Бос қалған мейрамхана… асабалар не істерін білмей жүр…

0 40 COVID-19: Соңғы поштадан...

atr.kz/18 қыркүйек, 2020 жылБүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірген пандемияға дейін қандай едік?

Тойшыл, думаншыл едік. Бұл біздің бағымыз ба, сорымыз ба, әйтеуір, демалысына кем дегенде бір-екі тойға баратынбыз. Өзіміз де той жасаймыз. Жағдайымыз соқпай жатса да, намысқа тырысып, елден қалмайық дейміз. Сол үшін банктен қарайған несие аламыз. Мейрамханаларға жарты жыл бұрын кезекке тұрамыз. Қонақ разы болсын деп, ең қымбат асабаның қызметіне сүйенеміз. Осының ­зі бізге қызық еді…

«…Шынның бетін бояйды»

Алланың басыңа салғанына қарсы келер қауқарың қайда, COVID-19-дан кейін мұның бəрі су сепкендей басылды. Халық той түгілі өзінің қара басымен қайғы болды. Екі күннің бірінде еститіні – қаралы хабар. «Не дейді, күні кеше шауып жүр еді ғой?!» деп оған сенгісі жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, жаманат жалған болар ма? Бүгінге дейін қаншама игі жақсымыздан, тума-туысымыз бен ата-анамыздан, бауырымыз бен құда-жекжатымыздан, əріптесіміз бен зиялыларымыздан көз жазып қалдық десеңізші! Біріміз қайғыдан қан жұтып, сарыуайыммен жүргенде, кейбіріміз тығылып той жасадық.

 Құда күтіп, қыз ұзаттық. Ұлды үйлендіріп, келін түсірдік. Топтасудан, көп адам жиналудан ауру тарайтынын естіпбілсек те, өзіміздікін жөн санадық. Осының бəрі, дұрыстап ойланып көрсек, біздің жауапкершілігіміздің төмендігін көрсетеді. Өйткені, біз бірер сағаттық қызық үшін айналамыздағы ең жақын, өзімізге қымбат жандардың саулығына бəс тіккендей болдық. Кім біледі, мүмкін кейбіреуі осыдан кейін сырқаттанып қалды ма?..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал, бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мəселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр,» – деп өте орынды айтты. Расымен де, қазақ тойларындағы даңғазалық пен ысырапшылдықтан арылатын уақыт əлдеқашан жетті. Соны ақылға салып, бір сəт ойланып көрсек ше…

Палаткада да той жасағанбыз …

Біздің жастық шағымыз сонау сексенінші жылдары өтті. Табиғатымнан қарапайым болғандықтан ба екен, атаанама: «Той жасамай-ақ қойыңыздар. Ақ баталарыңызды алсам да жетеді,» – дедім. Мұны естіген əкем марқұм: «Барымыз да, нарымыз да – өзіңсің. Шешең екеуміз жалғыз сенің тойыңды жасай алмасақ, кім болғанымыз?!» – деді жанарына жас алып. Ол кезде қазіргідей хан сарайындай тойхана, мейрамханалар атымен жоқ. Жалға палатка алады да, соның ішін толтырып қонақ шақырады. Сөйтіп, тойымыз 250-300 кісілік үлкен палаткада өтті. Эстрадалық ансамбль жалға алынды. Асаба – досымыз, журналист Бекбол Мақымов.

Марқұм тілге шешен жігіт еді, тойымызды тамаша басқарды. Ол кездің асабалары қазіргілердей тұрпайы сөйлемейді. Бəрін екшеп, салмақты да салиқалы басқарады. Ұйымдастыратын ойындары да көңілге қонымды болатын. Көпке топырақ шашпасақ та, қазіргі асабалардың арасында аузына келгенін айтатыны, содан таяқ жеп жататыны аз емес. Ал, ең сорақысы – пандемия кезінде тығылып той жасаушылардың тойын басқаруға барып, тəртіп сақшылары кіріп келгеннен кейін басқармаған тойдың ақшасын алып кетулері. Өздеріңіз білесіз, ол да аз ақша емес, 250-300 мың теңге! Осыдан кейін кейбір асабалардың адам, азамат екеніне күмəнмен қарап, «əлгі келген жын ба, сайтан ба?!» дейтініңіз даусыз.

Тәрбие құралы

Бұрын біз киноны тəрбие құралы деуші едік. Соған сай, той да – тəрбие ошағының бірі. Расында, қонақ тойдан шаршап емес, тынығып қайтуы керек. Бірінен екіншісі қалғысы келмейтін той иелері кейде асабаны өзге облыстан шақыртады. Тіпті кейбір тойды бір емес, екі-үш асаба басқарады. Əр өңірден келген олар жергілікті халықтың менталитетін білмейді. Осыдан барып той қонақтары мен асаба арасында түрлі түсінбеушіліктер пайда болады.

«Той десе, қу бас домалайды», «Бұдан жаманымызда да тойға бардық» дейміз. Ол рас. Дегенмен, əр аймақ пен əр кезеңнің өзіне тəн көрінісі мен ерекшелігі болады. Мəселен, ауылда өтетін той мен қалалық жерде өтетін, сонау сексенінші-тоқсаныншы жылдары өткен той мен екі мың он бесінші-екі мың жиырмасыншы жылдарғы тойлардың ерекшеліктері жер мен көктей. Бұл да болса еліміздің жаңарып, халқымыздың жағдайының жақсарып келе жатқаны болар. Шүкір дейік.

Үлкен оркестрді дирижер басқарса, тойды асаба басқарады. Осы тұрғыдан алғанда, оның ең алдымен, өте мəдениетті болғаны лəзім. Өйткені, өзіміз көріп жүрген талай тойда асабалардың арзан əзіл мен анайы да тұрпайы ойындарға əуестігі басым жүрді. Біреудің басына, екіншінің шашына, үшіншінің дене бітіміне тиісетін қылжақбас, сайқымазақ асабаны жүздеген мың теңгеге жалдап алу не сорымыз?! Əсіресе, ақ кимешекті аналарымызды ортаға шығарып: «Апаау, қазір мынадайсыз, қыз күніңізде қандай болдыңыз?!» деген не сөз! Сол себепті асаба мəдениетті болса, соған сай мəртебесі де жоғары болады.

Тəртіп қай жерде де керек. Айталық, шақырған тойға кешікпей бару, даурығып сөйлемеу, тілек айтушыларды тыңдау – осының бəрі қонақтар сақтайтын тəртіп. Үлкендер лебізін тыңдамай, өздерімен-өздері арақ ішіп, стақан соғыстырса немесе ауыл-аймақ əңгімесін тауыса алмай, күбірлесіп отырса, ол да той иелері мен жанындағыларды сыйламағандық болады. Жалпы əр адамның жағдайы əртүрлі. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді». Əңгіменің басы бұрынғы тойларға бұрылып жатса, көбіміз «Қазір заман басқа, соған лайық адам басқа» деп зар илеп қоя береміз. Жақсы келісейік. Бəрібір сол қызықты жақсы етіп өткізу үшін ақша қажет қой. Соны қайдан аламыз? Осы жағын ойладық па? Əлде тағы да банктен несие алып, тарығып, зарығып отырамыз ба? Ал, біздіңше, бір күндік қызық өткіземін деп, миллиондаған қарызға батқанша, көрпеге қарай көсіле салған жөн. Өйткені, барымен базар болған жанды бəрі түсінеді, сыйлайды. Сіздің шынайы ниетпен ұсынған бір үзім наныңыз қадірменді қонағыңыздың жұдырықтай жүрегін жаулап алады. Адал дастарханыңыздан ас татқан олар сіздің осынау құрметіңізге разы болады. Барға қанағат етудің маңызын түсінеді.

Деректер тілімен

Қанша айтылып, ескертіліп жатса да, соның біріне де құлақ аспайтын адамдар болатынын облыс полицейлері анықтаған деректерден көріп отырмыз.

Айталық, осы кезде 770-тен астам карантин режимін бұзғандар тіркелді. Олардың қатарында түнгі шектеулерді бұзған 400-ден астам сауда орындары мен супермаркеттер, дəмхана мен мейрамхана иелері де бар. Облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері, сонымен қатар, облыста салынған тыйымдарға қарамастан үйлеріне көптеген адам жинап жиын-той, садақа, құдалық, шілдехана өткізген жиырмаға жуық отбасын анықтады. ҚР жəне Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дəрігерлерінің қаулыларымен белгіленген қала аумағында карантин режимі кезінде жұмыс жасауға рұқсат етілген нысандарда коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу жəне карантин режимінің сақталуын қадағалау мақсатында қала əкімі өкімімен құрылған мобильдік топ мүшелері Атырау қалалық полиция басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп, ағымдағы жылдың тамыз жəне қыркүйек айларында Атырау қаласында орналасқан үш мейрамханада отбасылық мерекелік іс-шаралар өтіп жатқандығын анықтады.

– Атырау облысының  бас мемлекеттік санитарлық дəрігерлері қаулысындағы үйде жəне адамдар көп жиналатын орындарда банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас беру, тағы басқа іс-шараларды өткізуге салынған тыйымдарды елемеген мейрамхана иелеріне ҚР ƏҚБтК-нің 425- бабы 1-бөлігі бойынша (230 АЕК) əкімшілік хаттама толтырылды, – дейді Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы санитарлық қадағалау бөлімінің жетекші маманы Əсем Жұбанова.

– Сонымен қатар, біздің басқарма мамандары мобильді топпен бірге тексеру жұмыстарын күнделікті жəне тұрақты түрде жүргізеді. Осыған орай, Атырау қаласы аумағында орналасқан кəсіпкерлік нысан басшыларын, тұрғындар мен қонақтарды қала  аумағында жарияланған карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Бұл – сіздің жəне сіздің жаныңыздағы жақындарыңыздың қауіпсіздігі жəне саулығы. Құр мақтанның қажеті жоқ Тойдан кейін өтетін құдалықтар, екі жақтың киіт алмасуы, «мен сондай кесапат келмегенде, кең дүниенің қадірін білмейді екенбіз.

– Біз – бес балалы отбасымыз.

Бұрынғы ұл-қыздарымыздың шаңырақ көтеру тойларын үлкен мейрамханаларда өткізген едік. Кенже ұлымыз «үйленемін» дегенде, карантинге тап болдық. Үй жағдайында да шағын той жасауға рұқсат болмады. Көзіміз ашық, көкірегіміз ояу жандар болғасын бəрін түсінеміз, тəртіп бұза алмаймыз. Екі жақтың ата-анасы болып өзара кеңесіп, қонақ шақырмайтын болып келістік. Үйімізді кісіге толтырып, кейін ауырып-сырқап жатсақ, кімге – пайда, кімге – зиян?! Шүкір, келініміз де, біз де бір-бірімізге үйренісудеміз.

Түсінігі бар бала ғой, бізге: «Лимузинмен əкелмедіңдер, ақ көйлек кимедім!» – деп жатқан жоқ. Бізге балаларымыз бақытты болса, соның өзі үлкен жетістік. Елімізге береке, халқымызға амандық, ұрпағымызға мерекелі күндер тілейміз! – дейді атыраулық көп балалы ана Татьяна Сəрсенқызы.

Тереңірек ойланып көрсек, көп балалы ананың сөзінің жаны бар. Мейрамхана залын толтырып той жасағанда да, үйде өз отбасыңмен атағанда да сол қуаныш. Шындығында, бұл – ет-жақын ағайының мен бауырларыңның қуанышы. Сондықтан: «Қап, үш жүз не бес жүз қонақ шақырып, үлкен той жасай алмағаным-ай!?» деп өкінбеу керек. Оның үстіне көпшілік карантин жағдайындағы тірлікке əбден үйренді.

Атап айтар болсақ, денсаулықтың қадірін білді, уақыт пен қаражатты үнемдеп үйренді, ағайын мен достың, жұмыстың бағасын түсінді, ең кішісі, емін-еркін дүкен мен базар аралап жүрудің мəнін ұқты. Батпандап кіріп, мысқалдап шығып жатқан кесел осылайша санамызға соны серпіліс жасап, ойымызды жаңартты.

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз