БІЗ ЖАСТАРҒА СЕНЕМІЗ!

«Жас дарын – 2015» сыйлығы табысталды 

Салтанат сарайында облыс әкімдігі және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Алтын топшы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жас дарын – 2015» облыстық жастар сыйлығын тапсыру рәсімі өткізілді.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан өз сөзінде мемлекет тарапынан жастарды қолдау бағытында жасалынып жатқан жұмыстар жайына кеңінен тоқталды.

– Бизнесін бастаймын деген жастарға біздің елде қолдау зор. Мысалы, еуропада кәсіпкер болсаң, тапқан табысыңның 70 пайызын елге салық ретінде бересің, ал біздің елде керісінше, он пайызын ғана мемлекет игілігіне жұмсайсың. Біздің елде ғана шыр етіп дүниеге келгеніңнен бастап азаматын өз жауапкершілігіне алады. Дәрігер, балабақша, мектеп, оқу орнының бәрі мемлекеттікі болса, идеяңды жүзеге асыруыңа да мемлекет қарасады, көмектеседі, қамқорлайды. Осыдан кейін «Елге біз не беріп жатырмыз?» деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақты жүрегімізбен ғана сезінуіміз керек, – деген Шыңғыс Жұмабекұлы «Үздік жастар ұйымы», «Жастармен жұмыс атқарған мемлекеттік мекеме» және «Үздік жас қызметкер» аталымы бойынша жастарға марапаттарды табыстады.

«Үздік жастар ұйымы» номинациясына «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігі ие болды. Ұйым 2004 жылы құрылған. Жетекшісі – Ринат Ғилажев. Жастар саясаты мен қоғам өміріне өзіндік үлес қосып келе жатқан бірлестік көптеген игі іс-шараларда белсенділігімен көзге түсіп жүр.

«Жастармен жұмыс атқарған мемлекеттік мекеме» номинациясын Құрманғазы аудандық жастар ресурстық орталығы иеленді. 2013 жылдан бері орталық жастар арасындағы тілдің, мәдениеттің мәртебесін көтеруге, әдебиетті насихаттауға үлес қосып келеді.

«Үздік жас қызметкер» номинациясының иегері Абылай Досниязов атанды. Ол  Атырау инженерлік-гуманитарлық колледжінің  директоры.

«Үздік жас кәсіпкер» Гаухар Ілиясова атанды. Жас кәсіпкер Мақат ауданынан 2013 жылы «Ғазиз-А» атты асхана ашқан, 34 түрлі тағам дайындайды. 2014 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алу арқылы  кәсібін дамытуда.

«Жас үздік волонтер» номинациясы Баубек Сабыровқа берілді. Баубек – ерікті түрде қоғамдық іс-шараларға қатысушы. Facebook әлеуметтік желісінде мұқтаж жандарға көмек көрсету және желідегі қауымдастық арқылы жастардың басын біріктіріп, теннис, боулинг, караоке жарыстарын ұйымдастырушылардың бірі.

«Жас үздік спорт шебері» Сұңғат Закарияев атанды. Ол – Қазақ және дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, қазақ күресінен «Еуразия барысы» турнирінің жеңімпазы, ҚР Кубогінің иегері, ҚР Спартакиадасының жеңімпазы, дзюдо күресінен ҚР чемпионатының жүлдегері.

«Жас үздік журналист» номинациясымен Динара Қанбетова марапатталды. Динара Марданқызы – 2011 жылдан бері облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі. Мәдениет, білім, денсаулық сақтау саласы бойынша көптеген мақалалар жазған. Газет саласындағы тынымсыз еңбегі үшін Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.

«Жас үздік әдебиетші» номинациясын Бақытгүл Сәрмекова иеленді. Бақытгүл – облыстық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің маманы. Жас жазушы. Шығармалары республикалық баспасөз беттерінде, белгілі интернет басылымдарда жарияланып жүр.

«Жас үздік мәдениет қызметкері» номинациясы  Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының суретшісі Тимур Қоесовке бұйырды. Ол – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Театр сахнасында көптеген спектакльдердің қоюшы-суретшісі. Республикалық, облыстық суретшілер байқауларының лауреаты.

«Жас үздік дәрігер» номинациясына Райса Ертілеуова ие болды. Райса Социалқызы – Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының «Педиатрия» факультетін бітірген. Еңбек жолын Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығында бастаған. Алты жыл бойы аталған орталықтың «Нәрестелердің жан сақтау» бөлімшесінде  неонотолог қызметін атқарған. 2011 жылы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының шақыртуымен  облыстық перзентханаға қызметі ауысқан. Қазіргі таңда «Интертич» клиникасының балалар педиатры.

«Жас үздік ұстаз» номинациясының иегері Жәнібек Нұрсейіт атанды. Махамбет ауданы, Талдыкөл мектеп-балабақша кешені технология және сызу пәнінің мұғалімі. «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты IX республикалық педагогикалық  олимпиадасының I орын иегері.

«Жас тәртіп сақшысы» номинациясының иегері Руслан Садыров атанды. Полиция майоры. Ішкі істер органдарында 2000 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. 2012 жылы Атырау облысы ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қылмыстық топтар мен қауымдастықтарды әшкерелеу бөлім-шесінің бастығы лауазымына тағайындалған. Оның жетекшілігімен  2014 жылы екі ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған. 

«Жас үздік әскери қызметкер» болып Эльдар Қойшыбаев танылды. Ол – №36739 әскери бөлімшесінің байланыс басшысы. Кіші сержант. Ол өз қызметін жетік меңгерген. Көптеген марапатқа ие болған.

Салтанатты рәсімде «Нұр Отан» партиясының Атырау облысының филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат  Бектеміров жастарға сенім артса, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ерболат Қаменов жаңа бастамаға сәттілік тіледі.

Салтанатты рәсімнің соңы жергілікті өнерпаздардың ән-күйіне, отшашу жарқылына ұласты.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Суреттерді түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз