Берік Жәменов: «ЧАПАЙ АҒА ӨНЕРГЕ АДАЛДЫҒЫН САҚТАП ӨТТІ…»

Жаңалықтар Мәдениет Руханият Сұхбат Тұлға

Atr.kz/1 шілде, 2020 жыл. Зымырандай зулаған уақыт-ай! Міне, қазақ театр өнерінің майталманы, Президент сыйлығының иегері, режиссер Чапай Зұлқашевтың дүниеден өткеніне қырық күннің жүзі өтті.

Бар саналы ғұмырын қазақ өнерінің өсуі мен өркендеуіне арнаған өнер иесі туралы әңгімелеген Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Берік Жәменовтың сұхбатын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 – Берік Қилекешұлы, биыл қазақ театр өнері орны толмас қазаға ұшырады. Президент сыйлығының иегері, режиссер Чапай Зұлқашев ағамыз келместің кемесіне мінді. Чапай ағамен алғаш қалай танысып едіңіз?

Біз алдыңғы аға буынға еліктеп, сол кісілерден тәлім алып, солардай болсақ деп армандап өскен ұрпақпыз. Мен Атырау музыкалық училищесінде оқып жүргенімде бүкіл қазақ өнерінің көгінде үркердің шоғырындай болып оқшауланып көрінген тұлғалардың бірі де бірегейі – Чапай ағамыз. Иә, ол кезде алдымызда асқар таудай болып көрінетін ағалар көп еді. Көкбөрінің тұқымынан тарағанымызды үнемі еске салып тұратын мінезді де мәрт көңілді Асқар Харесов, күй қағаны атанған Рысбай Ғабдиев, бірнеше тілге кітаптары аударылған қазақтың ұлы жазушы-драматургы, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық Академия сыйлығының лауреаты Рахымжан Отарбаев, өнер жанашыры Нариман Үлкенбаев ағаларымыз барда өнердің төрт құбыласы түгел сияқты болып көрінетін. Бала кезінен «мен – Чапаймын!» деп шыбықты ат қылып мініп, өзін үлкен өнер көгінде жарық жұлдыздай жарқырауға дайындаған Чапай ағамыз да Могикандардың соңғы тұяғы іспетті еді. Сол бір 1987 жылдары мен студент атанған кезімнен бастап, осы ағаларымның жанына ілестім, олардың жақсы қасиеттерінен үйрендім. Менің бойымда зәредей болса да жақсылықтың нышаны болса, солардан тараған ұшқын деп ойлаймын.

Чапай Зұлқашев ағамыздың кейінгіге үлгі болатын қасиеттері көп еді. Ол кісі, жалпы жоғарыда аттарын атаған ағаларымыз өте намысқой, өте білімді, үнемі ізденуден жалықпайтын жандар еді ғой. Кеудесіндегі алғаусыз арманы мен ешқашан мұқалмайтын жігері, намысшылдығы оны әрдайым биікке көтергені ақиқат. Ол кісі әрі режиссер, әрі актер болатын. Ре­жиссер үшін актерлық таланты болу дегеніңіз – Жаратқанның сыйы. Өйткені, спектакльде ойналатын әрбір рөлді актерлерге өзі ойнап, көрсетіп, образға түсіріп беру – кез келген режиссерге бұйырмаған бақ. Сонымен қатар, бүкіл өзі қойған спектакльдерді жатқа білетін, кейбір монологтарды аяқ астынан судыратып оқи жөнелгенде қапелімде таңырқап, ағамыздың дарынына басымызды иіп отыратынбыз. Есте сақтау қабілеті ерекше, феноменальді еді. Өйткені, ол кісі көп оқыды ғой.

– Чапай ағамыз Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының әкесі, атасы сияқты көрінетін. Ол кісі зейнетке шыққаннан кейін де театрдан қол үзбеді емес пе? Жастарға деген батасы мен ақ тілегін ақтарып отыратын ағамызға деген театр ұжымының көзқарасы қандай болды?

– Өзіңіз айтқандай, Чапай ағамыз театрдың атасы, әкесі іспетті болды. Театрға жаңа келген жас буынға үйретері мол еді. Әрдайым жастарға батасын беріп, олқылықтарын айтып, түзеудің жолын да көрсетіп отыратын. Өте бір аңқылдаған, қарапайым, жан дүниесі өте терең ағамыздан театр ұжымы әр келген сайын бір ұлағат алып қалатын. Гастрольге барған жерімізде, Қазақстанның қай түкпіріне барсақ та, ең алдымен Чапай ағаны сұрап жататын. Бүкіл қазаққа ортақ тұлға болды ғой. Ол қайда жүрсе де ешкімді жатсынбай, «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлы Абай ұстанымын ұстанатын. Сонау Семей жерінде театрда режиссер болды. Бүкіл семейліктерді өзінің дарынымен, жақсылығымен мойындатты. Соның нәтижесі емес пе, Семейдің Құрметтті азаматы атанғаны?!

Қазіргі қазақ театр және кино өнерінің корифейі Асанәлі Әшімовпен жан дос болса, Есмұхан Обаевтар­мен де туыстай сыйласып, өзінің жақсы мінезімен, тума таланты­мен мойындатқаны рас. Еш адамды бөлмейтін, алаламайтын, бәріне бірдей сыйластықпен қарайтын, тілеулес болып жүретін.

– Жаңа бір сөзіңізде Чапай ағаның намысы мен арын бәрінен биік қойғанын айтып кеттіңіз. Өнерге адал болу мен өмірдегі адалдықты сақтаудың арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз?

Иә, өнер мен өмір – біртұтас. Әсіресе, шығармашылық адамының өнері өміріне, өмірі өнеріне айналып, біте қайнасып кететінін көріп те жүрміз. Чапай аға – дәл осындай жан. Ол қазақ өнеріндегі Шәкен Айманов, Асқар Тоқпановтар салып кеткен ізді одан әрі кеңейтіп, үлкен бір арнаға тоғыстырды. Адалдығына мысал ретінде айтып кетейін, 2000 жылы Атырау облысына Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезінде қазақтың бір топ зиялыларын Атырауға әкелгені есіңізде шығар? Сол кезде Иманғали Тасмағамбетов театрдың жанында салынып жатқан элиталық үйден пәтер берейін деп Чапай ағаны шақыртады ғой. Сөйтсе, Чапай аға: «Маған үйдің керегі жоқ. Менің Авангард ықшамауданында төрт бөлмелі үйім бар» деп бас тартыпты. Сондағы төрт бөлмелі үй деп жүргені кеңес өкіметі кезінде салынған көпқабатты үйдегі шағын ғана пәтері еді. Осыдан-ақ оның адалдығы мен қанағатшылдығын білуге болады емес пе? Ол облыс әкімдері мен басқа да жоғары лауазымды адамдарды таныды, көп араласты. Алайда, таныстығын, атағын бұлдап, өзіне ешнәрсе сұрамайтын. Сұраса, театр үшін ғана сұрайтын. Бүгінде ағамен бірге өткізген кездердің естелігін парақтап отырсам, үлгі алатын жақтары көп екен. Ешқашан ашуланбайтын, біреудің үстінен шағым айту ол кісіге жат еді. Театрдың еңбектеген баласы мен еңкейген кәрісіне дейін қалжыңдасып, ойнап-күліп, сондай бір керемет аура қалыптастырып жүретін.

 – Өнер адамдары туралы сөз болған кезде олардың мінезділігі туралы да көп айтылады. «Мінезсіз адамнан мінсіз өнер тумайды» дегенге қалай қарайсыз?

Айтуыңыз өте орынды. Чапай ағаның бір басына жетерлік мінезі болатын. Әсіресе, өнер тақырыбына келгенде ол ешқашан өзінің табанды көзқарасынан таймайтын. Өзінің пайымы мен ойлаған ойын ешқандай ұрыс-керіссіз-ақ мойындату – ең бір керемет қасиет. Осы қасиет ағамызда болды. Ол кісі жоғарыда айтып кеткен жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев ағамызбен өнер туралы таңды таңға ұрып, әңгімелесуге дайын еді. Рахымжан ағаның қазасында қабырғасы қайысып тұрып, «кезек біздікі еді, қайтейін» деп егілгені күні бүгінгідей көз алдымда. Рахымжан Қасымғалиұлының «Бейбарыс» спектаклін қойған кездегі екеуінің күн-түн демей театрда жүргендері, әр рөлді ойнайтын актерлерге берген ақыл-кеңестері қазір еске түссе, сағындыратыны сөзсіз.

Арамыздан осындай бірегей тұлғалар мәңгіліктің қақпасына еніп кетіп жатыр. Кейде маған ол кісілерсіз қазақ өнері қаңырап қалғандай болып та көрінеді. Әрине, ізін басып келе жатқан жастар бар. Бүгінгі жастарға Чапай ағамыздың қарапайымдылығы мен білімдарлығы, таланты мен намысқойлығы, жігері мен талабы жетпей тұратындай көрінеді.

Ол жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясын алып отырды. Биыл да өзі барып Мемлекет басшысының қолынан осы арнайы марапатын алып, марқайып еді. Артынша, қаралы қазаны естідік. Әлбетте, ол кісінің орны толмайтыны даусыз. Бірақ, алға қарай жүру керек. Өйткені, тірлік тегершігі айналып тұрғанда тірі адам тірлігін жасағаны жөн. Өзі саналы ғұмырын арнаған Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының ұжымы, бүкіл өнерсүйер жұртшылық барда, Чапай аға бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін.

Әңгімелескен: Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған