«ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ»

Міне, осындай ұранмен елімізде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында  облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен  сәуірдің 1-нен 10-ы аралығында мектептерде тамақтануды ұйымдастыру жөнінде онкүндік өткізілді.

Осы кезеңде  салауатты  өмір салтын қалыптастыру орталығы, қалалық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасы  мамандары, дәрігерлер  қала, аудандардағы  оқу орындарында болып, оқушылардың денсаулығын сақтау мен нығайту үшін дұрыс тамақтанудың маңыздылығы туралы  кеңінен ақпараттар берді. Рейдтер кезінде кейбір мектептердің асханаларында гигиеналық тазалықтың төмендігі, оқушылар үшін  дайындалған тамақ құрамының сапасыздығын анықтап, осы салаға қатысты мамандардан жауапкершілік сұралды.

Бұл мәселелер  қалалық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасы,  салауатты өмір салты орталығы мамандары мен  білім саласының қызметкерлері қатысқан баспасөз мәслихатында кеңінен сөз болды.

Мамандардың мәліметтеріне ден қойсақ, әлемде артық салмақ пен семіздіктің салдарынан қаншама адам зардап шегуде. Әсіресе, балалар арасындағы семіздік проблемасы дәрігерлерді алаңдатуда. Яғни, әлемдегі 170 млн-ға жуық балада артық салмақ есейе келе семіздік пен созылмалы инфекциялық емес аурулардың өсуіне әкеліп соғуы әбден мүмкін. Біздің елімізде энергетикалық сусындарды қалалық  балалардың  25,5 пайызы, ауылдық жердегі балалардың 22,7 пайызы тұтынады екен. Сондай-ақ, күнделікті 400 грамм көкөніс пен жемісті тұтынушы қалалық балалардың үлесі 77,8 пайызға, ал, ауылдық балалар арасында  70,7 пайыз құрайтын көрінеді. Сонымен қатар, тез даярланатын тағамды қалалықтардың да, ауылдықтардың да  балалары  бірдей тұтынса, еліміз бойынша фаст-фудты күніне бір рет 13,7 пайызға жуық  бала тұтынады екен. Сондықтан, мамандар денсаулығын ойлаған кез келген ата-ана мұндай тағамдарды балаға бермеуді ескертеді.

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Гүлнәр Мамбетова баспасөз мәслихатын қорытындылай келе былай деді. – Еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен 2007 жылы білім ошақтарында газдалған және алкогольсіз энергетикалық сусындарды, майға қуырылған картопты,  қытырлауықтарды (кириешки) сатуға тыйым салынған  болатын. Дегенмен, балалардың өздері  осы зиянды тағамдарды сатып алып, жеп жүреді. Әрине, баланың аты – бала. Сондықтан, ата-аналар қатаң қадағалап отыруы қажет. Себебі, мұндай тағамдар баланың ғана емес,  жалпы ересектердің де денсаулығына өте зиян екенін ұмытпауымыз керек.

 

 Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз