ДҮНИЕ ДЕГЕН ҰШҚАН ҚҰС …

monke Жаңалықтар

МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫ ӨМІРІНІҢ СОҢҒЫ СӘТТЕРІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

ТАҒЗЫМ МЕН ТАҒЫЛЫМ

Әмірлі күн ағады,

 Дарияның сеңдері.

Жарияға кеме жүзе алмас,

 Бұзылса құрсау шеңбері.

Жер астына жатқансын,

Топырақ боп батқансын,

Бұл қызықты көрмейміз,

Өлгеннің бар ма келгені?! (Мұрат Мөңкеұлы)

Тағы да сол күндердің естелігін жаңғыртайық… 1993 жылғы 2 қыркүйекте Атырау қаласында Мұрат Мөңкеұлының туғанына 150 жыл толуына арналған ғылыми конференция өткеннен кейін бірден Индерге аттандық. Ертеңіне Жарсуат ауылында жаңадан салынған Мұраттың мазарын ел-жұртқа көрсету рәсімі жоспарланған еді. Индердегі шаралар өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сол күндері аудан әкімі Дүйсенғали Төленов, оның идеология жө н і н д е г і о р ы н б а с а р ы Эленора Аймұратова, аудандық кеңестің төрағасы Өтеп Нұриев, Жарсуаттағы шаруашылықтың басшысы – Жамбыл атындағы совхоздың директоры Төлеген С е й д е ш о в т е р ш і р е н г е н шенеуніктен гөрі мәдениет саласының қызметкеріне көбірек ұқсайтын еді. Бірбірімен санаспай, барлық істің тетігін, барлық мейманның бабын тауып, зырылдап жүгірді де жүрді. Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығына арналған а қ ы н д а р а й т ы с ы ө т т і . Батысқазақстандық жыр жампозы Сағынтай Бисенғалиев пен атыраулық жас пері Салауат Исақаевты қазылар арқасы арқан кергендей етіп, әзер тоқтатқаны есімізде. Дендердің даласын әсем әуен, асқақ жыр кернеп тұрған керемет бір кезең еді.

 Мұрат мазары 3 қыркүйек күні таңертең салтанатты түрде ашылды. Авторы – маңғыстаулық сәулетші Көпбол Демесінов екен. Келісті келген жігіт ағасы. Фариза Оңғарсынова апайымыз Мұрат кесенесінің л е н т а с ы н қ и д ы . М а з а р басындағы жиынға «Жалын» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов, мұраттанушы, жазушыдраматург Берік Қорқытов қатысты.

 Сәлден соң сәулетші Көпбол Демесіновты сол маңайға жағалай тігілген киіз үйлердің бірінен көрдім. Алқалаған топтың ортасында отыр. Қолында үкілі домбыра. «Е, бұл кісінің мынадай да өнері бар екен ғой?», – деп ойлап үлгергенімше «Үш қиянды» Маңғыстаудың мақамымен жырлай жөнелді. Дауысының сазы өзгеше, адамды бірден баурап алады екен. Баяғының салсерілерінің бүгінгі сарқыты екені бірден байқалып тұр.

Х а л е л   Д о с м ұ х а м е д о в 1924 жылы Ташкенттен өзі құрастырып шығарған «Мұрат ақынның сөздері деген кітаптың алғы сөзінде «Мұраттың ата-тегі – мал баққан шаруа қазақ. Туысқан ағасы Матай деген ақын болған. Мұраттың на ғ а ш ы с ы А д а й А з а м а т , Саламат, Сәмет дегендер за манында айтқыш адамдар екен» деп жазып еді. Мұрат ақын «Сарыарқа» дастанын жырлайтын тұста қалың адайдың ішіне сол нағашыларын сағалап барғаны баршаға мәлім.  О с ы ғ а н о р а й , Көпбол Демесінов «Дендер» газетінің сол күнгі мерекелік

нөмірінде «Туыстық жағынан қарасақ, мен – ақынның нағашысымын. Жеменей адай Саламаттан тараған ұрпақпын. Мұратқа арнап кесене тұрғызу жөніндегі ой үнемі көкейімде жүретін. Ауданның бір топ азаматы үйге келіп, қолқа салғанда қанаттанып кеттім. Осы кезге

дейін алпысқа жуық белгі мен мазар салған екенмін. Соның ішінде Мұрат кесенесін басты еңбегім деп санаймын», – деп естелік қалдырыпты.

Көпбол   Жонақыұлы Демесінов 1949 ж ы л ы Түрікменстанда туған. Ашхабад политехникалық институтын бітірген. Мамандығы – құрылысшы-инженер. Ол Мұраттан басқа Махамбет Өтемісұлы, Балуанияз батыр, Жәңгір хан, Дәулеткерей, Мұхамбет-Салық Бабажанов, Қайырғали Смағұлов кесенелерін салған. Мұрат мазарын тұрғызған кезде қырықтан енді ғана асқан жігіт еді. Биыл жетпіске толды.

Осыдан оншақты жыл бұрын елге барғанымда Көпбол ағамен кездейсоқ жолығысып қалдық. Ол біздің Арал қаласының орталық бөлігіне Тәуелсіздікке арналған монумент орнатып жатыр екен. Біраз әңгімелестік. Қазір де сол Мұрат тойынан басталған қарым-қатынасымызды еске салып, ара-тұра хабарласып қоямын.

Индер аудандық кеңесінің сол кездегі төрағасы, Мұрат тойын ұйымдастыру ісіне басшылық еткен Өтеп Нұриевтің жазбасына жүгінсек, біраз мәліметке қанығамыз: «Ғасырға жуық ж а л а ң а ш ж а т қ а н а қ ы н бабаға арнап мазар салуды кейбіреулердің артық жұмыс деп санағандарын жасырмаймын. Бірақ аудан халқы мазар тұрғызуға қаржы жинап, қолғабыс етті. Мұндай игілікті іске облыс әкімшілігі де қолдау көрсетті. Сонымен, бұл жұмыс мамырдың 15-де басталып, тамыздың 14-і күні аяқталды. Ақын қабірінің басына ауыл азаматтары Бердеш Есбосы нов пен Жөкес К е н ж е ғ а л и е в қойған бұрынғы белгі алынып, оның орнына ақшаңқан ұлу тастан алыстан көзге шалынатын, ұзындығы 7 метр, ені 4,5 метр, биіктігі 9,5 метр мазар салынды. Мазар салу он саусағынан ө н е р т а м ғ а н маңғыстаулық шебер Көпбол Д е м е с і н о в к е ж ү к т е л д і . Маңғыстаулық азаматтар мазарға жеткілікті тас бөліп, оны ауданға жөнелтуге көмектесті». Бұл мақала «Дендер» газетінің 1993 жылғы 3 қыркүйектегі санында жарияланды.

Сол жылғы қаңтар айында Өтеп Нұриев, Төлеген Сейдешов, Сансызбай Базарбаев үшеуі ұлутас әкелу мәселесін шешу үшін Маңғыстауға жол тартады. Олар тиісті орындармен келісім жасасқан соң бір айдан кейін Төлеген Сейдешовтың орынбасары Әлифолла Балахметов арнайы сапарға шығып, қажетті дүниелерді елге жеткізеді. Сол Әлифолла – қазір Жарсуаттың әкімі. Мұраттың шырақшысы секілді бұл азаматтың іс басында жүргеніне қуанамыз.

 Ал, Көпбол Демесіновтың өзі «Атырау» газетіне берген сұхбатында (1993 жылғы 7 қыркүйек) «Мына мазар менің перзентім сияқты. Мұрат кесенесін тұрғызу маңдайыма жазылғанына  

қуаныштымын . Жұмыс жасауға жағдай туғызған атыраулық азаматтарға көп көп рахмет!» депті.

Қазір елімізде Мұраттың атын иеленген нысандар баршылық. Мәселен, Атырау қаласындағы №6 орта мектеп және Индер ауданындағы Құрылыс орта мектебі Мұрат Мөңкеұлының есімімен аталады. Сондай-ақ Атырау және Құлсары қалаларында, Индер ауданының Есбол, Елтай, Жарсуат, Бөдене ауылдарында, Индербор кентінде, Қызылқоға ауданының Миялы, Қарабау ауылдарында, Махамбет ауданының Махамбет ауылында Мұрат көшесі бар. Сондай ақ елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының бір көшесіне, Батыс Қазақстан облысындағы елді мекендердің 5 көшесіне Мұрат Мөңкеұлының есімі берілген. Жақында Индерборда ақынға еңселі ескерткіш қойылды. Осының бәрі сонау жылы Мұрат тойын өткізіп, басына кесене орнатқаннан кейін басталған үрдіс екенін айтуға тиіспіз.

Сонымен, дәурені жүріп тұрған жас шағында өмірдің өткінші құбылыстарын саралап, өзгеше ой түйіп:

 Даңқты жүйрік мен едім,

Айтатұғын жел сөзге

Бір қазақтан епті едім.

 Дүние деген ұшқан құс,

Байқай алмай қаларсың,

Басыңнан шарлап өткенін, – деп  жырлаған Мұрат Мөңкеұлының мазары қазір тағзым мен тағылымның орнына айналған. Бүгінде мемлекет қорғауына алынған кесененің салынуына не түрткі болғанын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жаздық осы мақаланы.

 Бұл қарт Дендердің қасиетті даласында ізі қалған тұлғалар тарихының бір үзігі ғана…

(СОҢЫ)

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз