Дағдарысқа қарсы даму тың мүмкіндіктерге жол ашады

4 36 Жаңалықтар

Мұнайы мол мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ОПЕК ұйымына мүше елдер өнім импортын қысқартуға келіскенімен, оны ара-тұра өздері бұзады.

Әсіресе, дүниежүзілік дүрмекте «қара алтынның» кілтін ұстап отырған Сауд Арабиясы ешкімнен айылын жимайды. Америка Құрама Штаттарының экспортқа көмірсутегі шикізатын шығарғанына жауап ретінде өзіндегі ұңғымалардың тығынын ағытып жіберді. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дегендей, қос алпауыттың текетіресі өзгелерді ілестіре кетті. Мұндай тығырықтан салиқалы саясат ұстанған ел ғана шығынсыз шығады.

4-36

Инвесторлар cенімі нығайды

Осы орайда Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен-ақ ашықтық саясатын ұстанып, инвесторлармен жүйелі жұмыс жасағанының пайдасы тиді. Кешегі кеңестік одақтас республикалар ішінде экономикасына мол инвестиция тартқан мемлекет – біздің ел. Елбасы байлығымызбен бөлісе отырып, бірлескен кәсіпорын жетекшілерінен лайықты қайтарым да талап етеді. Инвесторлар кеңесінде «Қазір бәріміздің бірігетін уақытымыз. Экономика мен қоғам алдында тұрған қауіп-қатерді дұрыс қабылдап, барлық күш-жігерімізді жұмыс орындары мен азаматтардың табыстарын сақтауға жұмсауымыз қажет» деді Елбасы. Демек, байлығымызды бірге игеріп жатыр екенбіз, жауапкершілік жүгін де жеңілдетпей, қиындықтарды бірлесіп көтеруіміз керек. Ал, Атырау облысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі былтыр 2 трлн. 036,9 млрд. теңге болды. Демек, алдыңғы жылмен салыстырғанда 132,4 пайызды құрады.

Біз өзімізге сенуіміз керек

Әйтсе де, Мемлекет басшысы сын сағатта сыртқы күштерге сүйену бос дәме екенін де ашық айтып отыр. Алдымен өзімізге сенуіміз, ішкі мүмкіндіктерді іске қосуымыз қажет. Осы орайда,  біріншіден, қаржы секторы тұрақтануы тиіс. Ұлттық қордан екінші деңгейдегі банктерге көрсетіліп жатқан қолдау – жәй ғана жомарттық емес. «Халық та, банкирлер де, басқалар да осының айналасында алыпсатарлық жасамауы қажет. Бұл – бюджеттің, яғни халықтың ақшасы» деп қатаң ескертті Елбасы.

Бүгінде салымшылардың бес миллион теңгеге дейінгі қаржысын қайтаруға мемлекет кепілдік беріп отыр. Әйтсе де, банкілер төңірегінде түйткілдер бары да рас. Мемлекет басшысы жақында өткен алқалы басқосуда Ұлттық банкі басшысына қысым көрсетушілер жөнінде өзіне тура айтуды тапсырды. Демек, екінші деңгейдегі банкілер құрылтайшылары өздеріне орынсыз жеңілдік жасауды, сөйтіп, пайда табуды көздейтін тәрізді. Ал, бұл – адал ойын емес.

Кәсіпкерге – кең өріс

Екіншіден, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемалар шешімін күтеді. Әсіресе, үлескерлер мәселесі ушығып тұр. Атырауда мұндай түйткіл болмағанымен, Астана мен Алматыдағы ахуал жұртшылықты алаңдатып отырғаны рас. Ипотекалық несиелеу жүйесі барынша жетілдірілгенімен, оны да бүгінгі жағдайға бейімдеген жөн.

Үшіншіден, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау. Бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше жылдан бері жалғасуда. Қаржы дағдарысы жағдайында да бизнес иелерін қамқорлау тетігі табылуда. Қазір ісін ілгері апарушыларға 18 млн. теңгеге дейін несие беріледі.

Төртіншіден, ауыл шаруашылығын көтеру аса қажет. Азық-түліктің 30 пайызын сырттан тасыған елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнеді. Ішкі нарықта жергілікті өнімдер жетіспесе, сырттан әкелінетін қымбат тауар үстемдік құрады. Үкімет ет пен сүт, қант пен күріш тәрізді әлеуметтік азық бағасын барынша тұрақтандыруға ұмтылуда. Бірақ, бұл да – жеңіл шаруа емес.

Баға байыз таппай тұр

Күнделікті тұтынатын нан бағасы еркіндікке жіберілуін халық қолдап отырған жоқ. Оны субсидия арқылы ұдайы тізгіндеу мемлекет қазынасына біраз салмақ салады. Алайда, сатушылардың тізгін тартуды тоқтатқаны қорқытады. Мысалы, осы Атырауда нан бағасы әртүрлі.

Облыста ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты жүзеге асырылған шаралар қатарында асыл тұқымды сиырлар мен ешкілердің өсірілуін атар едік. Бүгінде атыраулық фермаларда даярланған сүт пен оның өнімдері қалалықтар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Жергілікті жұмыртқаны да тұтына бастадық. Енді балық өнімдерін қолжетімді етсек, бұл бағыттағы олқылықтың да орны толғалы тұр.

Бесіншіден, серпінді инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі жүзеге асыру міндеті алдымызға тартылды. Бүгінде «Қазақстанда жасалған» белгісімен бастапқы өнімдеріміз шет елдерге шығарыла бастады. Бұдан Атырау да кенде емес. Мәселен, «ЖігерМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дайындаған аса үлкен тереңдікті қазатын бұрғылау қондырғылары мен өте төзімді қашаулар – шетелдіктерді қызықтыратын өнімдер. «Брандо» мекемесінің бір реттік инелері Ресей нарығында сұранысқа ие болған. Ертең фармацевтикалық зауыттың тауарлары да тұтынушыларын табарына сенім бар. «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамында мәреге жеткізілген жобалар нәтижесінде аймақтың энергетикалық қауіпсіздігі сенімді қамтамасыз етілді. Өзге де өрісті істер мұнайлы мекеннің айбынын асырмақ.

Жалпы, Елбасы айтқанындай, дағдарыс жаңаша дамудың даңғыл жолына бастайды. Шынында да, тығырыққа тірелген әркім одан шығу тетігін де іздейді. Ендеше, Ұлттық қордан алынған ақшаны тиімді жұмсап, алдымен, жұмыссыздық деңгейін төмендету керек. Мәселен, көлік құрылымын қалыптастыруға бағытталған қыруар қаражат, біріншіден, елді мекендерді тақтайдай тегіс жолмен байланыстырады. Екіншіден, мыңдаған адам тұрақты қызметпен қамтамасыз етіледі. Ақтөбе–Атырау–Астрахан тас жолының күрделі жөнделуі мұнайлы мекеннің де мәртебесін көтеріп, жергілікті кәсіпорындардың іргелі жобаларға қатысу мүмкіндігін арттырады.

Сонымен, халықаралық сарапшылар Қазақстанның дүние-жүзілік дағдарыстан шаршамай шығуға бағытталған шараларын құп көріп отыр. Қазір-ақ оң бағасын беріп тастады. Бұл да – біз үшін үлкен абырой.

Меңдібай Сүмесінов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз