«Біз көтерген мәселе»

56371 "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Облыстың байырғы басылымы – әркез қоғамдық пікірдің ұйытқысы. Оның бетінде өмірдің барлық саласы, өңірдің күнделікті тіршілігі тұрақты көрініс тауып келеді. Бүгін біз жыл ішінде «Атырауда» жарияланған, ел назарын ерекше аударған мақалалардың бір шоғырына қайтадан тоқталғанды жөн көрдік.

56371

№3. 13 қаңтар

Қатыгездік пе, қателік пе?

Әлеуметтік желілерде жан-жануарларды қорлайтын сәттер көрсетілген бейнекөрсетілімдер жиі жариялана бастады. Оны қарап отырудың өзі қорқынышты. Кейбір адамдардың табиғатқа жасаған қастандығы төбе шашты тік тұрғызады. Олар осынау әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылатынын біле ме? Алтыншаш Құрмашева осы сауалға жауап тосып қоймай, табиғат қорғау прокуратурасы, психолог, әуесқой аңшыны сөзге тартып, пікірлерін ұйымдастырған.

 

№4. 16 қаңтар.

Жастар ерте үйленуге неге құмар?

 Бүгінде ерте неке құратын жастар көп. Әсіресе, қыз балалардың көпшілігі буыны қатпай-ақ өзге үйдің босағасын аттайды. Оның бірқатары еркінен тыс ұзатылып немесе зорлық-зомбылық пен сексуалды зорлықтың құрбаны болып жатады. Сонымен қатар, мектеп қабырғасында оқып жүрген қыз баланы күштеп ұзату, немесе «қыз алып қашу» оқиғалары да кездеседі. Амандық Абдолов осы мәселені көтеріп, қоғам назарын аударған.

 

№7. 27 қаңтар.

Шаңырақ неге шайқалды?

Газет редакциясына келген алпысты алқымдаған ана өзінің басындағы жағдайды айтып берді. Үшінші ұлы үйленгеніне көп болмастан, олар небір ыңғайсыз жағдайды бастан өткеріпті. Оған келіннің анасының өзге отбасының ішкі шаруасына араласуы себеп болған. Кейін жастарды бөлек шаңырақ етіп шығартып, үйді қыздың атына, ипотеканы күйеу баланың мойнына іледі. Кішкенелі болардың алдында құдағай қызын өзінің үйіне көшіріп алады. Ал, жігіт «күшік күйеу» атанғысы келмейді. Өмірдің көлеңкелі тұсын осылайша әңгімесінің өзегіне айналдырған Лиза Сейтімованың мақаласы көпшілікке ой салды.

 

№12. 13 ақпан.

Жерде жетім жыласа…

Қоғамда жантүршігерлік оқиғалар аз кездеспейді. Соның бірі – дәретхананың шұңқырынан, үйдің жертөлесінен, немесе қоқыс жәшіктерінен табылып жататын тастанды сәбилердің жайы. Мақала авторы Мәлике Мәлік осы тақырыпты сөз етіп, мәселенің мәнісіне үңілген. Тиісті мамандардың пікірін ұйымдастырған. «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген асыл сөзі бар қазаққа өз баласын өзі өлімге қиятындай не күн туды екен?» деп ойын түйіндейді тілші.

 

№13. 17 ақпан.

Балабақшаға деген сұраныс

Облыста халықты балабақшамен қамту  өзекті мәселенің бірі болып тұр. Сондықтан, мектепке дейінгі ұйымдардың баламалы түрлерін ұйымдастыру алғашқы кезектегі міндетке айналуда. Облыстық білім беру басқармасы бас маманының баяндауынша, қазір күрмеулі түйінді шешуге күш салынып отыр. Осы мақсатта жеке балабақша ашуға ұмтылған кәсіпкерлермен де байланыс орнатылған. Айгүл Ертілеу сұхбатында мемлекеттік балабақшалардың бағасы, мемлекеттік бағдарламаның орындалуына қатысты сауалдарға да жауап табады.

 

№27. 6 сәуір

Батпақтан арылудың жолы қандай?

Атырау тұрғындарын шамадан тыс жауын мен жауған қардың еруі әбігерге салып жүр. Табиғаттың тосын мінез танытуынан жеке үйлер суға кетіп, кейбірінің жары құлады. Қалыптасқан ақуал нақты шешімдерді қажет етеді.

Ендеше, Атырауды осындай апаттық жағдайлардан құтқарудың қандай жолы бар? Дренаждық жүйені қолдану, жерасты сулары деңгейін төмендетудің мүмкіндіктері қандай? Осы тақырып төңірегінде облыстық «Атырау» газеті арнайы айдар ашты. Оған алғаш болып белгілі ардагер гидрогеолог Едіге Сабуров үн қосты.

 

№32. 23 сәуір

Жаңа айдар: «Көненің көзі»

Өркениетті қоғамды биік, әдемі әйнек үйлермен таң қалдыра алмайсыз. Жұртқа Атырау қаласының кешегісін көбірек білу маңыздырақ. Қаланың қақ ортасында орналасқан тарихи мәні зор ғимараттар Атыраудың мақтанышы деуге болады. Оның сырына үңілсек, көптеген қызықты мәліметтерге тап боламыз. Нұргүл Ысмағұлова жаңа айдардың аясында «Көпес Чанпаловтың үйі», «Ғасырдан да үлкен ғимарат», тағы басқа мақалаларды оқырманға ұсынды. Мұнда тарихи мекен туралы тың деректер келтіріліп, өткен күнге құрметпен қарау, құндылықтың қадірін білу жайы айтылған. Газет көтерген мәселе көпшіліктің қолдауына ие болып отыр.

 

№32.  23 сәуір

Жаңа айдар: «Балықшылық – байырғы кәсіп, халыққа нәсіп»

Біздің өңірдің шежіресі Жайықтан басталады. Аймақтағы балық өнеркәсібін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқандардың саналы ғұмыры қайықтың үстінде өтті. Өткенді жаңғыртып, аға буынның өнегелі өмір жолын ұлығылау мақсатында газет жаңа айдар ашты. Оның ауқымында Атыраудың «тірі алтынына» айналған бекіре балығын сақтау мәселесі қозғалып келеді.

 

№56. 16 шілде.

Қоқысқа толы контейнер

Тұрғындардың қала тазалығына қатысты айтар сыны көп. Рита Өтеуғали сондай хаттың ізімен мақала жазып, қала әкімінің назарына ұсынған. Жауапты орындардың өкілдерін сөзге тартқан. Мұнда қоқыс жәшігінің уақытында тазаланбайтындығы, контейнерлердің аузы-мұрнынан шығып жатқандығы, осы себептен қалдық далаға ұшып, айналаны бүлдіретіндігі баяндалған.

 

№74. 21 қыркүйек.

«Көгілдір отын» құны қымбаттады

Күздің алғашқы айы табиғи газ тұтынушылар үшін көңілге ұялаған күптілікпен басталды. «ҚазТрансГазАймақ» «көгілдір отынның» құнын көтерді. Мұны монополистер жаңа инвестициялық бағдарламаның қабылдануымен түсіндіреді. Ол тұрғындарға қалай әсер етеді? Меңдібай Сүмесіновтің мақаласында осы жағдай сөз болады.

 

№74. 21 қыркүйек.

«Әкімнің атап айтқаны»

Облыс әкімі  Нұрлан Ноғаевтың  аудандарға  сапарында, жұртшылықпен кездесу,  алқалы жиындарда сөйлеген сөзі ел назарын ерекше  аударып жүр. Әкімнің атап айтқаны  сондықтан  да оқырманға қызықты. Осы жолдардың  авторының мақаласында  аймақ басшысының  қордаланған  мәселе,  қоғамдағы  түйткіл тұстарға  қатысты баяндағаны  жүйелеп берілген. Мәселен,  басшының  облыс орталығындағы  арнайы мал сою  бекетіндегі  көрініс, жол бойында қаза тапқандарға  арнап қойылған белгі, Жайыққа  батқан қайық, шашылған  қалдық туралы пікірлері  көпшілікке  ерекше әсер етті.

 

№80. 12 қазан.

Ұлт пен рух

Тәуелсіздік – бабаларымыздың асыл арманы. Оған қол жеткізген бүгінгі ұрпақ айрықша бақытты. Биылғы айтулы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығында ақпарат құралдарында көлемді, жақсы-жақсы шығармалар жарияланды. Дегенмен, газеттің Бас редакторы Исатай Балмағамбетовтің бұл мақаласын ерекшелеп айтуға болады. Ол белгілі жайттарға белгісіз қырынан келген, дерек-дәйектерді өзгеше сөйлеткен. Тілі де тартымды. Сондықтан, туынды оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды.

Шолу жасаған: Азамат Базарбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз