ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ АСА МАҢЫЗДЫ

Мешіт маңайын базарға айналдырып, діни кітаптар, тұмардан бастап, халал шұжыққа дейін сатып отыратындардың тауарлары тәркіленіп қана қоймай, бұдан былай арнайы сараптау орталықтарына жөнелтілуі мүмкін.  Бұл жаңалық Атырау облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында белгілі болды.

 

Облыстық Ішкі істер департаментінің экстремизммен күрес басқармасы бастығының орынбасары Өтепберген Сарбасов бұл мәселеде айыппұл салумен шектелуден гөрі, ұйымдасқан жұмыстың керектігін айтты. Сондай-ақ, ол шетелден білім  алуға кеткен атыраулық азаматтардың 37,5 пайызының бүгінде елге оралғандығын, олармен арада түсіндіру жұмыстарының үздіксіз жүргізіліп отырғандығын хабарлады. Бұдан бөлек, жат ағымдарға бой ұрған атыраулық он төрт азаматқа халықаралық іздеу жарияланғаны айтылды.

Радикалдық идеологияға уланған жастардың  денін спортшылардың құрайтыны жасырын емес. Сол себепті, спортшылар арасында насихат жұмыстары керек-ақ. Осы мәселеге байланысты баяндама жасаған Атырау облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Саян Ізтілеуов  спорт нысандарын арттыру, спортпен шұғылданушыларға діни сауаттануға жағдай туғызу мәселесінде атқарылып жатқан нақты істерге тоқталды.

Кеңеске төрағалық еткен облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев  спортшыларды діни сауаттандыру жұмыстарына ерекше маңыз беру  керектігін айтты.

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз