Байланыс қызметінің білгірі

Бекенов Жаңалықтар

«Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген ғой халық даналығы. Шынында да, өмірден түйгені мол қазына қарттардың айтары да, берер тағылымы да аз еместігін  күнделікті тірліктен көріп келеміз. Сондай сұңғыла жандардың бірі – Атырау өңірі жұртшылығының құрметі мен қошеметіне бөленген байланыс саласының ардагері Сахибеден БЕКЕНОВ.

Бекенов

Балалық шағына соғыс киліккен қырқыншы жылдардың ұрпақтарының бәрінің де тағдыры бір арнада тоғысады.  Елдегі бас көтерер азаматтар  қан майданға аттанғанда колхоз жұмысына қыз-келіншектер мен қабырғасы қатпаған балалар жегілді.  Біздің кейіпкеріміздің де ағалары Нудия, Қабен, Қисамеден және әкесі  соғысқа кетті.

Үлкен бір отбасыдан үш адам ғана қалады.  Балалық шағы Нарын құмындағы Мыңтөбе ауылында өткен Сахибеден ағаның әкесі Белоруссия майданында ат арбамен жұмысшы батальонында болған. Солдаттарға тамақ тасыған, жау  қолына түскен. Тұтқыннан босағанмен,  тұтқынға  түскен жан ретінде сотталып, Донбассты қалпына келтіру жұмыстарына қатысып,  ауылға 1954 жылы бір-ақ келген. Ал, ағасы Қисамеден 1945 жылы келіп, ауылда малшы болды.

Қарапайым малшының баласы өмірден өзіндік орнын ойып алуға күш салды.  Әскерде жүргенде радиотелеграфшылардың алты айлық мектебін оқып бітіреді. Ауылға оралған соң ол радиобайланыс жөніндегі аға техник болып жұмысқа орналасады. Ол кезде байланыс саласы дамудың жаңа сатысын бастан өткеріп жатқан болатын. Осыған орай өз білімін көтеруді де ойлаған жас жігіт 1961 жылы Алматыдағы байланыс техникумына оқуға түсіп, оны  «жақсы» деген бағамен бітіріп шықты.

Жігерлі жас маман Қызылқоға аудандық байланыс торабы бастығының орынбасары етіп жіберілді. Қиыр шеттегі ауданда байланыс жүйесі нашар дамыған болатын, сондықтан да қиындықтар көп кездесті. Байланысшы жігіт тынымсыз еңбек етті, үнемі ізденіс үстінде болды, мол тәжірибе жинақтай берді. Ұжыммен қоян-қолтық жұмыс жасаудың нәтижесінде нақты істер де көріне бастады. Байланыс жүйесіндегі жаңалықтар көбейді, оның жұмысы едәуір жақсарды. Ойлап отырса, 1964 жылы әуелгіде 60-70-тей телефон нүктесі болған еді, ол кейін екі коммутатор қойылған соң, 300-ге дейін өсті. Бұрынғы үш арналық қалааралық байланыс желісі 12 арнаға дейін өсті, телеграф жүйесі жақсарды. Сол тұста бұл торапта Өтеғали Егізбаев, Ұлдай Дербісова, Жапар Қайыров сынды өз ісінің білгірлері болды.

Іскерлігін ескерген аудан басшылары оны 1968 жылы осы аудандық байланыс торабының бастығы етіп қойды. Екі жылдың ішінде қыруар жұмыстар жүзеге асты, хабарласу, радио және  пошта жұмыстары жаңаша сапаға ие болды. Іскер қызметкер енді облыстық деңгейдегі жұмыстарға жіберіліп, облыстық байланыс басқармасында аға инженер, Байланыс министрлігінің материалдық-техникалық жабдықтау басқармасына қарасты облыстық материалдық-техникалық жабдықтау кеңсесінің, Балықшы аудандық, Атырау қалалық радиотораптарының бастығы болып қызмет атқарды. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай, облыстық телекоммуникациялар дирекциясы жанындағы ардагерлер кеңесіне басшылық жасады. Бүгінде ол – Қазақстан Республикасының  Құрметті байланысшысы.

– Менің алпыс бес жыл ұстаздық қызметімде алдымнан талай шәкірт түлеп ұшты. Солардың ішінде Сахибеденнің орны ерекше. Өте еңбекқор, ізденгіштігімен көзге түскен ол өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгерді. Балаларын да солай тәрбиеледі, – деп мейірлене лебіз білдіреді профессор Есет Қаженбайұлы.

Айтса айтқандай-ақ, Сахибеден Бекенов өмірлік жары Мақпуза екеуі төрт ұл тәрбиелеп өсірді. Асхаты – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болса, Талғаты мен Қанаты – белгілі кәсіпкерлер, құрылыс саласында өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Фархаты өмірден ерте кетті. Сексеннің сеңгіріне көтерілген қадірменді ақсақал балаларынан өрбіген немере, шөберелерінің қызығына тоймай, бақытты ғұмыр кешуде. Өмірі өнегеге толы жанның ұрпаққа берер ұлағаты да мол.

Гүлзада Ниетқалиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз