Біртуар

dbd0ebf4ebf798cf95881368e589fac9 Жаңалықтар

Атырауда Әбішті еске алу кешінде сөйленген сөз

Бүгін барша жұрт есімін аса зор ілтипатпен ауызға алып жатқан біздің Әбіш шын мәнінде, халықтың маңдайына бір ғасырда бір рет қана бітетін (бәлкім, тіпті бітпей кетуі де мүмкін) ерен тұлға-тұғын. Ерен тұлға болатын себебі – Құдай оның бір басына ақыл мен парасат, биік адамгершілік пен кісілік мейірімді молынан бергенімен ғана қоймай, сол бергендерін халқының қажетіне жаратарлық түпсіз терең ой мен талант деп аталатын құдіретті қасиетті де оған аямай-ақ үйіп-төккен-ді. Сол себепті, жұрт өзі білем деп жүрген нәрсесінің бір ғана қырын көріп мәз болып жүргенінде, Әбіш соның қырық қырын, сексен сырын түгел көріп, түгел біліп отырушы еді. Сондықтан да, ол жазушы ре-тінде әдебиеттің барлық жанрларын қалайша теп-тегіс меңгерсе, гуманитарлық саладағы көптеген ғылымдарды да, тарихты, философияны, өнертануды, саясаттануды, әлеуметтануды, барлығын соншалық жете білетіндігімен таң қалдырудан тан-ған емес. Мұның бәрі, әрине, оның аса қуатты эрудициясының арқасында-тұғын.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba-%d2%93%d0%b8%d0%b1%d1%80%d0%b0%d1%82

Жұрт бұл күнде классикалық энциклопедистердің дәуірі    бая-ғыда өтіп кеткен деп есептейді. Меніңше, заманнан заман орал-ғанда, асылы, ондай ұлы тұлғалар сирек те болса, дүниеге қайта оралып тұрады. Біздің Әбіш дәл сондай классикалық ұғымдағы энциклопедистердің қатарынан еді. Өйткені, Әбіштің телегей-теңіз білімі, ғылыми ой мен көркемсөзді асқан шеберлікпен жымдастырып жіберетін оның жан-жақтылығы, һәм академиялық ойлау жүйесі, таңғажайып шешендігі бізге соның айқын мысалындай көрінеді де тұрады.

Шешендік демекші… Бұл шешендік өнер дегеннің өзі де сан қырлы, алуан түрлі ғой! Әбіш Кекілбайұлының ауызша сөйлеген сөздерінде де, шығармашылық жазба өнерінде де осының бәрі біте қайнасып жатыр. Қазір он екі томдық көркем шығармалары мен бес томдық көсемсөздер жинағының қай-қайсысын қолыңызға алып қарасаңыз да,  бұған көзіңіз анық жетеді. Мәселен, кейбір айтыс-тартыстардың кезінде Әбекең оппоненттерінің көбін сөздің логикалық қисынымен-ақ бетінен қайтара алғанын байқасаңыз, енді бір пікірталастарында оппоненттерінің пафосқа толы, қызуқандылықпен айтып жіберген пікірлерін, ол әрі нақты, әрі реальды өмір шындығын көлденең тарту арқылы талай тұқыртқанын айқын көресіз. Ал, енді аяқ астынан суырып салып айтқан тапқырлығы туралы сөз етер болсақ, мұны Әбіштің заман- дастарының талайы өз көздерімен көрді, құлақтарымен естіді және күні бүгінге дейін жыр қылып айтып та жүр…

Мысалы, қайбір жылы, реті солай болып, Әбекең Парламент депутаттығына Павлодар облысының   Баянауыл ауданынан кандидат болып түсуіне тура келген. Сондағы сайлаушылармен кездесу өткен үлкен бір жиында сол жердегі елдің бір ақсақалы тұрып:

– Шырағым, айтып тұрғаныңның бәрі – дұрыс. Депутат болсам деген талабыңның да  еш оғаштығы жоқ. Бірақ, бір түсініңкіремей  отырғанымыз, неге сен өз еліңе барып, өз туған жеріңнен кандидаттыққа түспедің? Бұлай дейтінім, шырағым, осы елдің де өзің секілді екі-үш баласы бар еді, талап қылып жатқан… – депті.

Сонда Әбекең:

– Ақсақал, «Тұлпарлығыңды сынағың келсе, арғымақ өсірген елге бар… Құлын күніңде көрмеп ем деп, сипамай қалмас жалыңды! Азаматтығыңды сынағың келсе, азамат өсірген елге бар… Әкеңмен табақтас болмап ем деп, сындыра қоймас сағыңды!» деген сөз де бар еді. Алты Алашқа әйгілі небір арыстарымыз шыққан бұл жерге сосын келіп ем! – депті.

Сонда әлгі ақсақал:

– Ай, ағайын! Мына жігіттің жөні бөлек екен! Осымен тоқталайық. Ендігі сөз елдігімізге сын болар… – депті.

Мұны естіген ел, кейін дауыс бергенде, Әбекең әріптестерінен көш ілгері шығып, сол жылғы сайлауда Парламентке өткенін күллі жұрт біледі.

Бұл – жәй ғана бір мысал.

Жалпы, Әбіш талай жерде сөйлеген сөздерімен талай-талай тыңдармандарын ылғи таң қалдырумен келген адам ғой. Ол алғаш рет университетте, төртінші курста оқып жүрген студент күнінде-ақ, ұлы Мұхаңның (Әуезовтың) алдында «60-жылдардағы қазақ поэзиясының хал-ахуалы туралы» баяндама жасап, жұртты таң-тамаша қалдырғанымен қоймай, Мұхаңды да тәнті етіп, ақыры патриархтың «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» атты әйгілі сөзінің айтылуына себепкер болғанын көрген біздер, одан бері мұндай-мұндайға көзіміз де, құлағымыз да әбден үйренген адамдармыз.

Әйтсе де, Әбіштің шешендігі дегенде, «Оның әдеттегі көп айтқыштардан ылғи жоғары тұратын ең басты ерекшелігі неде осы?!» деген сауал, адамды еріксіз ойландыратын. Сөйтсем, Әбіш Кекілбайұлының ой орамдарының өткірлігі мен әр сөзін миға сіңіріп жіберетін бұлтартпас дәйектілігі ең бірінші кезекте, оның аса терең білімдарлығымен тікелей байланысты екен ғой. Иә-иә, Әбіш  білімпаздың әр сала мамандарымен пікірталастарында да, тіпті кез-келген мәселе туралы сөйлеген сөздерінде де, сол қасиеті оның тұла бойындағы күш-қуат қайдан екенін айғақтап тұрушы еді. Осындай  бір қасиеті – ол Мемлекеттік хатшы болып жүргенінде, біздің Тәуелсіздік алғанымызға әлі көп бола қоймаған тұста елімізге келген Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің алдында (Папаның ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесуінде) сөйлеген сөзінен ерекше көрініп еді. Сол сөзі, күні бүгін де, маған оның кемеліне келіп, кемеріне толған терең білімпаз, ойшыл, кіммен болса да иықтас тұрып, тең дәрежеде сөйлесе алатын үлкен тұлға екенін айғақтайтын бірден-бір  дәлел секілді ыстық сезіледі.

Неге?!

Олай болатын себебі, Иоанн Павел ІІ-Папа Римнің оған дейін болған көп Папаларының бірі емес-ті. Ол өмірінде әлемнің ең ірі державаларының барлығының дерлік Президенттерімен, сандаған мемлекеттердің бірінші басшыларымен, дүниежүзілік ірі-ірі дінбасыларымен, небір ғұламалармен тілдескен, пікірлескен, ой бөліскен, тіпті солардың бірқатарымен ашық айтысқа түскен сұңғыла-тұғын. Әлемнің пәленбай тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, емін-еркін пікірлесе беретін полиглот адам еді.

Дүниеде көргені көп, білімі мол, осындай адамның алдында біздің Әбіш не дер екен?! Сөзін қалай бастап, қалай аяқтар екен? Аузынан шыққан әр ле-бізіне әлем ұйып отырған мынадай адам бейтаныс елдің бейтаныс азаматының сөзін қалай қабылдайды? – деген ой келгенде, ұлтыңның намысы үшін, сол жерде Әбішпен бірге тол-қып, бірге тебіренбеу мүлде мүмкін емес-ті.

– Ваше святейшество! – деп бастап еді ол сонда орыс тілінде сөйлеген сөзін («Апыр-ау, бұл кісіге осылайша тіл қату керек екен ғой!» деп, аңырап біз отырмыз…).

Әлгі бір… қазақша мағынасы: «Құдай тағала күнәдан пәк қылып жаратқан пірәдар Әулие!» деген сықылды сөзінен соң, байсалды қалпынан тан-бастан, Елбасына қарап:

– Президент мырза! – деп… және елге қарап:

– Алқалаған әлеумет! – деп сәл еркін тыныстап алып:

– Біз бұрын-соңды  болмаған оқиғаға куәгер болып отырған жайымыз бар! – деп, іле сөзін жалғаған еді.

…Папаға еліміздің ғылыми және шығармашылық қауымымен кездесіп отырғанын баяндай келе, оны да ел азаматтарына таныстырудың кезегі келгенде:

– Қадірлі халайық! Бүгін бізге Римнің епископы, Иисус Христостың викарийі, һәуарилер кінәзінің мұрагері, Бүкіл-әлемдік шіркеудің Жоғарғы Бас священнигі, Батыстың Патриархы, Италияның примасы, Рим провинциясының Архиепископы, һәм митрополиті, Ватикан атты қала мемлекеттің басшысы, Құдайдың құлдарының Құлы Иоанн Павел ІІ-ші Папа қонаққа келіп отыр! – деп, көсіліп бір кеткенінде, тыңдап отырған жұрттың да арқа-басы бір кеңейіп, «Апыр-ай, осы Кекілбаевтың да білмейтін бәлесі жоқ! Қайдан тоқып алған осының бәрін!?» деп таңдай қағысқаны әлі есте.

Сонда барып, біздің тас түйіліп отырған іші-бауырымыз да,  – Уһ! – бір жазылып қоя беріп еді-ау!

Сонда, ә дегенде, неге жұрт осыншалық сіресіп-сіресіп, қатып қалды дейсіздер ғой?! – Өйткені, сол жерде бір ғана Әбіштің емес, Әбіш арқылы күллі ұлттың ұғым-түсінігі, ой-парасаты сынға түсіп тұр еді. Анадай адамның алдында бір ауыз қате сөз айту түгілі, бір ауыз артық сөз айтуға болмайтын. Және мұндай жерде: «Біз Еуразияның апайтөс даласында желдей ескен жүйрік мініп, емін-еркін тірлік кешкен халықпыз! Ешкімнің  ат-атағын ежіктеп көрмеген жұртпыз!» деп шалқая алмайтынсың. Шамаңа қарау керек-ті! Тіпті бұл жерде білместігіңмен ақталудың да еш жөні қабылданбайтын.

Ел мен ел, салты мен дәстүрі мүлде басқа жұрттар бір-бірімен ию-қию араласып жатқан мына заманда өзің біліссем, таныссам, араласып-құралассам, оларды да танып, өзімді де танытсам… – деп отырған кезің-де, талабыңның өрге басуы – сыйластықтан басталатынын кім-кім де білсе керек. Өйткені, сонда ғана «Сыйға – сый, сыраға – бал» жасалады.

Ал, сыйластықтың ең үлкені – бірінші рет сөз арнап отыр-ған кісіңнің кім екенін әуелі ресми түрде сауатты таныстырудан басталмақ. Немесе, сөзіңді тікелей соның өзіне арнап отырсаң, мәртебесіне сай, ресми қонағыңның бүкіл атақ-дәрежесін қоса айтуды міндеттейтін, ертеден келе жатқан дипломатиялық үрдіс және бар.

Әйтпесе, мәселен, баяғы орыс патшасы ІІІ Иванның заманында, оған:

– «Светлейшему и великодержавному князью, и великому государю Иоанну ІІІ-ему, божьей милостью Царю и самодержцу всея Руси, Москвы, Киева, Владимира и Новгорода, царю  Рязани, царю Астрахани, царю Сибири…» т.с.с.  қол астындағы елдер мен билігі жүріп тұрған жерлерді және соған байланысты айтылатын  (тек тізімінің өзі бір парақтан астам) лауазымы мен атақ-дәрежесін толық айтып барып, бас имегені үшін патша бір елшінің сөзін аяғына дейін тыңдамағаны былай тұрсын, елден қайтарып жіберген жағдайлар да болғанын кәрі тарих жақсы біледі.

Бұған қоса, күні бүгін де кез-келген жат жұрт өкілі сенің кім екеніңді қалай қарсы алғаныңа ғана қарап емес, тілдесуге, сөйлесуге қойған адамыңның ақыл-ойы мен парасат-пайымына қарай да пікір қалыптастырады,  қандай жұрт екеніңе соған қарап та баға береді. Бұл ретте, бүкіл әлемдегі христиан жұрттар еш күмәнсіз Әулие деп ұғатын Иоанн Павел ІІ-Папа, тәуелсіз Қазақстан Республикасының атынан таңдау түскен біздің Әбіштің салиқалы да салмақты сөзінен кейін қазақ дейтін халықтың қандай ел екенін біршама байқағанына біздің еш күмәніміз жоқ. Өйткені, Әбіштің әлгі сөзінен, оның өзінің ғана емес, ұлтының да парасат-пайымы, ізгі ниеті мен болашаққа ұмтылысы ай-қын сезіліп тұрғанын көрмеу, ұқпау мүмкін емес еді. Және сол жолы, шешендік деген – тек сөзді ұйқастырып, аллитерациялап, ассонанстап, суша сапыра беру емес, шешендік деген – ең алдымен, мәселенің  мән-жайын  терең таныммен, біліктілікпен, сосын барып шебер толғай білуде екенінің мысалын да біз осылайша өзіміз сөз етіп отырған Әбекеңнен тағы бір көріп едік.

Сондықтан, қай салада болсын, Әбіш салған жол, Әбіш көрсеткен өнеге кейінгілерге сөзсіз үлгі бола береді деп бек сеніммен айтуға болады.

Бұл жерде біз уақыттың тарлығынан Әбіш Кекілбайұлы бүкіл өмірін арнаған оның жазушылық өнері туралы кең тыныспен толғай алмай отырмыз. Өйткені, Әбіш шығармашылығы – дербес өзекті әңгіменің арқауы.

Дегенмен, әлі талай жүздесерміз. Бұйырған әңгімелер де сонда айтыла жатар. Әзірге, тек соған дәм жазғай! – деген тілекпен сөзімді аяқтайын.

Қажығали  МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз