Құбылыс

IMG 4495 Жаңалықтар

Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жақында Атырауда өткен көшпелі отырысына келгенінде белгілі қаламгер, ғалым, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахмановпен аз-кем әңгіме-дүкен құрған жайымыз бар еді. Сонда атақты жерлесіміз Фариза Оңғарсыновамен рухани сыйластығы хақындағы ой-толғанысын да сұрағанбыз. Ағамыз: «Фәкең туралы естеліктер жинағына мақала жазғанмын. Ықшамдалған нұсқасын таяуда «Егемен Қазақстан» басатын болар» деген. Ол мақала газетте 24 қазан күні «Фариза феномені» деген тақырыппен жарияланды.

IMG_4495

Біздің өтінішіміз бойынша автор толық нұсқаны «Атырау» газетіне ұсынып отыр. Бұл естелікте қаламгер Фариза феноменін жан-жақты әрі шебер суреттеп, ақынның өзіндік қолтаңбасы мен қайталанбас құндылықтары хақында сыр шертеді.

Баязи ӘБДЕШЕВ

«Жетпісінші жылдың аяғында екі жыл әскер қатарында болып, Алматыға оралсам, Атыраудан келген ақын қыз Фаризаның жырлары астананы әбден шулатып жатыр екен» – Әбіш Кекілбаевтың «Фариза» атты эссесінің қолжазбасынан осы жолдарды оқығанда авторына телефонмен хабарласқанмын. Әбекеңе: «Ол өлеңдер тіпті ауылды да шулатқан. Сіздің жазғаныңыз есіме бір оқиғаны түсіргені. Баяғыда Фәкеңнің өлеңін оқимын деп мені мәшине қағып кете жаздаған» дегенмін. Қалай болғанын айтып бергенімде Әбекең әуелі лекітіп күліп алып, артынша: «Қой, бұл күлетін нәрсе емес екен, бұл жазатын нәрсе екен. Қағазға түсіріп қой» деп еді.

Қаламдас қарындасым Гүлсім Оразалиева хабарласып: «Фариза апаймен жақсы аралас-құралас болғаныңызды білеміз. Сіз туралы жазғанын да оқығанбыз. Апай жайындағы естеліктерден жинақ құрастырып жатырмыз. Сізден де естелік күтеміз» дегенде кезінде Әбіштей ағам айтса да қағазға түсіре қоймаған сол бір жайды қайта ойға оралтқанмын.

…Ауылымыздың пошташысы Өмірбек деген кісі еді. Қызы Гүлбара бізбен бір класта оқыған. Ол кісі поштаны совхоз орталығынан алады. Атпен жүреді. Хат-хабар, телеграмма, журнал болмаса, жаңбыр, қар жоқ күндері үй иесінің атын айтып, айқайлайтын да, газеттерді аттың үстінен үйдің тұсына қалдырып кете беретін. Ол кезде қазіргідей әр үйдің биік дуалы жоқ, көше жақ беттің бәрі ашық, ауылдың шаңы шығып та жатпайды, жердің құйқалы кезі, жолдың жиегі тұтасқан ажырық. Балаларды көрсе солардың қаумалағанын қызықтап: «Мә, газет! Мә, газет!» деп әр газетті жеке-жеке лақтырып тұрып алатыны есте. Кішкентай күнінде үлкен ұлым Асқардың ауылдан келген соң үйдегі газеттерді жан-жаққа лақтырып, «Мә, газет! Мә, газет!» деп пошташы боп ойнағаны да бар. Қойшы, қысқасы, бір күні Бесқұбырда (совхоз орталығы, мектебіміз сонда) жүрсем, Өмірбек ағай поштадан шығып келеді екен. Қос қоржыны толы. Атына мінгелі жатыр. Көре қалып: «Біздің үйдің «Лениншіл жасын» беріңізші» дегенім. «Ой, мына көп газеттің арасынан қайдан табамын? Үйге барған соң оқисың» десе де, көңілімді қимай, қоржынына қолын әрі сұғып, бері сұғып, бір кезде газетті ұстатты. Сұрап алған жаңағы газетті тап сол жерде оқи бастадым. «Лениншіл жастың» дүрілдеп тұрған кезі. Таралымы үш жүз мыңның маңайында! (Осы тұсты жазып отырып, Жанболат Аупбаевтан нақтылап едім, «Сейдахмет аға газеттен кетерде таралым жазылым бойынша 289 мың, киоскілердегі сатылым бойынша 11 мың болатын» деп жаңылыстырмайтын жады бойынша сарт еткізді). Үшінші бетіне бір топ өлең беріліпті. Топтаманың жалпы тақырыбы – «Мен саған ғашық емес ем…». Беттің жартысынан астамын алып жатыр. Авторы – Фариза Оңғарсынова. Әр өлеңнен кейін кішкентай штрих суреттер салып безендіріп, әбден әрлеген. Фотосы да бар. «Өлең де жазады екен ғой» деп ойлап қойдым. Газеттің республиканың батыс облыстарындағы меншікті тілшісі екенін білемін, очерк, мақала, суреттемелері екі-үш күн сайын борап шығады да жатады. Жарайды, өлеңдерін де оқып қарайық. Оқып қарасам, түрі басқа. Үні, сөзінің сазы, ырғағы басқа.

Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,

сен екеніңді білген бе ем…

Әйтеуір, жаным, «бұл күнде менсіз жүре алмайсың ғой» демесең,

мен саған ғашық емес ем.

Ғашық адам ғашық екенін айтушы еді. Бұл ғашық емес екенін айтады. Дұрысырағы – ғашық екенін сөйтіп айтады.

Келесің дәйім шілденің

от күні болып ынтығып,

құшағыңда құрып сүлдерім,

шыға алмай қалам бұлқынып.

Кетеді сонда жон аттап

тәкаппар менің өрлігім,

жанарда жүрген қонақтап

қоңырқай күздей сорлы мұң.

Әр шумағын оқыған сайын әкетіп барады, әкетіп барады бір жаққа. Бөлек бір әлемге. Қайталап оқыдым. Енді дауыстап оқи бастадым… Бір кезде оқыс шыққан үннен шошып кеткенім. Қарасам – жолдың дәл жиегінде тұрмын. Анандай жерге барып, бір жүк мәшинесі тоқтады. Жанымнан зу етіп өте шыққан көрінеді. Шопыры маған қарай келе жатыр. Түтігіп алған. «Есің дұрыс па өзі! Қағып кетсем қайтесің?!» дейді. Жаңағы өлеңдерді оқи-оқи орнымнан жылжып кеткенмін бе, әлде о баста жолдың дәл жиегінде тұрғанмын ба, ұқсам бұйырмасын. Шопыр жігіт зеки ұрсып, бетіме бажырая қарап кетті де қалды. Жолдың шетінде дауыстап газет оқып тұрған бала туралы не ойлап кеткенін кім білсін!..

Фариза Оңғарсынова жырлары, ақын сырлары менің өміріме, бозбала жүрегіме осылай оқыс енген болатын. Кейін білсем, бұған дейін, 1966 жылы «Сандуғаш» деген атпен тұңғыш жыр жинағы жарық көрген екен. Одан хабарсызбын. Қатты қайран қалдым. Сол газеттегі он шақты өлеңімен Фариза Оңғарсынова менің санамда бір сәтте ту биікке көтеріліп кеткен еді.

Фариза одан кейін де таңдандырудан танбады. Бірінші курста жүргенімізде әдебиет әлемінде бір тосын оқиға болды: «Жұлдыз» журналына кітап жарияланды! Иә, кітап. Фариза Оңғарсынованың «Мазасыз шақ» деген кітабы. Бас-аяғы бүтін, тұтас жинақ. Басталуынан, аяқталуынан, тақырыптарға бөлінуінен кәдімгі кітап етіп дайындалғаны, сол күйінде (редакция ішінен таңдағанын алар деген оймен) ұсынылғаны көрініп тұр. Әдетте әдеби журналдың жылдар бойы қалыптасқан құрылымы болады. Роман, повесть, өлеңдер, әңгіме, публицистика, очерк, әдеби сын, рецензиялар, библиография деген сияқты. Сонда өлеңдерге шамамен он пайыздай ғана орын тиеді, оның өзі 3-4 авторға бөлінеді. Бұл жолы бір автордың өлеңдері қалың журналдың ширек бөлігіндейін керіп тұр. Жұрт айран асыр болды. Осынша орынның бір авторға берілгені бір таңдандырса, ол автордың бұдан бұрын «Тұңғыш кітап» деген биттің қабығындай сериямен жалғыз жинағы жарияланған жас ақын екендігі екі таңдандырды. Ал, мен өзім, жаңа жаздым ғой, бұрын кітабы шыққанынан да хабарсызбын. Қысқасы, құлақ естіп, көз көрмеген жағдай. «Сол бойда-ақ, «Бас редактор жерлестікке салынып, енді шығып келе жатқан жас ақынның бүкіл жыр кітабын журналдың бір санына түгел жариялап жіберді» деген дабыл жоғары жақтарды жағалап кетті. Оның есесіне, оқырман қауым аспаннан меруерт жауғандай әдемі жырға бір кенеліп қалды. Ақын Фаризаның даңқы аспандай түсті» (Әбіш Кекілбаев). Расында да, аспаннан меруерт жауғандай болып еді-ау. Ойпырым-ай, сонша өлеңнің ішінде «Шынында да көлемі тым қомақтылау екен. Дәл мынаны баспаса да болады екен» дегізетін бір өлең болсайшы! Бірінен бірі өтеді.

Сенің от құшағыңда

дүниені ұмытып, талықсыдым.

Жүрегімді өртеді жан ыстығың.

Мынау байтақ далада тек екеуміз

жүргендейміз айналып ғарышты мың.

Көзімді ашсам, шырын сәт көзден ұшып

кететіндей жанарды тарс жұмдым.

Фаризаға дейін әйел жанының жан-жүректі өртейтін ыстық жалыны, сөзбен суреттелмейтіндей сезілетін сансыз сиқырлы сырлары қазақ тілінде «Қасиетті Алла атымен ант етем, Періштелер жәннатымен ант етем, Жалындаған біздің ыстық түндердің Тұншықтырған ләззатымен ант етем!» деп келетін аударма өлеңдерде ғана жеткізіліп жүрген еді деудің өзі де күмәнді болуы әбден мүмкін. Кім біледі, Хамит Ерғалиев атақты Анна Ахматованың бұл жырын да Фариза өлеңдерінің әсерімен аударған шығар, бәлкім. Өйткені, қанша жерден түбі татарға жиеншар дегенмен, нағашы әжесінің фамилиясын әдеби псевдоним етіп алған дегенмен, рухы жағынан тап-таза орыс ақынына (өз аты-жөні – Анна Андреевна Горенко) Алла атымен ант еткізбес еді ғой. Өйткені, Хамаңның өзі «Біздер (еркек ақындар) тек қана әйел табиғатына тән құпия құбылыстарды, қанша талантты болсақ та, өзіміздей-ақ таланты бар әйел ақындай дәл байқап, суыртпақтың оңайлықпен қолға ілінбейтін жерде жатқан ең нәзік те, ең қажетті тінін суырып ала алмай қаламыз. Өйткені… өйткені, біздің көңіл көзімізде ол тінді басқа тіндерден ажыратарлық қабілет жоқ болуы мүмкін. Басқаша айтқанда, табиғаттың өзі оны бізге білгізбей қойған болуы ғажап емес» деген ғой.

Ахматова демекші. Бізде өзімізді өзімізбен, бір-бірімізбен салыстырып тына беретін әдет бар. Өзіміздің арамыздан суырылып шыққанын көргеннің өзіне сұқтанып бітеміз. «Шеңберден шығу керек, Фариза!» деп Мұқағали айтқандай, шыр айналып, шиырлап біткен шеңберден шығу, өзімізге өзіміз белгілеп алған өлшемдерімізді өзгертуіміз керек. Планеталық планкалар белгілеу керек. Ұмтылар биігің жоғары болған сайын ұмтылысың да ұрымтал бола түседі. Негізінде, әлемдік әдебиеттің ең әйдік ақындарының ең бір жақұт жырларымен салыстырып қарағанда да Фариза Оңғарсынова өлеңдері поэтикалық бейнелерінің қара қағазға ақ бояумен өрнек салғандай ашықтығымен, айқындығымен, татаусыз төгіліп келетін тіл кестесімен, ағыл да тегіл құйылып жататын тың теңеу, оқыс ойларымен атақ-даңқы аспандаған талай классиктердің тұсынан табылатынын қадап көрсету шарт. «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты авторлық антологиямыздың Фариза жырларынан құралған топтамасына жазған алғысөзімізде осы тұрғыда айтқанбыз:

«Фариза Оңғарсынова поэзиясы қазақ жырындағы қыз-келiншектер өлеңдерiне ғана емес, жалпы ұлттық рухқа, халықтық болмысқа қатысты көптеген қасаң қалыптарды қақыратып өткен қасиетiмен қымбат танылады. Бiз қай заманда да халқымыздың әйел-анаға, сүйген жарға, қыз балаға құрметi бөлекше болды десек, қазақ қызды жасытпай, жарқылдатып өсiрдi десек, олардан батыр да, ақын да, көсем де, шешен де шықты десек, соның бәрiне даусыз дәлелдi Фариза жырларынан табамыз. Оңғарсынова өлеңдерi қазақ қызының бiз айрықша ардақтайтын асыл қасиеттерiн — жан тазалығын, ар тазалығын, шыншылдығын, сыршылдығын, батылдылығын, ақылдылығын, аяулы сезiмi мен қаяулы көңiлiн кiр шалдырмай ұстауға ұмтылатын асқақ аңсарын айрықша көркем күйде ақ қағазға төгiлте түсiрiп бергенiмен қымбат.

Ә дегеннен әдеби ортадан жырақтау жүрiп, жыр жарысына жетпiсiншi жылдардың бас жағында ғана қосылған Фариза өлеңдерi қазақ поэзиясына өзiндiк үнiн ала келдi дей салу аздық етедi. Фариза — қазақ рухына әсер еткен ақын. Сексен алтының желтоқсанында Алматының қақ ортасындағы қарлы алаңға шыққан қарындастарымыздың арасында Фариза жырынан жанына жылу алғандар аз болмағаны анық. Онсыз да қыз баланы бөлекше қастерлейтiн халқымыз Фариза өлеңдерi арқылы әйел затының қадір-қасиетiн бұрынғыдан да биiк бағалай түстi деудiң ешқандай артықтығы жоқ. Фариза өзiне дейiн «қыз-келiншектер поэзиясы» деп аталып, кеңдiкпен, кейде тiптi кешiрiммен қаралып келген ұғымға да басқаша сипат бердi. Поэзияда жаңа өлшем орнатты. Бiз ақын жырларының жұмсақ лиризмiн, жұмбақ табиғатын әлi де ашып көрсете алмай жүрмiз. Автордың күнделiктi өмiрдегi қалпына қарап оның жырларынан бiрыңғай асқақтық, кiлең бiр өрлiк iздей беру де қате ұғым. Шынтуайтында, әйелдiң әлсiз әлемiнен шыққан Фариза жырларының табиғаты нәзiк, тiптi қорғансыз болып келедi. Ақын жырларының күшi де сол әлсiздiгiнде.

Антологияның бұл ұсынымындағы «Әйелдiң монологы» соншалықты дәл табылған поэтикалық ырғағымен де, шыңғырған шындығымен де, сыздатар сыршылдығымен де, адамның ең бiр жан түкпiрiнде жататын интимдiк сезiмдердi жалаңаштай жаздап барып қайтадан жарқыратып алып кететiн ғажайып шеберлiгiмен де қайран қалдырады. Сұрапыл сезiм суретiнiң мұндай үздiк үлгiлерiн әлем әдебиетiнiң қазынасына қысылмай қосуға болады. Ашығын айтар болсақ, Фаризаның махаббат лирикасындағы жекелеген өлеңдер Ахматова мен Цветаеваның сөз қадiрiн бiлер жұрт мiнәжаттай жаттайтын жауһар жырларынан бiрде-бiр кем емес. Сондықтан да, Фариза Оңғарсынова поэзиясы өткен ғасырдың соңғы ширегiндегi қазақ әдебиетiнiң бөлекше құбылысы болды, сондықтан да, Мұқағали «жiгiтiнен қазақтың дос таба алмай» қиналғанда жүрегiн жегiдей жеген жан сырын Фаризаға айтты, сондықтан да, Фариза жырларының рухы нәзiк өрлiктiң, сыршыл ерлiктiң бейнелi баламасына айналды. Қазақ өзiнiң Фаризасын, аяулы ақын қызын сол үшiн де қадiрлейдi, қастерлейдi».

Қалай қадірлемесін, қалай қастерлемесін, егер Фаризаның лирикалық кейіпкері адамды тірідей жерлеп келіп, жаны шыңғыра былай дейтін болса:

Өзiңдi жерлеп келiп

жапа-жалғыз отырмын. Меңiреумiн.

Айналамда қыстыққан еңiреулi үн…

Әлем деген қап-қара бұлтқа оранып,

Жел соғады әйнектi сыртта налып,

есi ауысқан шығар бұл сығыр құдай,

сосын, сосын… денемдi бұрынғыдай

аймалаған секiлдi сенiң ернiң.

Буынымды босатып

сыбырлаған үздiгiп сенiң үнiң,

сосын менiң тек саған жерiк үнiм…

жанарымыз тек үнсiз ақтарған ой

(тек екеуiмiз бiлетiн сәттер бар ғой?) —

алақандар тигенде, бұлақ-құмар

дiр еткiзiп жүректен бiр-ақ шығар —

барлық елес таптады менi бүгiн.

Жерлеп келiп…

Жоқ, жоқ! Иә, өзiңдi жерлеп келiп,

отырдым сен деп семiп,

өмiр деген өзiңсiз қараң қалып,

керең болып кеткендей тамам халық…

осы менiң бүгiнгi есiмдегi.

Сенi осылай жерлегем. Кешiр менi.

Қалай қадірлемесін, қалай қастерлемесін, егер Фаризаның лирикалық кейіпкері біреудің құшағында басқаны ойлап былай дейтін болса:

Қуанышты мендегi

сенiң қайғың улайды.

Ешбiр адам жердегi

бiлмейдi бұл мұң жайлы.

Сүйсе, бақыт емес пе —

мен бiреуге тәттiмiн.

Түсесiң де сен еске

сап болады шаттығым.

Аяз шарпып дененi

сүйген болам бекер кеп.

Сенi iздегiм келедi

қай жерде отыр екен деп.

Сен жайлы ойды жасқадым

қалмасын деп ол бiлiп.

Құшағында басқаның

сенi ойлаймын. Сорлылық.

Шабыттың шаңқай түсінде тұрған жылдарында Фариза қаламынан осындай ғажайып жырлар талай-талай төгілді. Оның кітаптарынан жаныңа не керектің бәрін табасың.

Түн.

Аспан – жасыл жайма. Жұлдыз – ақық.

Бұлақ – қыз шолпы таққан сылдыратып.

Көк – заңғар. Дала – шалқар,

бұл сұлулық

тұр менің жүрегімнен жыр құлатып.

Рымғали Нұрғали «Мінезді жырлар» атты мақаласында айтатын «поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті» осы емей, немене?

«Мазасыз шақ» – ұлттық өлең өнеріндегі өлшемдердің талайын өзгертіп жіберген, талап-талғам планкасын көтеріп жіберген жинақ. «Бұл кітаптың сонылығы сонша – қазақ поэзиясындағы жаңа құбылыс – қыз ақындардың махаббат лирикасының тоғанын бұзып, бұрынғы бүркеме сезімдеріміз шымылдықтарын серпіп тастап, шынайы қалпы жыр болып буырқанды. Мінезді, тегеурінді, ынтық өлеңдер, құштарлығы бойға сыймайтын іңкәр жырлар жылғаларды толтырған көктем суындай тасынып, тарала жөнелді» деп жазды сол кезеңдегі Фариза фуроры туралы Күләш Ахметова. Оны Күләш қалтқысыз айтып отыр. Арғыдағы Ұлбике, Сарадан тартатын, бергідегі Шолпан, Зияш, Мәриям, Тұрсынхан, Күләштармен жалғасатын, өзіндік дәстүрі бар қыз-келіншектер поэзиясы Фаризадан кейін көктемгі даладай дүр сілкінді, сан түрлі себептермен тұншығып келген жыр бұлақтарының көзі ашылып, арнаға айналды, бірте-бірте «тоған бұзып» өзенге, одан теңізге ұмтылды. Осы тұрғыдан қарағанда Фариза Оңғарсынова өзінің екінші жинағында-ақ таңданарлықтай талант күшімен танытқан тізгінүзді үлгісімен қазақ поэзиясында ақын қыздарға жаңаша сүрлеу салған жолбасшыға айналды дей аламыз. Бұл – бер жағы. Әдебиетке қатысты жағы. Бұл құбылыстың әр жағы бар. Өмірге қатысты жағы бар. Фариза осы жинағымен, одан кейінгі бүкіл өнерімен әдебиетімізге, жалпы мәдениетімізге ғана емес, біздің өмірімізге де өзінше өзгеріс әкеле алды. Фариза арқылы біз қазақ әдебиетіндегі ақын қыздарымыздың ғана емес, жалпы қыздарымыздың аз-аздап болса да өзгере бастағанын көрдік. Фаризаның сөзін оқып, өзін көріп, мінезін танып барып, халықтың сана-сезімінде қазақтағы қыз баланың еркөңілділігі, еркіндігі, еркелігі дегендердің бәрінің бағасы білініп, бәсі артып шыға келді. Фариза арқылы қазақта қыз бала қадірлірек бола түсті. Онсыз да «қыз – қонақ» дейтін халық едік, Фариза жырлары әйел әлемінің қатпар-қалтарыстарын қопара қозғай отырып, ана, апа, әже, әпке, қарындас, сіңлі, қыз бала, жалпы әйел заты ұғымдарының ұлағатын сана-сезімімізге сіңіре түсті. Ақын жырлары жалпы өлең өнерінің де бағасын биіктетіп жіберді.

Өмірдің өткелдерінен

қиындық көп көргеніммен,

өртеніп от басқаныммен,

өзіңмен қоштаспадым мен.

Күлкімді, жайлы күнімді,

азапты, қайғы-мұңымды

өзіммен бөліскенің үшін,

қатем мен жеңістерім үшін,

менің мынау қиындау тағдырым болып

о баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем!

Фариза Оңғарсынова өмір бойы өзінің осы «өмірлік программасына» (Ғабит Мүсірепов) адал болып өтті. Өлеңге өліп-өшіп қызмет етті. Ыстығына күйді, суығына тоңды. Өлеңімен ауырды, өлеңімен жазылды. Қуанғаны да, қиналғаны да, жұбанғаны да, жылағаны да өлеңмен жазылды. Дара күндерінің, нала түндерінің серігі болған, сенімі болған өлеңді аялады, жүрегі сыздаған кезде, жаны мұздаған кезде өлеңді саялады, барын да, қанын да, жанын да өлеңнен аямады. Бір кітаптан кейін бір кітапқа өсумен, өрлеумен болды. Әсіресе, «Сенің махаббатың» (1977), «Шілде» (1978) жинақтарынан соң ақынның атағы тіпті аспандап кетті. Ол сол тұста-ақ қазақ поэзиясының даусыз мойындалатын дара дарындарының қатарына қосылды. 1983 жылғы «Сұхбат», 1984 жылғы «Жүрек күнделігі» жинақтары ақынның қай жағынан да әбден кемеліне келгенін көрсетті. Кеңестік заманның бас газеті «Правданың» бетінде оқырмандар Фаризаны «жиырмасыншы ғасырдың ұлы ақындарының қатарынан табылады» деп бағалады. Фаризаша жазуға тырысқан ақындар көбейді, Фаризаға арналған жырлар көбейді. Фариза сөзі өлеңнің өресінен асып, халықтың арман-аңсарына айналды, ұлттың ұятын жүктей бастады. Темір тордың әр жағындағы Асанбай Асқаровқа жазған өлеңінің мәтіні мәшіңкеге басылған күйінде қолдан қолға тараған кезі де есте. Оған сонау Бішкек түрмесінен «Үшбу хат арқалаған қыран жүгін… Зынданға даусың жетті, шынар гүлім! Тас керең сарайлар да өр үніңнен, асылы, бір сілкінген шығар бүгін» деп басталатын, «Сарғайдым, сауалым көп жанымда шын, Ел-жұртты, мекеніңді сағынғасын, Үзгендей болдың маған темір торды, аман бол, жігер-жүрек қарындасым!» деп аяқталатын жауап хат жазылғанынан да ел-жұрт хабардар болып отырды.

Сауытбек Абдрахманов

(Жалғасы бар)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз