Берілген қарыз – қайтарылуымен құнды  

Берілген қарыз – қайтарылуымен құнды Жаңалықтар

Бейсенбі күні Атырау облыстық мәслихатының кезектен тыс VI  сессиясы болды. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен оның орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, мәслихат хатшылары, облыстық басқарма мен департамент басшылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

%d0%b1%d0%b5%d1%80%d1%96%d0%bb%d0%b3%d0%b5%d0%bd-%d2%9b%d0%b0%d1%80%d1%8b%d0%b7-%d2%9b%d0%b0%d0%b9%d1%82%d0%b0%d1%80%d1%8b%d0%bb%d1%83%d1%8b%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d2%9b%d2%b1%d0%bd%d0%b4%d1%8b

 Сессияның күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе – «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының инвестициялық қызметі туралы басқарма төрағасы Абат Тасимов баяндама жасады.  

Ол сессияда инвестициялық жобалар туралы жан-жақты баяндай келіп, іске асырылған жобалар нәтижесінде облыста 645 тұрақты жұмыс орны ашылып, өткен жылдың басынан күні бүгінге дейін 1,6 млрд. теңге болатын 5520 тонна өнім, 58 млн. дана жұмыртқа өндірілгендігін, үш жылда бюджетке 1,3 млрд. теңге салықтық төлемдер аударылғандығын жеткізді. «Атырау» ӘКК ҰҚ  АҚ-на барлық жобалар бойынша 635 млн. теңге қайтарылған, осы жылдың аяғына дейін 1,2 млрд. теңге қайтару көзделіп отыр.

Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 12,7 млрд.теңге болатын үш жоба іске асырылуда. Олар – Атыраудағы GMP стандарты бойынша фармацевтикалық зауыт құрылысы, Махамбет ауданындағы «Алмалы Құс» құс фабрикасының қуатын 200 мың тауыққа жеткізу және осы аудандағы ет бағытындағы бройлер құс фабрикасы құрылыстары. 

Басқарма төрағасының айтуынша, облысқа шетел инвестициясын тарту бойынша қызметті жандандыру мақсатында облыс әкімдігі мен бельгиялық, француздық компаниялар арасында агроөнеркәсіп кешені саласындағы ірі инвестициялық жобаны бірлесіп іске асыру бойынша меморандумға қол қойылған.

Бұдан соң депутаттар Атырау облысының жасыл екпелерді күтіп ұстау және қорғау, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгі қағидаларын бекітті.

Баяндамаларды талқылау барысында депутаттар да, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев та мемлекеттен бөлінетін қаражаттың уақытылы қайтарылуын, жобалардың толық қуатында жұмыс жасауын қатаң бақылауға алу, инвестициялық жобаларға қатысушы заңды тұлғалардың әлеуетін көтеру, олардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Сессияда облысымыздың дамуына, білім және ғылым саласының өркендеуіне қосқан үлесі үшін тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Бозанұлы Табылдиевке «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, депутаттар №1 сайлау округінен облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған Ерболат Бектеміровтің депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырды.

 

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз