Бір күнде – 420 пәтер!

БІР КҮНДЕ – 420 ПӘТЕР 1 Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырауда тағы да қоныс тойы болды. Дүйсенбі күні облыс орталығындағы Нұрсая ықшамауданында жергілікті бюджет есебінен салынған №60, 65 және 14 «а» үйлер, жалпы алғанда, 420 пәтер пайдалануға берілді. Қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи  баспанаға мұқтаж  жандардың көптен күткен қуаныштарын бірге бөлісіп, қоныстой иелеріне өз қолымен пәтер кілтін тапсырды.

%d0%b1%d1%96%d1%80-%d0%ba%d2%af%d0%bd%d0%b4%d0%b5-420-%d0%bf%d3%99%d1%82%d0%b5%d1%80-1

– Алдымызда үлкен  мереке – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы келе жатыр. Оны әр шаңырақта қуанышпен атап өтуіміз қажет. Бүгінгі шара сол қуаныштың бастамасы болсын деген тілегіміз бар. Әрқайсымыз үшін шаңырақ – киелі ұғым. Өйткені, әр адам отбасылы болғаннан кейін өзінің жылы да жайлы үйі болғанын армандайды. Бүгін сіздер осындай арманның құшағында отырсыздар. Қоныс құтты болсын! – деді Мейірім Жоламанұлы.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Кенжәлиевтің айтуынша, қуанышқа кенелгендердің арасында Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық қорғау аумағында орналасқан З.Қабдолов көшесіндегі №6, 10 және 12-ші, облыс орталығындағы Сырдария, Махамбет көшелеріндегі №1 мен №97, Балықшы кентіндегі екі апатты үй тұрғындары, пәтер кезегінде тұрған азаматтар, оның ішінде, жетім балалар, халықтың осал топтары, мемлекеттік, бюджеттік мекемелер қызметкерлері бар.

%d0%b1%d1%96%d1%80-%d0%ba%d2%af%d0%bd%d0%b4%d0%b5-420-%d0%bf%d3%99%d1%82%d0%b5%d1%80-2

Құрылыс жұмыстарын жүргізген «РазаСтрой» ЖШС нысанды белгіленген уақытта тапсырып отыр. Пәтер бөлмелері кең, жарық әрі ыңғайлы. Барлық инфрақұрылымдық жүйелері  жүргізілген.

Жаңа қоныс иесі Лиза Жангереева бұған дейін З.Қабдолов көшесіндегі №6 үйде мекен етіп келген.

– Бұл үй 1949 жылы салынған ескі болатын. Содан бері әбден тозығы жеткен және зауыттың санитарлық қорғау аумағында орналасқан. Енді, міне, зауыт басшылығы мен қалалық әкімдік бірігіп, тұрғындарды қуанышқа кенелтіп жатыр. Біздің үйден 16 пәтер тұрғындары жаңа баспанаға көшірілуде. Жылдар бойы таныстығымыз жарасып, достығымыз бекіп, туыстай араласып кеткен көршілерден де алыстамайтынымыз қуантады, – дейді ол.

%d0%b1%d1%96%d1%80-%d0%ba%d2%af%d0%bd%d0%b4%d0%b5-420-%d0%bf%d3%99%d1%82%d0%b5%d1%80-4

Апатты үй тұрғыны, Батыр ана Қатима Дошымбетованың отбасы үшін де бұл күн ерекше болды.

– Т.Қожақаев көшесіндегі №23 үйде 1976 жылдан бастап тұрып келдім. Ал, бұл үй 1960 жылы салынған. Жарты ғасырдан астам уақыттан соң үйіміз апатты деп танылған еді. Енді, міне, жып-жылы, таза пәтердің кілтін қолымызға алып тұрмыз. Қуанышымызда шек жоқ, – дейді әжей.

Сонымен қатар, былтыр және биыл көктем айларындағы жауын-шашын салдарынан зардап шеккен 24 отбасы да жаңа баспанаға қол жеткізіп отыр.

%d0%b1%d1%96%d1%80-%d0%ba%d2%af%d0%bd%d0%b4%d0%b5-420-%d0%bf%d3%99%d1%82%d0%b5%d1%80-5

– Табиғаттың тосын мінезі төбемізге жай түсіргендей болды. Жасыратыны жоқ, далада қаламыз ба деп те қауіптендік. Алайда, облыс, қала басшылығы қиын жағдайымызға түсіністікпен қарап, шұғыл түрде мәселені шешуге кірісті. Бүгін тағы бір қолдаудың куәсі болып отырмыз. Өте қуаныштымыз. Елбасына, облыс басшыларына шексіз алғысымызды білдіреміз, – дейді баспаналары суға кеткен тұрғындар.

Мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін 45 пәтерлік тағы бір үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Ал, қала әкімінің орынбасары келер жылы Нұрсая ықшамауданынан үш мектеп пайдалануға берілетінін айтып, жаңа қоныс иелерін тағы бір қуантты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз