ЕҢ ІЗГІ ПАРЫЗ

бұл донорлар акциясы аясында жарқырай көрінді

Акция барысында облыстық қан орталығы директорының медицина ісі жөніндегі орынбасары Жаңылсын Шындауылованың айтуынша,аймақта ерікті қан тапсырушылар қатары өсіп келеді. Облыс бойынша 2014 жылы донор саны 9726-ға жеткен. Акция кезінде 4616 адам бірінші рет қан тапсырған. Сонымен қатар, 7900 донордың ішінде 6978-і қан орталығында, 922-сі  жылжымалы бригада арқылы қан тапсырушылар болған. Ал, ағымдағы жылдың бес айында қан тапсырушы донорлар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біршама өскен.

Акция кезінде де өзгеге өмір сыйлап, әрі өз денсаулығын жақсарту үшін қан тапсырушылар легі қан орталығында көп болды. Қан орталығының мамандары қан беруге ниет еткендерді алдымен медициналық тексеруден өткізіп, зертханада қан құрамының  жарамды, жарамсыздығын анықтап, «таза» дегендерін қан беру бөлмесіне жіберді. Айналасы отыз-қырық минуттың  ішінде жиырмаға жуық адам қан беріп шықты.

Донорлардың кейбірі бір реттік қан тапсырушылар болса, енді біреулері үнемі қан тапсыруды дағдыға айналдырған жандар еді. Ал, олардың арасында есімдері көпке белгілі донорлар да аз емес. Солардың бірі – қалалық арнаулы автобаза мекемесінің инженері Айдос Төлеков. «Құрметті донор» атанған ол жыл сайын екі рет келіп, өзгелердің өмірі үшін өз қанын беруді дәстүрге айналдырыпты.

– Қан тапсырудағы негізгі мақсатым,-деді ол,- қанға зәру адамдарға қол ұшын созу. 41 жыл бойы үзбестен қан тапсырып келемін. Әр адамның өмірін сақтап қалу менің азаматтық парызым деп білемін және бұл өз денсаулығыма да пайдалы. Осы қан тапсырған жылдар ішінде бірде-бір рет ауырған емеспін. Көршілерімді де қан тапсыруға ықпал етіп жүрмін.

Сондай-ақ, Владислав Кушневич те – орталықтың құрметті донорларының бірі. ТШО компаниясында инженер-конструктор болып жұмыс жасайтын ол 25 жыл бойы талай адамның өмірін сақтап, септігін тигізгендердің бірі.

Акция барысында салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы жанындағы «Жарқын болашақ» жастар орталығының жетекшісі Алуа Сыралиева және Бақыт Қалиева, волентер Ғалия Лұқпанова да қан тапсырып,  донорлардың қатарын көбейтті.

«Атаулы күннен кейін де қанға деген зәрулік аяқталмайды, біз денсаулығымыз жақсы болса, әрине, қан тапсыруға әзірміз»,-деді донорлар.

Акция соңында облыстық қан орталығының әкімшілігі жоғарыда аталған қан тапсырушыларға донорлық қозғалысқа атсалысып жүргені үшін алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар тапсырды.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз