Баспасөз қызметі – мекеменің айнасы

qyzmeti e1517316722863 Жаңалықтар

«Атырау-Ақпарат» медиа-мектебі қабырғасында мемлекеттік қызмет саласындағы баспасөз қызметкерлеріне арнап ұйымдастырылған «Баспасөз қызметі мен БАҚ арасындағы байланыстың тиімді әдістері» атты үш күндік семинар-тренинг нәтижелі аяқталды.

Баспасөз қызметі

Оған облыс орталығы мен аудандардан 20-дан астам тыңдаушы қатысып, баспасөз қызметі мен БАҚ арасында тиімді байланыс орнату мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі, облыстық ішкі істер, әділет, сот, қорғаныс істері жөніндегі департаменттер мен қалалық басқармалардың, Атырау облысы Дін істері басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» және 7 аудандық әкімдіктің баспасөз хатшысы мен осы қызметке жауапты мамандар шеберлік сыныптары, біліктілік арттыру, тәжірибе алмасу курсынан өтті.

Баспасөз қызметі – сол мекеменің айнасы. Дәріс оқыған лекторлар арасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлфайруз Қайырғалиева, Қазақстанның құрметті журналисі Регина Валишева, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева, «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Бағдат Ізмағанбет, «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі өкілі Қосұйым Мұқашев секілді білікті мамандар болды.

Олар «Баспасөз қызметкерінің жауапкершілігі», «Жедел және шынайы ақпарат таратуда ескерілетін қағидалар», «Баспасөз қызметінде кездесетін мәселелер және оларды шешу жолдары», «Баспасөз қызметкерінің кәсіби біліктілігін арттырудың жолдары», «Мекеме жаңалықтарының теледидарда көрініс табуы және оны ұйымдастырудағы баспасөз қызметінің рөлі» тақырыптарында дәрістер мен тренингтер өткізді.

Үш күнге созылған семинар-тренингтің қорытынды шарасына серіктестік директоры Баязи Әбдешев қатысып, сертификаттар табыстады.

«Біздің медиа-мектеп ашылған күннен бастап аймақтағы журналистика саласының дамуы жолында қызмет атқарып келеді. Жоба авторлары келешекте студенттердің теория мен практиканы ұштастыра отырып, университет қабырғасында жүріп-ақ редакциялар мен баспахананың қайнаған тіршілігімен емін-еркін араласуын, кәсіби журналистерден тәлім алып, тәжірибе жинақтауын алға қойды. Сондай-ақ, медиа-мектеп қабырғасында тек университет студенттері ғана емес, ақпарат саласындағы жас мамандар, оқушылар, жас тілшілер және т.б. ынта білдірген талапкерлер білім алуына мүмкіндік алады. Соның бір парасы ретінде өңірдегі мемлекеттік мекемелердің баспасөз хатшыларына арналған осы семинар-тренингті атауға болады. Мұндай семинар-тренингтер алдағы күндері де өз жалғасын табатын болады»,-деді Баязи Мәдешұлы.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз