Беларусь кәсіпкерлерін не қызықтырады?

Атырау мен Беларусь Республикасының Гомель облысымен өзара сауда-экономикалық, ынтымақтастық байланыстың негізі осыдан екі жыл бұрын қаланған болатын. Бүгінде осы байланыс нығайып келеді.

 Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында екі арадағы сауда айналымы көлемі 675 мың АҚШ долларын құрады. Оның өзі де таза импорттан тұрады. Бізге беларуссиялықтар қалбырдағы сүт, көкөніс өнімдерін, құс жұмыртқасын, киім-кешек пен жиһаз және басқа тауарларын жібереді. Қазір өңірде Беларусь капиталының ықпалымен үш кәсіпорын тіркелген. Сауда-экономикалық байланысты одан әрі қарай дамытудың мүмкіндіктерін айқындау мақсатында жақында Гомель облысының делегациясы Атырауда болды. Дүйсенбі күні Беларусь Республикасы сауда-өнеркәсіптік палатасы Гомель бөлімшесінің сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің басшысы Вероника Лисицкая бастаған қонақтар облыстық әкімдікте кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс басқармаларының басшыларымен «дөңгелек үстел» басында кездесті. Кездесуде «Атырау Innovations» ЖШС директоры Данияр Таханов гомельдіктерге әлемнің елуден астам елімен табысты ынтымақты байланыс орнатқан мұнайлы өңірдің инвестициялық қолайлы аймақ екендігін айтып, мұнай-газ кластерін, мұнай химиясы мен машина жасауды, энергетиканы, құрылыс индустриясы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізді. «Дөңгелек үстелде» тараптар өзара тиімді ұсыныстарымен бөлісіп, кәсіпкерлікті дамыту жайында әңгімелесті. Беларуссиялық бизнес өкілдері «Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасында, Атырау мұнай өңдеу зауытында, «CaspiyLanaAtyrau» жүн өңдеу фабрикасында, «Bek Consulting» ЖШС-нде болып, жұмыстарымен танысты. Экологиялық таза әрі сапалы өнімдеріне өздерінің қызығушылықтарын танытты. Делегация құрамы аймақтық кәсіпкерлік палатасында бизнес құрылымы өкілдерімен, қаладағы сауда орталықтарының жетекшілерімен кездесіп, байланысты жетілдіру мүмкіндіктері жөнінде еркін пікір алысты.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз