«Берекедегі» баспана қуанышы (ФОТО)

Басты жаңалық Жаңалықтар

atr.kz/2 қазан, 2020 жыл. Атырауда қала күніне орай облыс орталығындағы «Береке» шағынауданында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған 72 пәтерлі 9 қабатты үй пайдалануға берілді.

Баспана бақытын көптен күткендерге пәтер кілтін Атырау қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімініңсектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев тапсырды. Оның айтуынша, бұл нысандар «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша  қолданысқа берілген жалдамалы пәтер болып саналады.  

– Екі бөлмелі баспана үшін тұрғындар айына 7-8 мың теңге төлейді. Жыл аяғына дейін аталған санаттар үшін тағы да осындай 4 үй тапсырылады. Соған сәйкес, 300-ге жуық азамат баспаналы болады деп жоспарланды. Жалпы, жыл басынан бері 291 адамға пәтер берілді, – деді Р.Жолдиев.

Бүгінгі қуаныш иелерінің бірі – Атырау қаласының тұрғыны Маржан Бурабаева. Ол отбасымен бірге 13 жылдан бері пәтер жалдап жүр. «Біз – аз қамтылған отбасылардың санатындамыз. 2008 жылы тұрғын үй кезегіне тіркелдік. Бүгін екі бөлмелі пәтердің кілтін алып тұрмыз. Отбасымызбен бірге қуанышымызда шек жоқ. Үй ішінде бөлмелер кең  әрі жарық. Жеделсаты жұмыс жасап тұр. Ыссы, салқын су да сарқырап ағып жатыр» деді ол.

Айта кету керек, қазір Атырау қаласында тұрғын үй кезегінде әртүрлі санат бойынша барлығы 21 мың адам тұр. Былтыр 200-ден астам пәтер тұрғындарға пайдалануға берілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған