ЕЛДЕ БОЛСА, ЕРІНГЕ ТИЕДІ

Жылдағыша биылғы  көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізіп, болашақ бітік егіннің берік негізін қалаған облыс диқандары бүгіндері сол еңбектерінің жемісін теріп, маңдай тердің өтеуін қайтарудың қамына кіріскен.

Солардың санатында Индер ауданының шаруагерлерін де айтуға болар еді. Нақтылай кетсек, алдыңғы жылы бар болғаны 65 гектар аумаққа егін еккен индерліктер былтыр егістіктің көлемін 300 гектарға жеткізген. Ал, ағымдағы жылдың межесі одан да жоғары болып отыр. Мұнда осы салаға бет бұрған әрбір ұжымның өзіндік үлесі барлығы анық.

Мәселен, «Алғабас-Жорық» каналын бойлай егін салғандардың бірі «Қалбай» шаруа қожалығы (жетекшісі С.Төлегенов) биыл 5 гектар жерге тұқым септі.

Осындағы «Төлес» шаруа қожалығы (басшысы Қ.Исаев) да бес гектар жердегі суармалы егістігінен бөлек, 50 гектар көлтабанды алқапқа су шығарып, табиғи шабындықтан өз күшімен мал азығын әзірлеуді ұйғарыпты. Сондай-ақ, өткен жылы алғаш рет тамшылата суару тәсілімен егін егіп, тым-тәуір өнім жиған «Медет» шаруа қожалығы (жетекшісі О.Баетова) болса,  тұқым себуге басқаларынан гөрі бұрынырақ кірісіп, соның арқасында егінжай ырыздығының да алғашқы легін жинауды  елден бұрын қолға алуда. Айтпақшы, өткен 2013 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалы арқылы несие қаражат алған қожалық қарызға сатып алған тиімді технологияның көмегімен азғантай ғана (5 гектар) аумақтан  көп өнім (20 тонна картоп) жинаған. Үстіміздегі белесте оның көлемін 10 гектарға дейін ұлғайтып, тең жартысына көкөніс-бақша  дақылдарын өсіруде.

Жасыратыны жоқ, соңғы бірнеше жыл қатарынан Жайық өзені деңгейінің көтерілмеуі, яғни, тасымауының салдарынан тоғандарға су шықпай қалуы  егістік алқаптарға су жеткізу мәселесін біраз қиындатып келген көрінеді. Білгеніміздей, аудан әкімдігі мен салалық басқарма тарапынан бұл түйінді де  шешудің оңтайлы жолдары ойластырылған.

Тұтастай алғанда аудандағы ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының саны 200-ден асып жығылса, соның бестен бірі осы егіншілікпен шұғылдануда.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз