БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ЖАҢАЛЫҒЫ

Азаматтық хал актілерін тіркеу жергілікті атқарушы билікке берілді

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың қатысуымен болған басқосуда үстіміздегі жылдан бастап азаматтық хал актілерін тіркеу жергілікті атқарушы билікке берілгені айтылды. Елбасының осы орайдағы Жарлығын тиісті құрылымның орындау үстінде екендігін ҚР Әділет министрінің орынбасары Бағытжан Әбдірайым жеткізді.

Жалпы, облыстық әділет департаментінің басшысы Сағымбай Тұрғариннің айтуынша, былтыр аймақта сала қызметіне қатысты біраз іс тындырылыпты.

Мәселен, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын талқылауға арналған көптеген  шара ұйымдастырылыпты. Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың барлығы 300 шамалы нормативтік актілері мемлекеттік тіркеуден өткізілген. Сонымен қатар, 51 мың шамасында жылжымайтын мүлік те тіркелді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 41 пайызға артық және соның нәтижесінде бюджетке 108 млн. теңгеден астам баж салығы өндірілді.

Бүгінде облыста 94 жеке нотариус жұмыс жасайды. Былтыр солардың 14-і есептік тіркеуден өткізілді. Сондай-ақ, адвокаттар алқасында 116 адам қызмет атқарады. Сот актілерін орындау барысында да біраз іс тындырылып, жалпы құны 19 млрд. теңгені құрайтын 29 мыңнан астам атқару өндірісі оң нәтижемен аяқталды. Екі мың борышкерге республика территориясынан тыс жерлерге кетуге уақытша шектеу салынды. Мұндай шара сот шешімдерін орындауды тездетуге игі ықпал жасайды. Ақырында, сот шешімін орындаудан әдейі жалтарған 710 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алқа отырысында қызметі әділет департаментіне қарасты бірқатар мекемелер басшылары да өткен жылы атқарған жұмысынан есеп беріп, биылға белгілеген межесін баяндады. Алдағы уақытта «электронды үкімет» байланысын барынша дамыту қажеттігі, құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынас орнату және халықтың арыз-шағымдарына сергектік таныту қажеттігі баса айтылды.

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз