ДАҒДАРЫСТЫ ЕҢСЕРУ ДАМУҒА ЖОЛ АШАДЫ

облыстық  активке  қатысқандар  осындай  тұжырым  жасады

Елбасымыздың Қазақстан халқына арналған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуал алдында: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауы бүгінде барлық еңбек ұжымдары мен оқу орындарында кеңінен талқылануда. Ал, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, қала мен аудандар әкімдері, облыстық мәслихат депутаттары, басқармалар мен департаменттер басшылары, кәсіпорындар мен саяси партиялар жетекшілері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан актив жиналысында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов баяндама жасап, Жолдаудан туындайтын нақты міндеттерге тоқталды.

Аймақ басшысы бүгінде әлемде қалыптасқан экономикалық дағдарыс хақында ашық айтты. Көмірсутегі шикізаты бағасының тым төмендеп кетуі өңір экономикасына да кері әсерін тигізді. Бейресми «мұнайлы астана»атанған Атырауда да етек-жеңді жинақтап, бар мен жоқты қайтадан таразылауға тура келеді.

Бір қарағанда, дағдарыстан шығудың жолдарын белгілеу дегеніміз – тың мүмкіндіктерге жол ашу. Бұл үшін тиімді жобалар ғана қажет. Мәселен, Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы он жылында мұнай бағасы арзандығына қарамастан, қалыпты өмір сүрді. Әрі қарай дамудың жаңа жолдары іздестірілді. Дер кезінде жаңа реформалар жүзеге асырылды. Тұралаған кәсіпорындар жекеменшікке берілді, сырттан қомақты инвестиция тартылды. Шетелдерден алып компаниялар қаржысымен келді. Сол алғашқы инвесторлар Атырауда, соның ішінде мұнай-газ саласында еңбек етті. Бүгінде біздің облыста 50-ден аса мемлекеттің азаматтары жұмыс жасауда, яғни, әлемдегі ірі мұнай-газ компанияларының өкілдері осында.

– Қазақ, – деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы, – «алтынның үстінде отырып аштан өлуге болмайды ғой» дейді. Егер шетелдерден іргелі компаниялар келмегенде, біз өзіміздегі ірі кеніштерді  дер кезінде игере алмаған болар едік. Мүмкін 40-50 жылдан соң қол жеткізерміз, бірақ, соған дейін экономиканы сауықтыру, халықтың әл-ауқатын түзеу керек емес пе?

Міне, аймақ басшысы айтқанындай, уақытында қабылданған реформалар нәтижесінде отандық кәсіпорындар аяқтарына нық тұрды, жаңалары пайда болды. Ұлттық қор құрылды. Оның қаражаты 2007-2009 жылдарғы дүниежүзілік дағдарыс кезінде кәдеге асты. Содан бері Ұлттық кор экономиканың жедел жәрдемшісіне айналды. Бұл  жолы да дағдарысқа қарсы нақты шаралар белгіленді.

Біріншіден,шикізаттық саладан өңдеу бағытына бет бұрылды. Индустриалдық-инновациялық үдемелі даму бағдарламасы батыл жүзеге асырылуда. Бірінші бесжылдық ойдағыдай мәреге жетті. Екіншісі де сәтті басталды. Биылдың өзінде жалпы құны 29 млрд. теңгеден асатын 11 жоба іске қосылмақшы. Осы жылғы 15 желтоқсанда Астанамен тікелей эфир ұйымдастырылады. Сол кезде Елбасы назарына жүн өңдейтін зауыт ұсынылмақшы. Мұндай кәсіпорын республикада  тұңғыш рет ашылғалы отыр. Мұнда 350 тонна қой және 100 тонна түйе жүнін өңдеп, 4000 қума метр дайын өнім өндіріледі. Міне, осындай жобалар тұтас республика экономикасына соны серпін береді.

Екіншіден, «Нұрлы жол» бағдарламасы  аясында  Ақтөбе-Атырау-Астрахан жолы күрделі жөндеуден өтеді. Сөйтіп, мұнайлы мекен еліміздің батысын көршілес Ресеймен байланыстырады.

 Үшіншіден,жекешелендіру үрдісі одан әрі жүреді. Мемлекет меншігінде нысандардың денін кәсіпкерлерге беріп, басқарудың тың тәсілі ұсынылмақ. Бұл бағытта тәжірибе бар. Әйтсе де, облыс әкімі айтқанындай, аймақта бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс баяу. Елбасы осы орайда кәсіпкерлерге үлкен үміт артады.

Төртіншіден,ірі жобалардықаржыландыру үшінкөп көлемдеинвестиция керек.Алдымыздағы он жылда кемінде 100 млрд. доллар инвестиция тарту міндеті қойылды. Бұған мұнайлы мекен де сүбелі үлес қосуы қажет. Осындай жобалардың төңірегіне шағын және орта бизнес нысандары шоғырланады.

Бесіншіден,әлеуметтік-тұрмыстық ахуалды одан әрі жақсартуға көңіл бөлінеді. Бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақылары өседі. Аймақта жылына жарты миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп жүр.

– Медицина саласында, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, – мамандар жетіспейтіндігін білемін. Қазір 114 адам қажет. Егер аймаққа өзге жақтан білікті дәрігерлер келетін болса, бәрін қызметтік пәтермен қамтамасыз етеміз. Ауылға баруға тілек білдіргендерге үй салып береміз…

Актив жиналысы соңында аймақ басшысы баршаны бірлікке шақырды. Кейбір ақпарат құралдарының арзан сенсацияға бой алдырып, қымбатшылық қысып жатқандығы туралы шу шығаруы дұрыс емес. Бірқатар жалған патриоттар осындай сын сағатында жұрттың қамын ойлаған болып, өздеріне «бедел» жинауға ұмтылады. Нан бағасы әзірге тұрақты. Демек, оны шарықтап кетті деп жалған ақпарат таратуға болмайды. Рас, азық-түлік құны өсуі ықтимал. Оны ұстап тұру қиын. Бірақ, бәрі де – жергілікті атқарушы билік бақылауында. Бүгінде өзімізді жергілікті өніммен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қолға алынуда. «Бірер жыл бұрын ғана картоптың 50 пайызы сырттан сатылып алынатын. Қазір осында өсіріледі. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шаруалар жеткілікті. Қысқасы, ырыс алды – ынтымақ. Осыны баршамыз да ұғынуымыз керек» деді облыс әкімі.

Алқалы басқосудағы тоқсан ауыз сөздің ең басты түйіні де осы болды. 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз