Әділдіктің жолы – Адалдықта

заң жәнле заман Жаңалықтар

Қалидола ШАУХАРОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы – жалпы отырыстың хатшысы,  Атырау облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

%d0%b7%d0%b0%d2%a3-%d0%b6%d3%99%d0%bd%d0%b5-%d0%b7%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d0%bd

Жүздеген ұлт пен ұлыстардың бірлігін, татулығы мен тыныштығын, мемлекеттік биліктің тежемелі және тепе-теңдік қалпын сақтауға  сот жүйесі қомақты үлес қосты. Заманының күрделі істерін қарап, қараша халықтың құқығы мен заңды мүдделерін қорғайтын жүйеге айналды.

Қара қылды қақ жарып төрелік еткен, адам тағдырын таразыға салған осы мамандыққа мен 1980 жылы қадам бастым. Алғашқы қызмет жолым Гурьев облыстық адвокаттар алқасында тағылымдамадан өтуден басталды. Уақыт өте келе облыстық сотта қызмет жасаудың мүмкіндігі туды.

Ол кездері халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көңіл көншітпейтін еді. Себебі, елдің даму қарқыны бәсеңдеу болды.  Гурьев облысындағы соттардың ғимараттары да тозығы жеткен, сот отырыстарын өз дәрежесінде өткізуге мүмкіндік бола бермейтін.

Бірақ, өткен күнде белгі көп. Есте қаларлық оқиғалар, қолданған құралдар, жеткен жетістіктер, оң өзгерістер мен тың нәтижелер әлі де жадымыздан шыға қойған жоқ.

Алғашқы жылдар ауыртпалығы

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сот саласы үшін нағыз сынақ кезеңіне айналды. Өйткені, қиындыққа ұрынған халық сотқа ағыла бастады. Олар өздерінің құқықтарын қорғап,  қорғаныш іздеп атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының есігін жағалады. Біреулер айлап еңбек еткен қаражаттарын ала алмаса, кейбір өндіріс орындарында еңбек ететін қызметкерлерге еңбекақы өндіріс өнімімен өтеліп отырды. Осындай күрмеуі көп күрделі кезеңде сот жүйесінің алдында үлкен міндет тұрды. Ол  халықтың сенімді қалқанына айналу еді.

Кеңестік кезеңнің соңғы күндері мен тәуелсіздіктің алғаш сәтінде Гурьев облыстық сотына білікті маман, шебер ұйымдастырушы Қайрат Мәми басшылық етті. Мемлекет алдындағы жауапты кезеңде ол сот жүйесінің құрылым механизмін жасақтауға ерекше үлес қосқанын айтуға тиіспіз.  Кейін уақыт өте келе іскер басшы республика деңгейінде сот жүйесінің қызметін қолдау үшін, Қазақ ССР Жоғарғы сотының мүшелігіне тағайындалды. Қазіргі күні ол кісі еліміздің Жоғарғы сотына төрағалық етіп отыр.

Ал, мен сот саласындағы еңбек майданында жүріп, өмір мектебінің шыңдалуынан өттім. Яғни, Гурьев облыстық сотында төрағаның орынбасары болып сайландым.

Тәуелсіздіктің алғаш жылдарында қоғамның кез келген саласында өзіндік ізденістері мен іркілістері болды. Соның мысалындай бір сәт әлі күнге есімде.  1991 жылдың қыркүйек айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Атырау өңіріне келді. Бұл еліміздің жалпыхалықтық  деңгейде сайлау өткізіп, ең алғаш президенттікке үміткерді таңдау кезеңі еді. Осы сапарда Атырау облысынан оның сенімді өкілі болып осы өңірдің сыйлы азаматы, бүгінде республиканың еңбек сіңірген заңгері Ирак Елекеев сайланды. Сол кездері ол Атырау облысының әділет басқармасының басшысы болатын. Әділет басқармасы өз кезегінде сот жүйесінің материалдық-техникалық жағдайына, кадрлық толығуына, сот шешімдерінің орындалуына тікелей жауапты орган еді.

Сөйтіп, Елбасы өңір халқының тұрмыс-тіршілігімен етене танысу кезінде Құлсарыдағы «Теңіз» кешенінің қалашығына барды. Ол жерде Елбасының алдында халықтың жағдайын айту үшін әр саланың мамандары дайын тұрды. Облыстың судьялары атынан сол кезде Жылыой аудандық халық сотының судьясы болған Гүлнәр Қарабалина сөз алып, судьялардың талап-тілегін жеткізді. Ол зайырлы елдерде даулардың барлығы соттар арқылы шешілетінін, халық пен биліктің арасында алтын көпір орнататын да сот жүйесі екенін айтып ағынан жарылды. Өз кезегінде ұсынысты аса ризашылықпен қабылдаған Елбасы оны қолдайтынын білдірді.

Бірнеше күн бойы өңірдің әлеуметтік ахуалын зерделеген Мемлекет басшысы нақты шешімдер қабылдауға бел буды. Ақыры, бұл айтулы тарихи сапардың нәтижесінде Елбасы аудандық, қалалық партия комитеттерінің зәулім, әдемі ғимараттарын елімізде бірінші болып сот жүйесіне табыс етті. Кейін араға бес жылдай уақыт салып, 1996 жылдың 19 желтоқсанында Қазақстан Республикасы судьяларының тұңғыш съезі Алматы қаласында өтті. Бүгінде еліміздің судьялар өмірінде маңызы зор құрылтайды өткізу дәстүрге айналды.

Өткен күнде белгі көп

Игі қадамдар  биліктің бір тармағы ретінде сот жүйесінің беделін асқақтата түсті. Осындай тыңнан түрен салған өзгерістер мен үлкен бастамалар  республика соттарының қызметін одан әрі жандандырды. Бұл кезең Атырау облыстық соты үшін де  өрлеу кезеңі болды.

Сол уақытта облыстық сот та шағын ұжым болған еді, яғни, саусақпен санарлық  он шақты судья, он шақты маман мен хатшы, сондай-ақ, ғимараттың бір шеткі қуыс бөлмесінде екі машинистка отыратын. Осындай кезеңде азаматтық және қылмыстық алқалар сот төрелігін атқаратын. Қалада небәрі бір қалалық сот, қалғандары ауыл-аймақтағы аудандық соттар. Қаладағы барлық істер қалалық соттың өкілеттілігінде болатын. Ал, облыстық сот құрылымы бойынша кассациялық тәртіпте күшіне енбеген сот актілерін қарайтын, сондай-ақ, бірінші сатыдағы соттың рөлін де атқарып, аса ауыр қылмыстық істерді де қарауды жүзеге асыратын. Сонымен қатар, үшінші құзыреті тағы болатын, яғни, «облыстық сот президиумы» деп аталатын, онда облыстық сот төрағасы мен облыс прокурорының ұсынысы бойынша күшіне енген істерге түскен шағым бойынша істерді қайта қарауға жіберетін.

Сот төрелігін атқару кезіндегі төрешілер судья емес, ол кезде «сот мүшесі» деп жазылатын. Мүшелер облыстық депутаттары кеңесінің сайлауымен қызмет етеді. Оларды өкілетті комиссия жиі-жиі тексеріп, оң немесе теріс нәтижелі қорытынды беруге құзыретті болатын. Облыстық сот мүшелері істерді халық депутаттарының кеңесі сайлаған, екі халық заседателінің қатысуымен қарайды. Сондықтан, Жоғарғы сот апелляциялық және қадағалаушы орган қызметін атқарды.

1990 жылдардың басы мен орта тұсында халықтың әлеуметтік тұрмысы төмен еді. Бұл кезеңде қылмыс түрлерінің ұлғаюы да табиғи заңдылық. Оның ішінде адам айтқысыз ауыр және аса ауыр қылмыстар саны күрт өсті. Күнделікті тұрмыстың қарекеті үшін ауыл-ауылдан келген жастар жік-жікке бөлініп, топтық төбе-лестерді ұйымдастырды. Көшедегі қарапайым адамдарға қастандық жасалды. Ұрлау, тонау, кісі өлтіру сынды қылмыстар аз болған жоқ. Сындарлы сәттерде қоғам сан дүрлігіп, соттардың есігін қақты. Осы тұста  аудандардағы қылмыстық істерді көшпелі сот отырысы арқылы қарау тәжірибесін (сотта әрбір аймаққа барып өткізу) кеңінен қолдандық.

Халық алдындағы көшпелі сот отырыстары жиі өткізілді. Мәселен, бір совхоздың тұрғынына қатысты қылмыстық істі барлық совхоз тұрғындарының қатысуымен үлгілі сот отырысы түрінде өткізетінбіз. Мұндай шараның тәрбиелік мәні зор болды деп есептеймін.

Көбіне соттарға көліктің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ережелерді бұзу, қасақана өлтіру, ұрлық, тонау, қарақшылық, бұзақылық, аса ірі мөлшерде мемлекет немесе қоғам мүлкін жымқыру бойынша айыпталған адамдарға қатысты істер түсетін. Шығарылған сот актілерін, қазіргідей компьютерде теріп, басып шығару, ол кезде жоқ, әрине. Барлық құжат сия толы құты мен қауырсын тектес қаламның күшімен қағаз бетіне түсірілетін. Бірнеше бет құжатты қолмен жазып болған соң, ол шеткі бөлмеде жайғасқан машбюроның «машинистка» қыздарына табысталады.

Хатшылардың да еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Әрбір тараптың айтқан сөздерін күні-түні отырып қолмен жазу да үлкен қызмет деп білемін. Жазылған хаттамаларының  саны кем дегенде жиырма бес беттен тұратын. Уақыт керуені зыр айналып өткен сайын, сот құрылымы күрделене бастады. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында соттарға қызметтік көлік құралдары берілді, өзге де жағдайлар жасалды.

 

Ерен еңбек жемісі

Мен Атырау облыстық сотында бірнеше жыл қызмет еткеннен кейін Жоғарғы Соттың судьясы болып сайландым. Бұл 1999 жыл еді. Ізімді облыстық соттың тарихында алғаш рет әйел адам – Тоғжан Кереева деген азаматша басты. Кейін көп ұзамай төраға болып Марклен Қамназаров тағайындалды. Одан кейін республикаға танымал тұлға, бүгінде халық қалаулысы Бектас Бекназаров та осы Атырау облыстық сотын басқарды. Оның орнын Атырау өңірінің тумасы Жақсылық Аланов деген азамат ауыстырды.

Жақсылық Аланов сот тізгінін қолға алған сәттен бастап, алғаш облыстық сотқа жаңа ғимарат салынып, кейін қалалық сот екі бөлек ғимаратқа бөлініп, мамандандырылған ауданаралық соттар құрыла бастады. Сөйтіп, қалада жеті сот қызмет етті, олардан бөлек алты ауданның соттары тағы бар. Бұрынғымен салыстырғанда бұл соттардың келбеті, материалдық қамтамасыз ету жағдайының өзі де бұрынғыдан біраз өсті. Барлық соттар компьютер, т.б. керек ақпараттық-технологиялық дамудың соңғы жетістіктерімен жабдықталған. Соттар істерді соттылығына байланысты қарауға көшті.

2009 жылдың күз айында Елбасы Атырауға арнайы іссапармен келіп,  атбасын Атырау облыстық сотының жаңа ғимаратына бұрып, ондағы судьялар мен сот ардагерлерімен кездесті. Осы сапарда Мемлекет басшысы сот ғимаратында орналасқан озық үлгідегі заманауи технологиямен толықтай жабдықталған кабинеттерді, сот мәжілісі залдарын аралап көріп, өз ризашылығын білдірді. Бүкіләлемдік қаржылық дағдарысқа, экономикалық қиындықтарға қарамастан, мемлекет тарапынан сот беделін көтеруге барлық жағдай жасалып отырғандығын тілге тиек етті. Ең бастысы, сот беделін түсіретін кез келген жағымсыз қылықтардан аулақ болып, қоғамымыздың ілгері басуына үлкен қатер төндіріп отырған жемқорлықтың тамырына балта шабу керектігіне басты назар аударды. «Еліміз егемендік алып, өркениет көшіне батыл бет түзеген осынау жауапты шақта бой түзеген облыстық соттың жаңа ғимараты – республикамыздағы өз алдына бөлек салынған бірден-бір сот сарайы. Ендігі жерде әділдік іздеген адам сотқа шағынады. Сондықтан «Тура биде туған жоқ» қағидатын басшылыққа алып, адам тағдырын шешкен кезде немкұрайлылыққа, жауапсыздыққа жол бермеңіздер. Мынадай әсем сарайдың ішінде адами қасиеттеріңізді аяққа таптайтын жат қылықтардан мүлдем аулақ болыңыздар» – деген ізгі тілегін жеткізген болатын.

Бүгінде Елбасының ақ тілегімен ашылған әділдік сарайы өзінің қала көркін келтірер тосын сәулеттік келбетімен, сырт көзді сүйсіндіретін ажарымен қатар, әділдіктің ақ туын әрдайым биік ұстайтын айбарлылығымен ерекшеленіп тұр. Соңғы жылдары соттардың заманауи технологиялық жабдықталуы жоғары дәрежеге жетті.  Сот төрелігі бірте-бірте электрондық жүйеге көшті. Соның бірі ретінде Атырау соттарының барлығы да  жаңа заман талабына сай сот төрелігін атқарады.

Соңғы жылдарда Атырау об-лыстық сотында Мұхтар Смағұлов деген азамат басшылық етті. Осы қазының басшылығымен алғаш рет Атырау соттарының мазмұнды да мәнді естеліктерін қамтыған мұражай ашылды. Осындай тарих тағлымын шертетін, мән-маңызы зор істердің легін бүгінде Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов жалғастырып келеді.

 

Сөз соңында…

Ия, бүгінде пайғамбар жасына жетіп, ғұмырымды әділдік алаңына айналған сот жүйесіне арнадым. Мен үшін еліңе адал қызмет етіп, халқыңның абыройына бөленуден асқан бақыт жоқ! Осы бақыт баспалдағына жетелеген менің өз мамандығыма деген құштарлығым еді. Судья болу деген сөз әділдіктің жаршысы болуды білдіреді. Мен осы жасқа дейін қаншама жандармен, әріптесте-рімен сырлас болдым. Бүгінгі күн – өткен кезең, болашақ үшін тарихтың ертеңгі парақтары. Тәңірдің бұйыруымен, жүректің қалауымен осы мамандыққа дақ түсірмей үзеңгілес достарыммен, әріптестеріммен қатар келемін.

Адам тағдыры тірі кітап іспеттес. Сондықтан, менің ғұмырымда сот тағылымынан өзіндік сыр шертетін, бұл мамандықтың құдіретін сездіретін, тек өзіндік қайталанбас қолтаңба қалдырған Атырау облыстық сотының алар орны ерекше. Осы ретте өрісті ел, өркенді ұлт болып ұйысқан еліміздің сот жүйесінің қалыптасу, өркендеу, тұғырнамасын жасаған Қайрат Мәми, осы даңғыл жолда аянбай тер төккен  Бектас Бекназаров, Төлеубай Қожан, Ирак Елекеев, Бауыржан Жұмағұлов, Ғалия Махажанова, Қамбар Нұрышев секілді танымал азаматтарды зор мақтанышпен атап өткім келеді. Ендеше, көпшілікке қызметтік өрлеудің баспалдағы болатын өлкенің ғажайып қасиетін осыдан ұғуға болады.

Бұдан шығатын ой легі –  ұлттық  сот жүйесі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында   қоғамдағы тұрақтылықты, құқықтың үстемдігін қамтамасыз ете  отырып, азаматтардың  құқықтары мен бостандықтарын  қорғайтын сенімді кепіліне айналды.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз