«ДІН – ҰСТАЙ БІЛСЕҢ ҚАСИЕТІҢ, ҰСТАЙ БІЛМЕСЕҢ ҚАСІРЕТІҢ»

Облыстық Дін істері басқармасының қолдауымен  «Шапағат»  деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры осындай тақырыпта жыр мүшәйрасын   ұйымдастырған болатын. Бір айға созылған шара кеше өз мәресіне жетіп, жүлдегерлерін марапаттады.

Жалпы, дін тақырыбы – ауқымды әрі күрделі. Сол үшін бұл бағытта қалам тербеген жандардың ақындық талабымен қоса, діни сауаты да жоғары болуы шарт. «Қоғамда асыл дініміз исламға деген құрметті арттырып, ұлттық мұраларымызды ұлығылау қажет, осы игі мақсаттарымызды халқымыздың төл өнері арқылы жеткізуге тырыстық» дейді шара ұйымдастырушылары.  

Ақпарат айдынындағы www.shapagat-atyrau.kz, www.centre-ato.kz, www.islam-atyrau.kz сайттарына бір ай көлемінде жолданған отызға жуық ақынның туындыларын саралаған арнайы топ облыстық Дін істері басқармасы «Ақпараттық-талдау орталығына» суырылып шыққан жеті ақынды арнайы шақырып, сайыстың екінші айналымын өткізді.

Айтыскер ақын Шынарбек Қабиев, теолог Ерғали Алпысбаев және аталмыш орталықтың басшысы Жарас Есенғалиевтен құралған әділқазылар тобы қатысушылардың өлең оқу, тақырыпты терең ашу, сөз саптау сынды талаптарын бағалап, суырып салмалылық қырын байқау үшін сол жерден түрлі тақырыптар ұсынды. Мұсылман бейнесі, дін мен дәстүр, бес парыз сынды бағыттарға қалам тербеген ақындар өз туындыларын оқып, діни тақырыптағы жазбаларымен сүйсінтті.

Нәтижесінде, жеңімпаздар анықталып, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохай шараның жабылу салтанатына қатынасып, жүлдегерлерге сыйлықтарын табыс етті. Қызылқоға ауданынан келген, осыған дейін де облыстық ақындар айтысына қатынасып жүрген жас ақын Әнуарбек Садықов (суретте) бас жүлдеге лайық деп танылып, 100 мың теңге  көлеміндегі  ақшалай  ұтысты қанжығасына байлады. Екінші орын Серікбол Панабердиевке бұйырса, үшінші орынға Әсел Тәушенова жайғасты. Өзге қатынасушылар ынталандыру сыйлықтарын иеленді.

Өз кезегінде әділқазылар алқасының мүшесі Шынарбек Қабиев «бұл шараның кең ауқымда, көрермендер арасында өткізілгені дұрыс болар еді» деген пікірін білдірді. Расында да, асыл дінімізді насихаттап, ислам құндылықтарын паш еткен шараның жарасымды жалғасы болғаны, қалың көрерменнің қолдауымен өткені нұр үстіне нұр болар еді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға уәде еткен ұйымдастырушылар келесі мүшәйраны жоспарлаған сәтте бұл мәселеге мән беретіндіктерін жеткізді.

Айта кетелік, облыстың әр түкпірінен келген ақындардың жас ерекшелігі мен қызметі, лауазымына еш шектеу қойылған жоқ. Қатынасушылар қатарында әріптесіміз, Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы Нұрым Ерғалиев болды. Сол секілді Алғабас ауылдық «Мәулімберген» мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов та ақындық қырын танытып, сайыста бақ сынады.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз