Елді мекендерді газдандыру жалғасын табады

20170110123004 Жаңалықтар

Атырау жұрты қара күйе болып, көмір жағудың машақатынан құтылды. Аймақтағы елді мекендердің 130-ы немесе 79,2 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіштің бірі. Енді облыс көлеміндегі қалған 34 ауылды газдандыру жоспарланып отыр.

20170110123004

Елбасы шекара маңындағы елді мекендерді дамыту, толықтай инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету туралы тапсырма берген еді. Соның аясында Азғыр өңіріндегі 10 елді мекенге газ жеткізу қолға алынған болатын. Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек, Асан, Үштаған, Сүйіндік, тағы басқа ауылдарда 7 мыңның үстінде адам тұрады. Елдің батыс бөлігін мекендеген тұрғындар табиғи әрі арзан отынды армандағанына талай жылдың жүзі өткен. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиевтің айтуынша, аталған елді мекендерді газдандыру үшін екі жоба әзірленіпті. Соның бірі 365 шақырымдық магистралдық және кентаралық жоғары қысымды газ құбыры болса, екіншісі – жалпы ұзындығы 67,6 шақырымды құрайтын селоішілік көгілдір отын желісі.

– Жобалардың жалпы құны 10,3 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс жұмысы НКОК компаниясының демеушілігімен 2017 жылдың тамызында басталды. Бұл әлеуметтік бағдарламалар ауқымында жүзеге асуда, – дейді басқарма басшысы.

Қазір «КА-СтройЛТД» ЖШС-нің күшімен 362 шақырым кентаралық газ желісі тартылған. Селоішілік құбырдың құрылысы да басталуда. Бұл жұмыстарды биыл аяқтау көзделіп отыр. Бұған қоса, 13 шағын ауылға газ құбыры тартылады. Олардың қатарында Бала Ораз, Атамбаев, Көздіқара, Есмахан ауылдары (Махамбет ауданы), Амангелді, Жасқайрат, Қызыл үй (Исатай ауданы) және Тасқұдық, Соркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай елді мекендері (Қызылқоға ауданы) бар.

Облысты газдандыру мақсатында бұдан өзге ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Соның бірі – «КазТрансГазАймақ» АҚ-на қарасты Атырау өндірістік филиалы ұсынған 9 инвестициялық жоба. Бұл тозығы жеткен болат құбырларды полиэтиленге ауыстыруды мақсат етеді. Мұндай бастама желінің қуаттылығын да арттырады. Жобадағы 6 нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 228,2 млн. теңге бөлінген. Қалған үш жобаға биыл қаржы қарастырылады. Бәрінен де маңыздысы, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы тұрғындар үшін тарифті көтермеуге мүмкіндік береді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз