БИЗНЕСКЕ – БЕЛСЕНДІ БЕТБҰРЫС

Атырау қаласындағы белсенді кәсіпкерлер саны бүгінде 21 мыңнан асады екен. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезекті ХХІІІ сессиясында орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндаған қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қадырғали Тұрғанов мәлім етті.

 «Нәтижесінде 55 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпкерлердің арасында негізінен сауда орталықтарын, қызмет көрсету орындарын, дәріхана, шаштараз, қонақүй, мейрамхана, көлік жуу сынды нысандарды ашуға деген қызығушылық басым» дейді ол. Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында «бизнес кеңесші» аталатын оқыту жұмыстарын жүргізу де жоспарланып отырған көрінеді. Осы орайда Уақытша комиссия төрайымы Бақытгүл Хаменова сараптама жасау арқылы өңірге қажетті бизнес салаларын дамытуды, өз саласында жетістіктерді бағындырған кәсіпкерлермен ұдайы пікірлесіп отыру мақсатында «дөңгелек үстел» сынды шараларды ұйымдастыруды ұсынды.

Мамыр айында газ бағасында өзгерістер болуы мүмкін. Бұл туралы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы директорының маркетинг және өткізу жөніндегі орынбасары Мақсот Әбуовтың сөзінен белгілі болды. Негізінен газ тарифінің бағасын халыққа тиімді деңгейде ұстау жөнінде баяндаған оған Уақытша комиссия төрағасы Ермекқали Юсупов республика бойынша газ бағасын бекіту кезінде тұрғындар арасындағы айырмашылықты ескеруді ұсынды.

Бұдан былай сессия жұмысына шақырту алған тиісті құрылым басшылары міндетті түрде қатысуы керек. Мәжіліске қатысқан Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков барлық құрылымдарға осыны жүктеді.

Қалаға қарасты ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту, салық ставкаларын белгілеу сынды барлығы сегіз мәселе қаралған сессия соңында тиісті шешімдер қабылданды.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз