«Birgemiz»: Атыраулық зейнеткер немересімен бірге маска тігіп, тегін үлестіріп жатыр

20387329 COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/6 сәуір, 2020 жыл. Қауіпті індетке қарсы бірлесіп күресу мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен ел көлемінде жарияланған «Birgemiz» жалпыреспубликалық акциясына атыраулықтар да белсенділікпен атсалысуда.

Солардың қатарында махамбеттік Жібек Мұғауованың есімін атауға болар еді. Ғұмырының саналы бөлшегін ұстаздыққа арнаған ол Есбол ауылдық округінің орталығы – Ортақшыл ауылында тұрады. Ұзақ жыл осындағы Қосарал орта мектебінде шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді. Зейнеткерлікке шыққасын да мектеп кітапханасында еңбек жолын жалғастырып, баспасөздің де жанашыры болып келеді. Бұрыннан да ісмерлігімен танылған Жібек апамыз он бір жасар немересімен бірге ауылдастары үшін бетперде тігіп, тегін үлестіруді қолға алды.

-Отбасымызбен ақылдасып, осындай шешімге келдік. Мұның өзі бір жағынан балаларды жастайынан еңбекке баулу, екіншіден жанындағы жандарға қамқор, қайырымды болуға үйрету. Сөйтіп, өзім бетпердені тігемін, ал немерем дайын болғандарын үтіктеп қояды – дейді кейіпкеріміз.

Осылайша, екі күннің ішінде 50 дана бетперде тігіліп, көрші-қолаңға таратылса, бұл үрдіс жалғасып, ауылдағы ерікті жастар да тартылмақшы. Сол сияқты, Мақат кентіндегі «Нұр бөбек» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері де үйде отырған уақыттарын ұтымды пайдаланып, ауылдастарына өз қолдарынан бетперде тігіп беруді ұйғарыпты.

Алғашында оның  120 данасын дайындаған қыз-келіншектер біртіндеп санын көбейтуді көздепті. Жергілікті жастардан ұйымдасқан «Асар» еріктілер клубының мүшелері дайындалған бетперделерді, оған қоса жадынамаларды бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған, аз қамтылған және күнелтіс деңгейі төмен отбасыларына таратты.

Бұлардан бөлек, Доссордағы мүгедектер үшін ашылған «Шапағат» шеберханасының қызметкерлері де игілікті қадам жасап, бір мезетте 100 бетпердені тігіп берген. Өз кезегінде, ісмерлерді қажетті материалдармен қамтып, бетперделерді жеткізіп беруді аудандық аналар кеңесінің мүшелері мен волонтерлер міндетіне алыпты.

Дәулетқали АРУЕВ

Махамбет ауданы

http://atr.kz/bez-rubriki/%d2%9baza%d2%9bstandy%d2%9btar-nelikten-shashtaryn-ta%d2%9byrlap-alyp-zhatyr-video/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз