ДЕПУТАТТАР БАС ПРОКУРОРДАН ЖАЙЫҚТАҒЫ БАЛЫҚТЫҢ ҚЫРЫЛУЫН ТЕКСЕРУДІ БАҚЫЛАУҒА АЛУДЫ СҰРАДЫ

20190313132334 Жаңалықтар

Atr.kz/13 наурыз, 2019 жыл. Мәжіліс депутаттары ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтан Жайықтағы балықтың қырылуы оқиғасын тергеуді жеке бақылауына алуды сұрады.

«Өзенді өлі балықтан тыңғылықты тазарту қажеттігі өзекті болып тұр. Яғни экологиялық жүйеге ауыр зардап келтірмес үшін тиісті шараларды іске асыру керек», – деді депутат Артур Платонов Мәжілістің жалпы отырысында.

f5e4e0747a9098e2

«ҚР АШМ Ветеринарлық қадағалау және бақылау комитетінің лабораториялық зерттеу нәтижесі негізінде, балықтардың қырылуына аммиактың уытты әсері себеп болған. Балықтарды патологоанатомиялық сою кезінде де осы қорытынды жасалып отыр. Алайда ол болжамның бірі ғана», – деді А. Платонов.

Белгілі болғандай, балықтың қырылуына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Осы орайда кәсіпорындарда және қараусыз әрі апаттық кен орындарда тексеру шаралары жалғасуда.

«Алайда осынша ұзаққа созылған тергеу амалдары бойынша құзырлы органдар ешқандай ресми қорытынды мен себептерді жария етпеді. Егер де нақты қорытынды мәлім етілсе, онда ел арасында түрлі қауесеттің таралуына жол берілмес еді. Осы уақытқа дейін ең маңызды мәселе ашық күйінде қалып отыр: Яғни балық қырылған суды пайдалану қаншалықты қауіпсіз? Күн жылынғаннан кейін су бетіне өлі балықтар қалқып шыға келді», – деді депутат.

Бұл тұрғыда ол аталған тергеу амалдары қатаң бақылауда болуы керектігін атап өтті.

«Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, Жайықтағы балықтың қырылуының нақты себебін анықтау мақсатында тергеу амалдарын жеке бақылауға алуды сұраймыз. Өйткені аталған оқиға салдарынан балық популяциясына орны толмас залал мен материалдық шығын келтірілді», – деді Артур Платонов ҚР Бас прокурорына жолдаған депутаттық сауалында.

Айта кетейік, Атырауда Жайық өзенін балық өлекселерінен тазарту шаралары қолға алынды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында балықтың қырылғаны туралы бірнеше ақпарат жариялаған болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айының басында Атырау қаласының сыртындағы Перетаск шағын өзенінде балықтардың жаппай қырылу оқиғасы тіркелген еді. Арада апта өтпей Атырау облысындағы Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылғаны анықталған.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз