндіктері мен тиімділіктері өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында толығырақ баяндалды. Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Мақсат Куандықовтың айтуынша, ел экономикасының дамуына ықпал ететін құжат аясында электронды декларациялау қолданысқа енбек.

Брифинг

– Мұның ерекшелігі сол – кеден органдары мамандарының қатысуынсыз-ақ келіп түсетін декларацияларды автоматты түрде тіркеу мен шығару шараларының жүзеге асуы. Сондай-ақ, жүкті өткізу мерзімі айтарлықтай қысқарды. Бұл бағытта нақты нормалар қабылданып отыр. Қауіп-қатер басқару жүйесі белгі бермесе, жүк кеден инспекторынсыз-ақ автоматты түрде өте алады, – деген ол уақытша қоймалардағы жүкті сақтау, ұсынылатын құжаттар санын азайту жолындағы жаңашылдықтармен таныстырды.

Ал, департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Заңғар Заңқанов Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының бес басымдығын іске асыруда аймақта сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу шаралары жөнінде баяндады. Оның сөзіне қарағанда, күні бүгінде «қоғамның жегіқұрты» аталған дертпен күрестің тиімді тәсілі профилактикалық жұмыс болып отыр.   Қызметкерлерге жемқорлыққа жол берген жағдайда құзырлы органдар тарапынан қандай жазалар қолданылатыны жөнінде мәлімет беру де оның жолын кесері сөзсіз. Кейбір құқық бұзушылықтың әлі де орын алуы бұл бағыттағы жұмысты бүгінгіден де пысықтай түсу қажеттігін көрсетеді, – деді ол.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз