«Дарынды ұрпақ – ел болашағы»

ANU 9903 Білім

Биыл облыс бойынша 11-сыныпты 4516 оқушы бітірді. Соның 3339-ы Ұлттық бірың-ғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр. Ал, мектептерде өткен қорытынды емтиханда «Алтын белгіге» сай екендігін дәлелдеген 97 және «Үздік аттестатты» иеленген 81 түлекті, сондай-ақ, республикалық, халықаралық бәйгелерде топ жарған жүзге жуық оқушыны биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған форумда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады.

ANU_9903

Аталмыш форумды ұйымдастырудағы мақсат – «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері, республикалық және халықаралық пәндер олимпиадаларының, ғылыми жобалар сайыстарының жеңімпаздарына, бастауыш сынып оқушылары арасында өткізілген республикалық «Зерде» білім байқауының  жүлдегерлерінің  болашақ қадамына ақ жол тілеу.

Салтанат сарайында өткен  жиында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев дарын иелерін, ұстаздар мен ата-аналарды құттықтады.

ANU_0888

– Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге реформаға сәйкес өзге-рістер енгізілді. Яғни, түлектер қорытынды аттестаттаудан өтіп, жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін емтихан тапсырады. Елбасы Нұрсұлтан     Назарбаев елдің дамуына жастардың қосар үлесі зор екендігін үнемі айтып, оларға сапалы білім беруді назарында ұстап отыр. Сондықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің білім беру саласында көп жұмыс-тар атқарылып келеді. Мектептер заманауи құрал-жабдықтармен, әдістемелік материалдармен жабдықталуда. Демек, білім алуды мақсат еткен әрбір жас үшін барлық жағдай жасалды. Бұл жұмыстар оқушылардың болашақта бәсекеге қабілетті бо-луына зор ықпалын тигізеді.

Түлектер алдағы сынақтан сүрінбей өтіп, армандағы маман иелері атанып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосуларына тілек білдіремін. Жолдарыңыз ашық болсын! – деді аймақ басшысы.

Шара үздіктерді марапаттауға ұласып, дарынды түлектер аймақ басшысының қолынан мектеп бітіру аттестатын, сыйлықтарын алды.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауованың айтуынша, биыл «Алтын белгі» алған түлектер саны былтырғыдан үш есеге көбейіп отыр. Былтыр 38 түлек «Алтын белгі» иегері атан-ған еді.

ANU_9786

Данияр БАТЫРБАЕВ, Б.Қанатбаев атындағы орта мектеп түлегі, «Алтын белгі» иегері:

«Аттандық сапарға…»

–  Балалық артта қалып, сыналатын кезең енді басталды. Осы күнге, бақытты сәтке жеткізген ата-анама, ұстаздарыма мың алғыс. Арманым – Алматыдағы Қазақ-британ техникалық университетіне оқуға түсу. Мұнай-газ саласын меңгеріп, жинаған білімімді еліміздің болашағының жарқын болуына жұмсасам деймін.

Арайлым ДАЙЫНОВА, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері:

Арманым орындалды

– Бүгін – мен үшін ерекше күн. Сондай-ақ, 11 жыл бойы білім нәрін сепкен ұстаздарымның жемісі. «Алтын белгі» иегері атану үшін ізденумен болдым. Сондықтан, арманым орындалды деуге болады.

Ендігі мақсатым – тестілеуден сүрінбей өтіп, білім грантын иелену.

ANU_9780

Гүлдария ҚАРЛЫ, И.Тайманов атындағы №27 орта мектеп түлегі, «Үздік аттестат» иегері:

Мектеппен қимай қоштасамыз

– Он бір жыл ішінде төрт мектепте оқыдым. Әр білім ордасы мен үшін ыстық. Енді, міне, білім берген ұстаздарымызбен, алтын ұямыздай болған мектебімізбен қимай қоштасар сәт те келіп жетті. Санаулы күндерден соң әрқайсымыз арман қуып, әр жаққа кетеміз. Биылғы түлектерге сәтті сапар тілеймін.

Жеңіс ЖАНҒАЛИЕВ, «Білім-Инновация» лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері:

Ұстаздарға алғысымыз  зор

– Менің арманым – химик-технолог мамандығын меңгеру. Жуырда Назарбаев Зияткерлік университетіне түсу мақсатында екі емтиханды тапсырып, барлық талаптардан өттім.

Лицейде бес жыл оқыдық, тәлімді ұстаздардан білім алдық. Ұмытылмастай қызықты сәттер өтті. Сол кезеңді естелік етіп қалдыру үшін «Ақ желкен» баспаханасынан кітап шығардық. Жүз беттен тұратын кітапта сыныптастарымыздың, өзіміз өткізген шаралардың суреттерімен қатар, ұстаздарды да ұмыт қалдырған жоқпыз. Бұл – біздің лицейге, аяулы ұстаздарға білдірген алғысымыз!

ANU_0687

Назерке АЙМҰХАНОВА, С.Мұқанов атындағы №10 орта мектеп түлегі, «Алтын белгі» иегері:

Дәрігер болуды қалаймын

– Сегізінші сыныптан бері орыс тілі, биология пәндерінен қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, білімімді шыңдап келдім. Енді болашақта дәрігер мамандығын меңгеріп, еліміздің денсаулық сақтау саласына өз үлесімді қоссам деймін.

Алда талай сын күтіп тұр. Сондықтан, біз ата-ана, ұстаздардың үмітін ақтаймыз деген сенімдемін.

P.S. Дарынды оқушылар форумына жиналған түлектер мектепті үздік аяқтап, білімділіктің шынайы үлгісін көрсете білді.Енді олардың алдында толған мақсат, толған таңдау тұр.

Облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатын 2010 жылы «Үздік аттестатпен» бітіріп, шетелде жоғары білім алған, қазір «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясының техникалық деректер жөніндегі инженері болып жұмыс істейтін Берік Уәп та жастарға ақ жол тіледі.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз