Депутаттарға дауыс беру – электронды жүйеде

Маслихаты в ответе Жаңалықтар

Сенат депутаттарының сайлауы қарсаңында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда комиссия төрағасы Асау Ибрашев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткерлерді тіркеу қорытындысын баяндап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Маслихаты-в-ответе

– Облыс бойынша Сенат депутаттығына үш кандидат тіркелді.  Олар – «Достан-Ата» шаруа қожылығының басшысы Сейітжан Балжігітов, «Қарабура» шаруа қожалығының басшысы Қаршыға Жауымбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев. Заңға сәйкес әрбір кандидат қалада және аудандарда бір сенімді өкілге ие. Сондықтан, әрбір кандидатқа сегіз сенімді өкіл тіркелді, – деді Асау Ниязұлы.

Биылғы сайлаудың 2014 жылғы саяси науқаннан айырмашылығы – таңдаушыларды тіркеу электронды жүйеде өткізілетіндігінде.

Жиынға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен биылғы сайлаудағы жаңа талаптарды түсіндіріп өтті.

– Сайлау процесін ұйымдастырушылар сайлау құқығы мен оны қолдану тәжірибесі жөнінде кәсіби білім алуы тиіс.  Бүгінгі күні сайлау процесін ұйымдастырушылардың да, сонымен қатар, сайлаушылардың да құқықтық мәдениетін арттыратын жүйелі тетіктерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында  электоратаралық оқумен айналысатын арнайы бөлім бар. Мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп, алғаш рет 150 адамды кәсіби тұрғыда оқытуға мүмкіндік алдық. Мұндағы мақсат – электораттық оқыту жолымен сайлаушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, олардың сайлау науқандарына белсенді және саналы түрде қатысуын қамтамасыз ету. Өйткені, сайлау – саяси тартыс алаңы. Әртүрлі пікірлердің тоғысы. Сондықтан, барлық шаралар ашық түрде өтуі керек, – деді Ләззат Жаңылысқызы.

Орталық сайлау комиссиясы өкілінің айтуынша, қазіргі таңда ҚР «Сайлау туралы» заңына өзгерістер енгізу үшін жұмыстар жүргізілуде.

– «Сайлау туралы» заңға бірқатар өзгерістерді ұсынып отырмыз. Біріншіден, қолданыстағы заңда президенттікке кандидаттарға еңбек өтілі туралы талап қойылмаған. Біздің ойымызша, әр үміткер сайлауға түсуі үшін бес жыл мемлекеттік басшылық қызметте еңбек етуі тиіс. Екіншіден, президенттікке өзін-өзі ұсынуды алып тастау керек. Демек, саяси партиялар, ірі қоғамдық күштер ұсынуы қажет. Үшіншіден, сайлау жарнасын өткізу керек. Төртіншіден, кандидаттың денсаулығы жөнінде медициналық қорытынды да талап етілуі тиіс, – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.

Айгүл Социалқызы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз