Дайын құжат – үйіңізде!

ЕАС 011 Жаңалықтар

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметін іске қосып отыр. Енді атыраулықтарға әзір құжаттамаларды алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ. Кез келген көрсетілген мекенжайға, яғни үйге, кеңсеге курьер жеткізіп беретін болады. Бұл туралы бізге аталған акционерлік қоғамның баспасөз қызметі хабарлады.

ЕАС 011

Бұл сервисті пайдалану үшін тұтынушы қызмет алуға қажетті толық құжаттар пакетін орталық инспекторына өткізеді. Ал, жеткізіп беру жөніндегі өтінімді толтыру үшін халыққа қызмет көрсету орталығында «Қазпошта» АҚ қызметкерлеріне жүгінеді. Қызмет түрі коммерциялық негізде көрсетіледі. Бағасы аймаққа және соңғы жеткізілім мекенжайына байланысты болады. Жеткізілім жайлы ақпаратты берілген трек-нөмірі бойынша post.kz. сайтынан қадағалап отыруға болады. Қызметтің ең төменгі құны – 500 теңге.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ Атырау облыстық  филиалы Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Тұрлан Нұржановтан білгеніміздей, жаңа қызмет  орталыққа келуге уақыты тапшы жандарға арналған.

– Бүгінгі таңда қызметтерді автоматтандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Жұртшылық үйден шықпай-ақ электрондық үкімет порталының көмегі арқылы алады. Алайда, халыққа қызмет көрсету орталығына келмей рәсімдеуге болмайтын қызмет түрлері де бар. Соңғы уақытта оны да үйден алуға өтініш білдірген азаматтар қатарының көбеюіне байланысты әрі тұтынушыларымызға ыңғайлы болу үшін жаңа сервис іске қосылды, – дейді ол.

Жалпы, мемлекеттік корпорация алдағы уақытта интернет, телефон, ұялы байланыс және тағы да басқа арналар арқылы бірнеше сервис мен жобаны енгізуді жоспарлап отыр.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз