«БОЛАШАҚ ЧЕМПИОНДАРДЫ ДАЙЫНДАП ЖАТЫРМЫН»

Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, таэквондодан Қазақстан құрама командасының мемлекеттік жаттықтырушысы Арман Шылманов кеше қаладағы №33 орта мектепте оқушылармен кездесті.

«Сарықамыс» мөлтекауданындағы білім ұясында оқушылардың спортпен айналысуына жайлы жағдай жасалған. Мұнда каратэ, тоғызқұмалақ, күрес, таэквондо, тағы басқа спорт түрлері бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Сондықтан, шәкірттер танымал спортшымен кездесуді ерекше ынтамен күтіпті.

– Бүгінде Астанада тұрып жатсам да, туған жерім Атырау маған өте ыстық. Үнемі сағынып келемін, – деді Арман Шылманов.

Спортшының жайдары көңіл күймен бастаған әңгімесін оқушылар жалғастырып әкетті. Олардың бірінен соң бірі қойған сұрақтары мазмұндылығымен ерекшеленді. Мәселен, бір шәкірт Олимпиаданың қола жүлдегерінен «Атыраудан мектеп ашу жоспарыңызда жоқ па?» деп сұрады. Байқасақ, бұл жағдай Арманның көкейінде көптен бері жүрген мәселе екен. «Мұнайлы өңірден талай талантты жастар шығып жатыр. Әсіресе, біздегі таэквондо мектебі жақсы дамыған. Соған қарамастан, мен де бұл бағытта өзіндік үлесімді қоссам деймін. Келесі жылы Балықшыдан таэквондо мектебін ашу ойымда бар»  деді ол.

Қазақстанның атын әлемге танытқан спортшының таэквондоға келуі де қызық көрінді. Кездейсоқ кездескен Нұрхат Дүйсенбаев деген жігіт (анығында, базардың күзетшісі) таэквондодан бапкер екен. Ол Арманды осынау спорт түрімен айналысуға шақырады. Ең қызығы, сол күннен кейін бір ай мерзім өткенде Арман Шылманов қатынасқан жарысының жеңімпазы атаныпты.

–         Бұл менің алғашқы жеңісім болатын. Ал, халықаралық додада Тайландтың астанасы Бангкокта өткен Азия біріншілігінде топ жардым. Сол кездегі қуанышымды әлі күнге ұмытпаймын, – деген Арман балаларды спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. «Мен әлемнің біраз елінде болдым, керемет деген мемлекеттердің астанасын, қалаларын араладым. Бірақ, оның ешқайсысы туған жеріңе, Отаныңа жетпейді екен. Сондықтан, сіздердің мықты спортшы болуларың міндетті емес. Бастысы, қай салада жүрсеңіздер де Қазақстанды ардақтап, мерейін асырыңдар» деген тілегін айтты әйгілі спортшы.

Шара соңында ол «қазіргі шәкірттерімді өзімнің қолым жетпеген арманға ұмтылдырып, баптап жатырмын. Ол арман – Олимпиада чемпионы болу» деді Арман Шылманов.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз