БУРАБАЙДАҒЫ БАСҚОСУ – БОЛАШАҚҚА БАСТЫ БАҒДАР

Кеше Ақмола облысына қарасты Бурабай кентінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері  басшылары  кеңесінің  отырысы  өтті.

 

Жоғары деңгейдегі отырысқа Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Молдова Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары Андрей Галбур, Түркіменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Сатлык  Сатлыков, Украинаның Қазақстандағы істерінің уақытша сенімді өкілі Юрий Лазебник, ТМД Атқару комитетінің төрағасы-атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отырыс жұмысын бастамас бұрын Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконы Президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтады.

«Отырыс басталар алдында бәріміз әріптесіміз әрі досымыз Александр Григорьевич Лукашенконы президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтап, оған осынау жауапты лауазымда зор денсаулық пен табыстар тілегеніміз дұрыс деп ойлаймын. Сіздің басшылығыңызбен Беларусь барлық бағыттағы біздердің интеграциялық процестерімізді одан әрі нығайта береді деп сенемін», – деді ҚР Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы А.Атамбаев арқылы қырғыз халқын 4 қазанда парламенттік сайлаудың табысты өтуімен құттықтады. «Бұл – айрықша оқиға. Өйткені, көптеген жылдардан бері сайлау алғаш рет тыныш өтті және халық бейбіт мемлекетте өмір сүруді қалайтындығын кезекті мәрте өз даналығымен көрсетті», – деді Н.Назарбаев.

«Бүгінгі мемлекет басшылары кеңесінің отырысы Достастықта Қазақстан Республикасының төрағалығымен өтіп жатыр. Қазақстан ТМД құрылған сәттен бастап біздің мемлекеттер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты белсенді етуді, Достастықтың негізгі бағыттары бойынша тереңдетілген ықпалдастықты жақтап келеді. Бұл – посткеңестік кеңістіктің 11 мемлекетін біріктіретін ерекше әмбебап алаң. Біздің аймақта оның еш баламасы жоқ. Мұнда біз сенімді түрде халықаралық саясаттың өзекті проблемалары жөнінде пікір алмасып, біздің көп жақты ынтымақтастығымыздың кез  келген мәселесін талқылай аламыз. Бүгінгі шара ТМД-ның дамуына өз үлесін қосады, біздің елдер арасындағы одан арғы ынтымақтастықтың ұлғаюына ықпал етеді деп сенемін. Бүгінгі отырыстың күн тәртібінде 17 мәселені қарау жоспарланған. Оның ішінде, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне үлкен көңіл бөлінеді, халықаралық құжаттар пакетіне қол қою, бағдарламалық құжаттарды бекіту, сондай-ақ, БҰҰ-ның құрылғанына 70 жыл толуына байланысты халықаралық лаңкестікпен күрес жөніндегі ТМД мемлекет басшыларының Мәлімдемелерін қабылдау жоспарланып отыр», – деді ҚР Президенті.

Бурабайдағы ТМД Мемлекет басшыларының және Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысы кезінде Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Беларусь елінің жоғары мемлекеттік наградасы – «Халықтар достығы» орденімен марапаттады. 

– Құрметті кеңеске қатысушылар! Мен бүгін Беларусь елінің жоғары мемлекеттік наградасы – «Халықтар достығы» орденімен Нұрсұлтан Әбішұлын марапаттағым келіп отыр. Бұл наградаға ие болғандардың саны өте көп емес. Қазақстан Президенті бұл награданы бұрын да алмақшы болған еді. Бірақ, мен дәл осы Кеңеске қатысушылардың алдында марапаттағым келіп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы бұрынғы Кеңестер одағынан бөлініп шыққан елдер үшін көптеген игілікті істер атқарды. Ол кісінің идеясымен Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Үнемі интеграциялық одақтар құру туралы идеялар ұсынып жүреді. Нұрсұлтан Назарбаев – ТМД елдерінің достығының күшеюіне ғана емес, олардың жақсы өмір сүруіне де өз үлесін қосып жүрген бірегей қайраткер, – деді А.Лукашенко.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысы қорытындысында Президенттер 16 құжатты рәсімдеді.

Атап айтқанда, қол қойылған құжаттар мыналар: «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Мемлекет басшыларының Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығына орай мәлімдемесі туралы» шешім, «Халықаралық терроризммен күрес туралы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы Мемлекет басшыларының мәлімдемесі туралы» шешім, «Чернобыль АЭС-індегі апаттың 30 жылдығымен байланысты Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Мемлекет басшыларының үндеу туралы» шешім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы миграциялық процестерді құқықтық қамтамасыз ету туралы» шешім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің территорияларында бірлескен жедел тергеу тобын құру тәртібі және оның қызметі туралы» келісім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесін құру туралы» келісім, «Төтенше жағдайларды ескерту және жою саласындағы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы» келісім, «2020 жылға дейінгі Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы туралы» шешім, «2016-2020 жылдарға арналған сыртқы шекарадағы шекаралық қауіпсіздікті күшейтудегі Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастық бағдарламасы туралы» шешім, «Түркіменстанда «Достастықтың мәдени астанасы» мемлекетаралық бағдарламасын 2016 жылы жүзеге асыру туралы» шешім, «Сыртқы шекарадағы дағдарысты жайттарды реттеу (жою) үшін бағытталатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шекаралық және басқа да ведомстволарының топтарын құру туралы» шешім, «2012 жылғы 5 желтоқсандағы сыртқы шекарада дағдарысты жайттар туындағанда және реттегенде (жойғанда) көмек көрсетуде Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралық және басқа да ведомстволарының өзара іс-қимылын ұйымдастыру туралы ережені бекіту туралы» 2007 жылдың 5 қазандағы хаттаманы жүзеге асыру бойынша шаралар жоспарының орындалуы туралы» шешім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің лаңкестікке қарсы орталығының басшысы туралы» шешім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына төрағалық туралы» шешім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Мемлекет басшыларының кезекті отырысын өткізу туралы» хаттамалық шешім, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс үйлестіру комитетінің төрағасы туралы» шешім.

Кездесу қатысушылары лаңкестік қаупіне бірлесе қарсы тұру, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, Достастық қатысушы-елдері күш-қуат құрылымдарының ынтымақтастығы және басқа да негізгі мәселелерді қамтитын тақырыптар топтамасы талқыланды. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл толуына орай және халықаралық лаңкестікпен күрес туралы мәлімдемелер, Чернобыль АЭС-індегі апаттың 30 жылдығына байланысты үндеу қабылданды.

 Мемлекет басшылары ұсынылатын құжаттар үлкен қызығушылық тудырып отырғанын және оларды қабылдау елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал ететінін айтты.

ТМД Мемлекет басшыларының келесі кеңесі келер жылдың қыркүйегінде Қырғыз  елінде өтеді.

Қазақпарат, Ақорда материалдары бойынша дайындаған Б.ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз