Даланың даңқты падишасы

р адам Ц з м¦р¦н¦ суретш¦с¦ Жаңалықтар

Тұмар ханым  — массагет халқының байырғы заманда ел билеген атақты ханшайымы. Оны еуропалықтар өз арасында Томирис деп атаған.

__р адам Ц __з __м¦р¦н¦__ суретш¦с¦

Өздерін жаулап алуға келген парсылардың әр қадамын алыстан бақылап, біліп отырған Тұмар олардың дариядан өту үшін әуреленіп, көпір салғалы жатқанын естіп, Кирге арнайы жаушы жібереді:

– Мадилардың патшасы, ниетіңнен қайт. Салып жатқан көпірлеріңнің игілігін көрер-көрмесіңді өзің де білмейсің.  Ал, егер алда-жалда соғыспай қоймаймын десең, онда көпір салып, уақыт өткізіп, әуре болма. Дарияның біз жақ бетіне шығып соғысамын десең, біз үш күншілік жерге кетіп, жол ашайық, ал, дарияның өз жағыңда соғысамын десең, сен үш күншілік жерге шегін. Қалауыңа қарай өзің шеш.

Тұмардың ұсынысын Кир патша әскери кеңеске салады. Біраз пікірталастан соң, Лидияның бұрынғы патшасы, сол кезде Кирдің қолындағы мырза тұтқын Крездің ақылымен, дарияның массагеттер жағында соғысуды ұйғарып, шешімдерін Тұмарға хабарлайды. Дария деп отырғанымыз – қазіргі Сырдария өзені.

Массагеттер уәделерінде тұрып, үш күншілік жерге шегініп кетеді. Олардың кеткеніне анық көз жеткізгеннен кейін Кир бүкіл әскерін дарияның арғы бетіне өткізіп, Крездің үйреткен айласымен массагеттердың шабылдаушы тобын алдап қолға түсіріп, түгел қырғынға ұшыратады. Осы шабуылшы топтың басшысы, Тұмардың немересі Аспараны тұтқынға алады. Сүйікті немересі мен шеп бұзар жауынгерлерінің қайғылы хабарын алған Тұмар Кирге жаушы жіберіп, оған өзінің соңғы сөзін жеткізеді:

– Сен менің ұлымды ашық айқаста қару құдіретімен жеңген жоқсың. Енді менің мына ақылымды ал. Айла-амалмен біраз жауынгерімді опат еткеніңді қанағат тұтып, менің ұлымды өзіме қайтарып бер де, есен-сауыңда жөніңді тап.

Кир өзінің шайқасатынын айтып, Тұмардың жаушысын кері қайтарады.

Тұтқынға түскен Тұмардың  немересі Аспара өзінің қандай күйге ұшырағанын мастығынан айығып, есі кірген кезде ғана бір-ақ біледі. Кирден аяқ-қолын босатуын өтінеді. Қолдан бұғау, аяқтан кісен алынысымен, ол қасында тұрған парсы жауынгерінің қаруын жұлып алып, өзін-өзі өлтіреді.

Келесі күні екі жақтың арасында бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген сұрапыл соғыс басталады. Ақырында далалық ұрыс тәсілін тиімді пайдаланған массагеттер парсылардың әскерін түгелге дерлік жусатып салады. Қоршауға түсіп, бас сауғалар мүмкіндігінен айырылған Кирдің өзі де жауынгерлерімен бірге айқас алаңында қаза табады.

Енді бір аңызда «Кир – массагеттің бір тайпасынан шыққан бозбала, аты Құрыш» деп баяндалады. Өрімталдай Тұмар падиша мен бозбала Құрыштың арасындағы бір кездегі мөлдір махаббат қанды кекке ұласқан екен.  Жазушы Таласбек Әсемқұловтың шығармасында бұл хикая төмендегіше баяндалған.

Сонымен, біздің дәуірімізге дейінгі тарихтың 529 жылы қондыгер-қаңлының әскері Құрыш патша бастап келген бүкіл әлемнің біріккен армиясын талқандады. Осылайша, парсы империясының күйреуі басталды.

Әрине,  қаңлының өз ішінде жолы бәрінен үлкен бас әулет немесе ру болған. Ол – қисары руы. Қаңлы елінің өз патшалары тек қана осы қисарыдан сайланады екен. Ал, Тұмар  ханымның осы рудан екендігін ескерсек, онда қисары, грек жәдігерлеріндегі массагетке сәйкес келеді.

Әскери кеңес құрылтайында Тұмар  ханым: «Енді парсыны не істейміз?»  деген сауал қояды. Ақырында барлық әскербасылар ақылдаса келе, парсыны жаулау керек деп шешкен екен. Көп ұзамай 20 мың қаңлының әскерін бастаған Оғланерек деген қолбасшы парсының жеріне басып кіреді. Иранның ескі тарихында парсы империясының астанасы «Пасарғады» деп аталады. Қаңлының көне тілінде бұл қала «Иранбақ» деп аталған.

Оғланерек құрылтайдың тапсырмасын бұлжытпай орындап, Құрыштың бүкіл тұқымын қырып салады, Камбиз бен Бардия деген екі баласын өлтіреді. Содан соң, сарай төңірегіндегі Гуштасп деген құлдың Дарьяуш есімді баласын таққа отырғызады. Құрыштың әйелі Жаһанбану патшайымды алдына келтіріп, сен енді Дарьяуш (Дарий) патшаның әйелі боласың дейді. Алайда, күйеуі мен екі баласының қайғысына төзбеген Жаһанбану у ішіп өледі. Ахемен династиясының негізін қалаған, нәсілі қаңлы Құрыштың әулеті өз өмірін осылай аяқтаған екен.

Ал, өз өмірін массагеттердің, яғни, қаңлылардың (кейбір тарихшылар жазбасында олар «сақтар» деп те аталып жүр) келешегінің жарқын болуы үшін арнаған даланың даңқты  падишасы Тұмар есімі ғасырдан ғасырға ұмытылар емес.

Гүлзада Ниетқалиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз