Батыр атағына ұсынылған қазақ

ЕАС 1050 1 Жаңалықтар

Ұлы Отан соғысы майданында жаумен жағаласқан жауынгерлердің ешқайсысы да атақты аңсап, даңқты көксемегенді. Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен cу кешкен сын сағатта елі мен жерін қорғауды ғана мақсат тұтқан. Алайда, өзгелерден оқ бойы алда болып, ерен ерлігімен танылған тарландар лайықты марапат та алуы тиіс

ЕАС 1050

Осы орайда араға жетпіс жыл салып жарыққа шыққан құжатпен танысып көрелікші. Оны жазған – 1008-ші атқыштар полкінің командирі, подполковник Царев. Орыс тілінде жазылған марапат қағазын қазақшаға аударғанда төмендегіше өріледі. «Одер өзенінен Берлин қаласына дейінгі шабуыл кезінде дұшпанның мықты бекінісін бұзуда Қараманов жолдас партиякомсомол күші мен әскери активті алға қойған әскери тапсырманы орындауға дұрыс ұйымдастыра білді.

1945 жылғы 17 сәуірде Ной-Харденбург селосы маңында Альти-Одер өзенінен өту кезінде әскери тапсырманы жеке құрамға жеткізе отырып,  батальонды шабуылға көтерді және шапшаң қимылмен дұшпанды алдыңғы шептен қуып шықты. Бораған оқтың астында өз өмірін тәуекелге тігіп, жер бауырлап ДЗОТ-қа жетіп, оған бірнеше  граната лақтырып, тоғыз неміс солдатын жойды. Сөйтіп, батальонның одан әрі шабуылын қамтамасыз етті.

1945 жылдың 23 сәуірінде Берлин қаласына тіке  шабуыл кезінде жау пулеметпен және фауспатронның көмегімен ротаның алға жылжуын тоқтатқан қиын сәтте Қараманов жолдас жеке өзі фауспатронмен дұшпан бекінген үйдің қабырғасын жарып жіберді, сол арқылы ішке кіріп, граната лақтырып, жеті неміс солдатын құртты,  он бесін тұтқындады.

1945 жылы 26 сәуірде ротаның әскери құрамында бір топ жауынгермен неміс автоматшылары орналасқан үйге басып кірді және күші тең емес ұрыста немістің 17 солдатын жойды.

Оның батальоны әскери тапсырмаларды үлгілі орындап келеді.

Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылып, Кеңес Одағының Батыры атағын беруге толық лайық».

Міне, 1945 жылғы 29   сәуірде 1008-ші атқыштар полкінің командирі, подполковник Царевтің жоғарыға жіберген марапат қағазының мәтіні осындай. Бір айдың ішінде ғана бірнеше ерлік істеген жылыойлық жауынгерді жоғары атаққа ұсынған полк командиріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ, бастама әрі қарай қозғалмай, дивизия немесе армия басшылығы құптамаған тәрізді.

Соғыстың соңғы күндерінің бірінде батальонға кіші лейтенант шенінде жас қазақ жігіті келеді. Бұл жерлесіміз Кенжебай Мәденов екен. Комбат алматылық майор Дейкин еді. Ол «енді батальонда үш қазақстандық болдық» деп қуанады. Алайда, 24 сәуірде Берлин үшін ұрыста командир қаза тауып, орнына капитан Н.Бобылев тағайындалады. Содан 28 сәуірде капитан Бобылев пен аға лейтенант Қарамановты полк штабына шақырып, алдарында Ратуша тұрғандығын айтып, оны алу міндетін қояды. Командир мен политрук жауынгерлерді шешуші ұрысқа дайындайды.

Кейін, Р.Қарамановтың естелігінде жазылғанындай, Бобылев батальоны іштен, майор Алексеевтің батальоны сырттан шабуылдайды. Алдымен Ратушаға Мәденовтің взводы кіреді. Әр бөлме үшін немістің таңдаулы СС бөлімдерімен ұрыс жеңіспен аяқталып, жаудың бір генералы, үш полковнигі мен бірнеше офицері тұтқындалады. Бұл жөнінде Маршал Жуковтың естелігінде де айтылған. Атақты қолбасшы тіке шабуыл үлкен шығын келтіргендіктен, қабырғаларды бұзып, ішке сол арқылы кіргендігін келтіреді. Ал, подполковник Царевтің марапат қағазында фауспатронмен атып, қабырғаны қақ жарған Қараманов екені айтылады емес пе? Шын мәнінде, Ратушаға жол ашқан жылыойлық жігіт екен ғой. Орта мектептің 10-сыныбына арналып, 1993 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы» оқулығында «Орал өңірінің жас офицерлері К.Мәденов пен Р.Қараманов 1008-атқыштар полкінің туын Берлин Ратушасының төбесіне тікті» деп жазылыпты. Міне, осы ерліктің өзі Рахметолла Қарамановтың Кеңес Одағының Батыры атағына лайық екенін білдірмей ме?

Жалпы, қолдағы құжаттарға қарағанда, жерлесіміздің ұсынылған марапаты әркез бір сатыға төмендетіліп отырған. Бұған дейін бірінші дәрежелі «Отан соғысы» және «Қызыл жұлдыз» ордендерін алғанда да солай болған. Полк командирлеріне өкпе жоқ, бәрін жоғарыдағылар бүлдірген. Берлин үшін ұрыста Батыр атағына ұсынылғанымен, 1945 жылғы 10 мамырда «Қызыл ту» орденін берумен шектелген. Енді осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді.

Соғыстан соң Рахметолла Қараманов туған жеріне оралып, бірнеше ауданда қаржы саласына, жоспарлау комиссиясына, ұжымшарға жетекшілік етті. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальмен марапатталды. Зайыбы Секер Сұлтанқызымен бірге алты ұл тәрбиеледі. Бүгінде олардан өрбіген немере-шөберелері бар.

Меңдібай Сүмесінов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз