Бейбіт күннің Батырлары

pomoshi Жаңалықтар

«Апат айтып келмейді». Табиғаттың тосын мінезі мен оқыс оқиғаларынан ешкім сақтанған емес. Әрине, ондай жағдайлардың бетін әрмен қылсын, бірақ, басқа түссе, көнбеске амал жоқ. Біздің кейіпкерлеріміз де осындай қиын шақта өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тікті. Лапылдаған қып-қызыл өрттің ортасына да кірді, өзен ағысына секірген жанды да құтқарып қалды. Бұл әрекеттерін өздері қалыпты жайтқа санаса да, жаңа жыл алдында бейбіт күннің батырларының бұл ерліктерін тағы бір мәрте еске салуды жөн көрдік.

pomoshi

Биыл Мақат ауданының Доссор ауылында болған оқиға кім-кімді де бейжай қалдырмады. Қуаныш Берденов үш  бүлдіршінді өрт ортасынан аман алып қалды. Өртті көрген сәтте абдырап қалған ол балалардың айқайлаған дауысын естіген бойда есін жиып, жанып жатқан үйге қарай жүгірді. Бастапқыда ішке есікті сындырып кіруге бел буған Қуаныш көп уақыт жұмсайтынын байқады. Сонан соң лезде көзі шағын терезеге түсіп, сол арқылы өрт лаулаған үйге кірді. Осылайша, балалар ажал құшағынан аман қалды. Бүгінде бүлдіршіндер еш алаңсыз ата-анасының қасында. Сәбилер үшін өз өмірін қатерге тіккен Қуаныш «ерлік қылдым» деп айтудан аулақ. Оның пікірінше, бұл – кез келген азаматтың парызы. Қ.Берденовтың «Бүгінгідей, әркім күнделікті күйбең тірліктің қамымен кеткен заманда, бір-бірімізге көмек көрсету арқылы, адамдардың арасындағы жылылықты да сақтап қалғың келеді екен» деген пікірінің астарында терең мағына жатса керек.

Осы тектес тағы бір сұмдық оқиға облыс орталығында да орын алды. «Атырау» мөлтекауданындағы үйлердің бірінен өрт шығады. Абырой болғанда, оны қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген жол-патрульдік қызметінің сержанттары Артур Мырзағалиев пен Самат Зұлхайыров байқап қалып, тұрғын жайға қарай жүргіреді. Бақса, үй иелері ұйқыда екен. Дереу екі қызметкердің бірі ішке кіріп отбасы мүшелерін аман-сау алып шығады. Лезде от та шатырды опырып тынды. Осылайша, тәртіп сақшылары ержүректілік танытып, тұтастай бір жанұяны қайғылы жағдайдан құтқарды.

Ал, «Маленькая страна. Атырау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерлан Күмісқалиевті облыс жұртшылығы жақсы таниды. Сал ауруына шалдыққан сәбилерді жаңаша әдіспен емдеп, оңалтуға жұмыстанған оның еңбегін ерлікке баласақ, қателеспейміз. Атырау жастарына телеарна арқылы таныс Ерлан ұзақ уақыт бойы «көгілдір экран» алдынан көрінбеді. Өйткені, бірнеше жыл бойы ауыр науқаспен күрескен ол Алладан саулық тіледі. Шет елдердің таңдаулы емханаларының ем-домы қонбай қиналған шақта Ерлан сауыққан жағдайда денсаулық деңгейі төмен жандарға көмектесуге ниет етеді. Дұғасы қабыл болса керек, бүгінде кейіпкеріміз сырқатынан айығып, ел қатарлы қызметіне оралды. Ауыр диагнозбен өмірге келген балаларды емдеуде ит терапиясын қолдана бастады. Бір кездері өзі Ресей ауруханасынан көрген канистерапияны өңірімізге енгізіп, талай бүлдіршін мен ата-ана жанарына үміт отын жақты. Көп ізденді, тіпті арнайы күшіктерді өсіріп, науқасқа ем-шарасын жасап көрді. Мұны өзі күтпесе де, нәтижесі оң болып, балалар сауығып кетті. Қайырымды жан күні бүгінде де дімкәс балаларға қол ұшын созуда еш аянған емес. Ерекшелігі сол, Ерлан өз жұмысын ерлікке баламайды.

Атыраулық полицей Фархат Базарғалиевтің де еңбегі өлшеусіз. Ол өзенге батып бара жатқан әйел адамды ажалдан құтқарды. Білгеніміздей, қаланың «Маслопром» тұсында Жайықта қайық аударылады. Шұғыл түрде арнайы топ оқиға орнына жетеді. Ілмелі моторы бар «казанка қайығынан үш ер адам өз күштерімен шыққан. Ал, жалғыз әйел суға батып бара жатты. Осы кезде Фархат еш ойланбастан өзенге секіріп, оны жағалауға алып шықты. Оның бұл батырлығы ескерусіз қалмады, қатардағы полиция сержанты Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Айбөпе Cабырова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз