Дәрі бағасын көтергендер лицензиясынан айырылады

Жаңалықтар Медицина Мәселе

Atr.kz / 7 шілде, 2020 жыл. Атырау облысында дәрі-дәрмек бағасын көтерген дәріхана жабылып, лицензиясынан айырылады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары, коронавируспен күрес жөніндегі өңірлік жедел штабтың төрағасы Нұрлан Таубаев осылай мәлім етті.

«Кеше және бүгін аймаққа қажетті дәрі-дәрмектер жеткізілді. Олардың алғашқы легі медициналық мекемелерге жіберілді. Енді ауруханаларда коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың емделуін қамтамасыз ететін дәрілердің қоры жеткілікті. Ал, бүгін жеткізілген дәрілер ертең дәріханаларға таратылатын болады. Алдымыздағы аптаның бейсенбісінде тағы да дәрі-дәрмек қоры жеткізіледі деп күтілуде. Әкелінетін дәрі-дәрмектердің жалпы көлемі өңірдегі дәрі тапшылығы мәселесін шешеді», – деді Нұрлан Таубаев.

Оның айтуынша, арнайы мониторинг тобы дәріханалардың қызметін қадағалап, дәрі-дәрмек бағасы көтерілген жағдайда қатаң шаралар қолданады.

«Мемлекет басшысы қол қойған дәрі-дәрмек бағасын реттеу туралы заңда осындай норма бекітілген. Мониторинг тобы дәрілердің бағасын қадағалап отырады. Егер дәріханаларда дәрі құнының шекті бағадан асып кеткені анықталса, сол дәріханалар жабылып, лицензиясынан айыруға дейін қатаң шаралар қолданылады. Сондай-ақ, дәріхана басшылығына айыппұл салынады», – деді ол. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысына тапшы дәрі-дәрмектер жеткізілген еді.

“ҚазАқпарат”

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған