Батыржан МАНСҰРОВ: Қадір түні – мың айдан да қадірлі

қоғам 1 Жаңалықтар

«Рамазан айының алғашқы түні болғанда шайтандар мен дүлей жындар кісенделеді. Тозақтың қақпалары тарс жабылады да, біреуі де ашылмайды. Жұмақтың қақпалары айқара ашылады да, біреуі де жабылмайды. Бір жаршы: «Ей, жақсылық қалаушы, баста! Ей, жамандық қалаушы, таста! Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар!» – деп жар салады. Әрбір түні осылай айтылады», – деген екен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Шынымен-ақ, құлшылыққа құлшындырып, жасаған сауап істеріміз еселене жазылатын қасиетті Рамазан айының әрбір күні мен оның түні аса қадірлі.

қоғам

Рамазан айының басқа айлардан ерекшеленіп тұратыны секілді, бұл айға тән болған Қадір түні де – түндердің ең қадірлісі. Олай болса, Қадір түнінің мәнін шын сезініп, оны тағат-құлшылықпен өткізу – пендеге берілген сый мен мүмкіндік. Әнас ибн Мәлік (р.а.): «Рамазан айы келгенде Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал, оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!» – деп айтты», деген.

Тіпті, бұл түннің қадір-қасиетін адам баласына баяндаған арнайы «Қадір» деп аталатын сүре бар. Онда Алла Тағала былай дейді: «Қадір түні мың айдан да артық. Ол түні Алланың рұқсатымен кез келген іс үшін рух пен періштелер түседі. Әсіресе, ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін таң атқанға дейін Алланың рақымы мен есендігі жауады» («Қадір» сүресі).

Қадір түні – Құран түскен түн. Өйткені, Алла Тағала: «Расында, біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік» деп бізге баян етуде. Ардақты сахабаның бірі ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Алла Тағала Құранды Қадір түнінде Байтул махфуздан (тағдыр тақтасынан) Байтул иззаға (көк жүзіне) түсірген. Сонымен қатар, Құран Кәрім Қадір түнінен бастап, жиырма үш жыл бойы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түскен».

Қадір түні, сонымен қатар, бүкіл құрмет пен ардақталуға аса лайықты. Бұл жөнінде Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім Қадір түнін иманмен және сауабын бір Алладан күтіп өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі».

Қадір түнінде сондай тыныштық пен рақым төгіліп тұрады. Алланың қалауымен аспаннан жер бетіне түсетін періштелердің көптігі сондай, оларға жердің өзі таршылық етеді екен. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде: «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады» – делінген. Қадір түні періштелер түсуімен жер бетінде береке орнайды. Алланың кешірімі тақуа құлдарына нәсіп болады. Періштелердің Алла әмірімен жер бетіне түсуі  Қадір түнінің маңыздылығын айқын аңғартуда.

Бұл түннің тағы бір басты ерекшелігі – мың айдан да қайырлы болуы. Яғни, үлкен жасқа жеткен бір адамның ғұмырындай артықшылықта екен. Алла Тағала: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» дейді. Қадір түні жасалған жақсы амалдар мен құлшылықтардың сауабы мың ай жасаған өзге сауапты істер мен жақсылықтардан әлдеқайда көп болмақ. Оған себеп – мынау. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исрайл ұрпақтарының ішінде Аюб, Зікірия, Хазикал, Нұн атты төрт адамның Алла Тағалаға сексен жыл тоқтаусыз һәм мүлтіксіз құлшылық жасағандығын айтады. Сексен жыл бойы ешбір кінәратсыз құлшылық еткендерін естіген сахабалар таңдай қағысады. Осы сәтте, Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні – мың айдан да қайырлы» («Қадір» сүресі, 2,3-аяттар) деген аятын әкеліп, Жәбірейіл (с.ғ.с.): «Бұл сенің үмбетің таңдай қағысқаннан да жоғары», – дейді.

Атақты ғалым ибн Кәсир тәпсірінде: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барша жұрттың алдында Қадір түні қай күні келетінін айтар шақта, екі мұсылман бір-бірімен жанжалдасады. Бұған қабақ шытқан Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мен сіздерге Қадір түнінің қай күні келетіні хақында айтуға келген болатынмын. Пәленше деген екі адам бір-бірімен жаға ұстасты. Мен де Қадір түнінің қай күні келетінін айтқым келмеді. Бәлкім, бұл сіз үшін қайырлы», – деп айтқан.

Осылайша, Қадір түні қай түн екені нақты белгісіз. Оның біздер үшін қайырлы тұсы бар. Себебі, Рамазан айының сонғы он түнінде мұсылмандардың көбірек құлшылық етуіне және мол сауап жинауына қызықтыру. Әбу Саъид әл-Худри (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Оны Рамазан айының соңғы он түндерінің әр тақ түнінен іздеңдер!» дегенін айтты. Қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші түні екендігін айтушы ғалымдар ибн Омардың (р.а.): «Кім оны іздесе, жиырма жетінші түні күтсін»  дегенін де жеткізеді.

Десек те, Қадір түнінің әр сәтін ұтымды пайдаланып, құлшылықпен өткізуге әрекет ету керек.

Жасайтын құлшылығымыз бен дұға-тілектерімізді Алла Тағала қабыл етіп, Қадір түнінің берекетін нәсіп етсін!

Батыржан МАНСҰРОВ, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының

Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз