ДІН МЕН ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ

Барша халық бүгінде гүл көктем мерекесі – Наурыз мейрамын ерекше салтанатпен атап өтіп жатыр. Наурыз – қыстан аман шыққан халықтың жаңа жылға аманшылықта жетуіне шүкіршілік етуінен туған ізгі мейрам болса, оның түп-тамырында қырдағы ел мен ойдағы елді араластыру, жақындастыру сынды ізгі ниет жатыр. Бұл жағынан алғанда наурыз мерекесін исламмен сабақтас дүние деп қарауға да болады. Себебі, ислам – алыс пен жақынды араластыруды көздейтін бейбітсүйгіш дін. Сол себепті бүгін дін мен дәстүр мәселесін сөз еткелі отырмыз.

Ислам құндылықтарымен біте қайнасқан қазақ халқының салт-дәстүрлері ұлтты ұйыстырып, халықты ынтымағымен баурап келеді. Өзара сабақтасып, үндесе білген дін мен дәстүр бүгінге дейін үлкен маңызға ие болды. Өйткені, кешегі ата-бабаларымыздың қалыптастырған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бастауы исламға тіреледі. Тіпті, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениетінен ойып тұрып орын алды.

Тарихшылардың саралауынша, Қазақстанға ислам діні VII ғасырдың басында келді. Сол уақыттағы қазақ халқы ұстанған салт-дәстүрлерінің біршамасы әлі күнге дейін сақталып келеді. Халықтың мұсылмандыққа дейінгі ұстанған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары да болды. Мәселен, «тасаттық», «бесік құда», «қарсы құда», «сүйек жаңғырту», «қалыңдықты алып қашу», сияқты әдет-ғұрыптар ел ішінде кең тарады. Ислам келгеннен кейін де аталған салт-дәстүрлер жалғасын тауып, ислам шариғатымен жанаса білді. Өйткені, ханафи мектебінің негізін қалап, сүнниттік бағыт көрсете білген Әбу Ханифа жолы халықтардың әдет-ғұрып заңдарын көбірек ескеретін болғандықтан, ата-бабамызға да бұл өте тиімді келді.

Байқасаңыз, салт-дәстүрімізде көрші ақысына ежелден көңіл бөлініп, оған баса назар аударылған. Бұл – қазақ халқы мәдениеттілігінің бірден-бір көрінісі. Сол үшін де халқымыз «Көрші ақысы – Тәңір хақысы», «Үй алма, көрші ал» деп қанатты сөздер қалдырған. Ал, оның шығу тарихына қарасақ, Пайғамбарымыздың: «Көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан кісі мумин емес»; «Үйден бұрын көрші ал»; «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап» – деген хадистерінен басталғанын анық аңғарамыз.

Тіпті, күнделікті Жаратқанның есімін жадымызда ұстап «Алла сақтасын», «Алла жолыңды берсін», «Алла алдынан жарылқасын», «Аллаға аманат бол» дейтін жақсы әдетіміз де бар. Мұның барлығы, сайып келгенде, тіршілігімізге һәм рухани тәлім-тәрбиеге жол сілтей отырып, мәдениетіміздің дұрыс болуына ықпалын тигізеді. Мысал ретінде алсақ, күнделікті тұрмысымызда мұсылмандық әдеп-нормалар сақталған, тіпті дәстүрге айналып та кеткен. Қарапайым сәлемдесуден басталатын сыпайы мінезіміз мұсылмандық этикамен астасуда. Қазақ халқының әдептілік қағидалары қасиетті Құран мен хадистерден алынғанын мазмұнды мақал-мәтелдерінен біле аламыз.

Кез келген ұлттың құндылығы – өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде және мәдениетінде. Оларды бір-бірінен бөліп те қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды. Осы орайда қазақтың ұлттық және діни дәстүрлерінің тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі орасан екенін атай кеткен жөн. Айтуға тиіс бір ақиқат бар. Ол кешегі жетпіс жыл бойы бізді төмпештеген кеңестік идеология қазақтың ошағынан дінді алып кетсе де, дәстүрді өшіре алмады. Шынын айтқанда, қазақ халқы үшін дін мен дәстүр егіз ұғымға айналды. Сол дәстүрдің сақталуының арқасында біз жетпіс жылдың ішінде өзіміздің мұсылман екенімізді ұмытпадық.

Қорыта айтқанда, қазақтың дәстүрінде ислам мәдениеті ерекше көрініс тапқан. Сол үшін де ұлт болып қалыптасып, елдігімізді онан әрі нығайтуда дінімізді берік ұстап, дәстүрімізді дәріптеуіміз керек.

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз